Ел қоржынында әзірге екі алтын

Бүгінде АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында студенттер арасында қысқы универсиада ойындары өтіп жатыр. Қазақстандықтардың еншісінде әзірге 2 алтын жүлде бар.
Ел қоржынына алғашқы алтынды шаңғышы Вадим Куралес салды. Ол 15 шақырымдық биатлон сайысында мәре сызығын бірінші болып кесті. Вадим Куралестен бөлек бұл сында Александр Мухин, Кирилл Бауэр мен Бекентай Тұрлыбеков жарыс жолына шықты. 
Вадим мәре сызығына 42 минут 37,4 секундта келген. Ал, күміс жүлде норвегиялық Эрьен Монсенгке бұйырса, Куралестен 2 минуттай кеш келген француз Аксель Гарнье қола жүлдегер атанды. Ал, Александр Мухин мәреге алтыншы жетті. 
Қазақстан құрамасына екінші алтын жүлдені Даниил Васильев алып берді. Ол трамплиннен секіру сынында 257,3 ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Күміс жүлде австриялық Максимилиан Лиенхердің еншісіне бұйырды. Айта кетейік, Лиенхер біздің елде өткен Еуропа кубогі жолындағы бәсекеде жеңімпаз атанған. Бұл сында қола жүлдені тағы бір австриялық спортшы Тимон Паскаль Кахофер иеленді. 
Бұл сайыста өзге де қазақ­стандық спортшылар бақ сынаған болатын. Өкінішке қарай, Сергей Ткаченко небәрі 6-орынға тұрақтаса, Никита Девяткин 9-орыннан көрінді. 
Универсиада жеңімпазы атанған 18 жасар Даниил Васильев бұған дейінгі жарыстарында жүлделі орындардан көріне алмай жүрген еді. Ол 2020 жылы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында небәрі 9-орынға тұрақтаған. Ал, 2021 жылы әлем кубогі жарысына қатысып, соңғы орынға жайғасқан еді. Есесіне Даниил осы әлем кубогіне қатысқан тарихтағы ең жас спортшы атанған. Былтыр жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде 24-орын, Бейжің Олимпиадасында 46-орын алған-ды. 
Қазақстан құрамасы алдыңғы универсиада ойындарымен салыстырғанда Лэйк-Плэсидте сәтті өнер көрсетіп жатыр деуге болады. Мәселен, біздің студенттер универсиадада алтын жүлде иеленбегелі 6 жыл болған екен. Универсиаданың соңғы алтынын отандастарымыз 2017 жылы Алматыда алған-ды. Жеке сайыс бойынша ел қоржынына алтын жүлдені соңғы болып марқұм Денис Тен салған еді. 2019 жылы Ресейде өткен универсиада ойындарында біздің спортшылар 4 күміс, 4 қола жүлде иеленген болатын. Ал, 2021 жылы пандемияға байланысты жарыстар өтпеді.
Даниил Васильевтің алтын жүлдесінен кейін Қазақстан құрамасы медальдар кестесінде 6-орынға шықты. Жүлде біткеннің бәрін жиып жатқан Жапония, Франция, Чехиядан келген студенттер әзірге көш бастап тұр.
Пікір қалдырыңыз