Ауылдан спорт кешені салынса...

Ауыл жастарының спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін спорт кешенін салу өзекті мәселелердің бірі. Біздің Жамбыл ауылдық округінде спортқа әуес жастар өте көп. Біз, ауыл ақсақалдары осы округтен түлеп ұшқан Олимпиаданың күміс жүлдегері, даңқты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков пен Азия чемпионы, былғары қолғап шебері Досжан Оспановты әрдайым мақтан етеміз. Ендігі жерде осы әйгілі спортшылардың ізбасарлары үшін қолайлы жағдай жасалса дейміз.
Округ орталығында спорт кешенін салатын жер де бар. Бірақ, бұл жер 1997 жылы Жамбыл атындағы ұжымшар тараған соң жеке азаматтың меншігіне өтіп кетті. Бұл жерде ұжымшар тарамай тұрып, ауыл жастары футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын стадион бар еді. Кейін мұнда саялы бау-бақ егіліп, жазғы клуб салынды. Осы жерді көп жылдан бері иеленіп келе жатқан Алмас Әбілдаевтан екі гектардай жерінің жартысын спорт кешенін салуға бөліп беруін өтініп келеміз. Жер иесі келісімін берсе мұнда жазғы, қысқы спорт залын, стадион, стол теннисі алаңшасын салуға болар еді. Ауылда бұдан басқа артық-ауыс жер жоқ. Сондықтан ауылдас ағайындардың өтініш-тілегін Алмас ініміз ескерсе екен дейміз.
Құралбек СЫДЫҚОВ, ардагер ұстаз.
Жамбыл ауылдық округі, Мақтаарал ауданы.