Ел қорғаны – ер Төлебай

Кең-байтақ жерімізді сырт жаулардан қорғап, ел тыныштығын күзеткен батыр бабаларымыздың бірі – Төлебай Лепесұлы. Аты аңызға айналған тұлға туралы өнегелі әңгімелер мен өрнекті жыр жолдары халық ауыз әдебиеті мұраларында молынан сақталған.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Төлебай батыр – ХVІІІ ғасырда өмір сүрген. Ол – бейбіт елдің берекесін кетірген жоңғар қалмақтарына қарсы қан майданда қол бастаған сардар. Одан кейінгі кезеңде Қоқан хандығының жүгенсіздігін тоқтату үшін қаймықпай қайрат көрсеткен ержүрек тұлғалардың бірегейі саналады. Абылай ханның ақылшысы Бұқар жыраудың өлең-жырларында жоңғарлармен шайқастардың шынайы бейнелері көрініс тапқан. Сондай туындылары қатарындағы «Қабанбай батыр» жырында қазақтың көптеген батырларымен бірге Төлебайдың есімі де айтылады.

Халық ақыны Қазанғап Байболұлының (1891-1945) «Төле бидің тарихы» деген дастанында да Төлебай батырдың аты кездеседі:

«Кеңесқой он екі еді Төлеге ерген,

Шымырдан Қойгелді еді мәжіліс берген.

Сиқымнан – Мәлік, Қарабатыр, Қаңлы Қон,

Алшынбай – тамадан, Қаранар – сіргеліден,

Төлебай – қоңырат, Көтен – бөгежілі,

Іріктеп таңдап шыққан әрбір елден...».

Ел басына күн туған кезеңдерді көзімен көрген шешендер мен ақын-жыраулар мұраларында сақталған тарихи шежірелер, ұрпақтан ұрпаққа жеткен ұлағатты сөздер жетерлік. Алайда, халық шығармашылығының хатқа түсіп, жарыққа шыққан үлгілерінен гөрі ел аузында жүрген үлгілері көп. Келмеске кеткен кеңес дәуірінде өткеннің тағлымын өкше басар буынға өнеге еткен рухани жәдігерліктерді санадан сылып тастап, ұмыттыруға ұмтылыс болғаны жасырын емес. Қандай заманға тап келсе де құймақұлақ қариялар өткеннен қалған естелік әңгімелерді кейінгіге өнеге етіп, жеткізіп келді. Төлебай батыр туралы да бізге жеткен халық ауыз әдебиеті үлгілері өте мол. 

Жоңғар шапқыншылығы кезеңін суреттейтін Б.Бейісбековтің «Ақмырза әулеті» атты еңбегінде Төлебай батырға қатысты мынадай әңгіме айтылады: 

«Қазақтың тыныш өткен күні бар ма?! Құмырсқадай қырдым дегенде де жоңғардың қолы таусылмаған. Көктемгі тасқыннан бөлінген көлдей, жаудың өрекпігені басылмаған. Тұтқиылдан тыныш жатқан жұртқа тап беретін әдеті қалмаған. Іргелес қонған Қоңырат пен Дулаттың жайбарақат сәтін аңдып, түлкі аяңмен жылжыған жаудың хабары естіліп, ел етегін тез жинайды. Ағайынның дәмі тартқандай, Ашамайлының арқар садақ Қошқарбайы шағын қолымен келіп жайланып жатқан. Дабыл құлаққа жеткеннен, етек-жеңін жинаған қазақтар аттарына ауыздық салды. Қошқарбай батыр арыстандай айбатына мініп, Төлебайға түсі бұзыла қарап:

– Аһа! Көкжалым! 

Жау-әбжылан, жұтам деп келеді, 

Дүлейдей соғып, алам деп келеді. 

Ұрыс – күшімен қинайды, 

Жау – уысқа  сыймайды. 

Ханға лайық жарғы болсын, 

Ат тұяғы қанға толсын. 

Білек кімдікі болса, билік те соныкі. Бабадан қалған сары ала туды өзің көтересің. Ал, Ақсары бас! Тақымың таймасын. Туың жығылмасын! Баста! – деп арғымағына атылып мінді.

– Әруақ! Әруақ! Бала табар, қанды басыңды бері тарт! – деп Төлебай тұлпарын тебінген. Қоян қашты қимылға қаны үйренген, жалдылардың жанталасқан тұяқтарының дүбірінен дала сілкінген. Сол жолы оңынан келген олжадай, орынсыз келген «қонақтарын» ортаға қамап ойсырата шығындап, бес қарудың ашуын қанмен қайтарған еді. Осыдан кейін халық, тектісін «Ту көтерген ер Төлебай» деп атап кеткен».

Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күрес халық жадында мәңгі өшпестей сақталды. Басқыншылар бейбіт жатқан елге басып кіріп, мол байлыққа кенелуді көздеді. Елімізге қалмақтар 1723 жылдың ерте көктемінде тұтқиылдан шабуыл жасады. Қыстан әзер шыққан бейқам ел мұндай ауыр шайқасқа дайын емес еді. Күтпеген жағдайға тап болған ел басы ауған жаққа босып кетті. Бұл оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»  деген атпен қалған. Осы қиындықтан шығу үшін елдің игі жақсылары 1726 жылы Ордабасы тауында бас қосып, жауға тойтарыс беру мақсатында кеңес құрады. Осы кездесуден кейін «Қалмаққырылған» және «Аңырақай» шайқастарында  қазақ жасақтары қалмақтарға аяусыз соққы беріп, жеңіске жетті. Төлебай батырдың атақты Аңырақай шайқасына қатысқаны жөнінде де деректер бар. Мысалы, К.Аманжолов пен А.Тасболатов жарыққа шығарған «Қазақстанның әскери тарихы» (Алматы: «Білім», 1999, 312-беттік)  атты оқу құралында Төлебай батырдың жоңғарға қарсы шешуші шайқастың бірі болған Аңырақайға мың қолды алып барып, жауға соққы бергені жазылады. Сол кітапта Қараке­рей Қа­банбаймен басталып, Шапы­рашты Наурызбаймен аяқталатын жиырма тоғыз  ба­тырдың тізімі берілген. Солардың қатарында жиырма бесінші бо­лып қоңыраттан шыққан Төлебай батырдың есімі тұр  («Қазақстанның әскери тарихы» Алматы: «Білім», 1999, 135-бет). 

Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң мерзімдік баспасөз беттерінде Төлебай батырға қатысты мәліметтер жариялана бастады. «Егемен Қазақстан» газетінің 1992 жылғы 21 қарашасындағы санында  тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Рыс-байұлының «Қойгелді батыр» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Мақалада Төлебай батырдың жоңғар басқыншыларына қарсы Абылай хан бастаған жорықтарға қатысқаны туралы деректер берілген. Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінің 2003 жылғы 17 қаңтардағы №11-12 (23222) санында «Қырғыз туусы» газеті бас редакторының орынбасары Назарбек Байжігітов «Төлебай батыр» деген мақала жариялады. Автор батырдың өмір жолына фольклорлық мұралардағы деректер негізінде кеңінен талдау жасайды.

Жерімізге көз алартқан жаумен қиян-кескі шайқаста ержүректік танытқан батыр бабаларымыздың есімдерін ұмытпауға тиіспіз. Тарихта аты қалған батырлардың қай-қайсысы да ұрпаққа үлгі етуге тұрарлық. Ел қорғаны болған қаһармандар ерлік пен елдіктің үлгі-өнегесіне айналып, халық ауыз әдебиетіне арқау болды. Есімі ел жадында сақталған сондай батырлардың бірі әрі бірегейі – Төлебай батыр. 

Жоңғар қалмақтарынан жерімізді азат етіп, еңсесін көтере бастаған ел енді Қоқан хандығының құрығына ілінеді. ХVІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың басында қазақ даласының оңтүстік өңіріне Қоқан хандығы көз алартады. Қоқан хандығы тек осы аймаққа ғана емес, Жетісу мен Сыр бойының аралығындағы елге де тізе батырып, ар-намысты аяққа таптап, жасамаған зұлматы, зәбірі қалмады. Алым-салықты еселеп арттырды. Бұл аздай қазақ қыздарының абыройын төгуі халықтың ашу-ызасын тудырып, наразылығын күшейте бастады. Қорлыққа төзбеген ел ішіндегі намысты ерлер атқа қонды. Төлебай батыр да осы оқиғалардың бел ортасында жүрді.

Ел аузында Төлебай батыр туралы «Пістелі әулие» деген аңыз бар. Аңыздың жалпы мазмұны былай:

«Қоқандық алым-салық жинаушылардың көбі Төлебай батырдан қаймығады екен. Оның ержүректігі жөнінде ел арасында түрлі қауесет тарайды. Батырға шаншыса найза батпайтын, шапса қылыш өтпейтін оққағары бар дегенге жұрт сенеді. Қоқандықтар қалайда батырдың көзін құртудың амалын ойластырады. Батырды қалай өлтіруге болатын құпияны білу үшін жансыз әйелді жұмсайды. Ол әйел Төлебайдың аңқау бәйбішесін әңгімеге тартып, бар сырын біліп алған дейді. Міне осының салдарынан батыр айқас үстінде ауыр жараланып, қайтыс болады. Үзілерде ағайындарына:

– Сүйегімді Ұзын атаға жеткізсеңдер – ұзын баққа, Түркістанға жеткізсеңдер – түмен баққа жетесіңдер, – деген екен». Алайда, қиын-қыстау заманда аманаты орындалмай, батыр қазіргі Өзбекстан территориясындағы Шымқорған елді мекені маңайына жерленген. Жерлеуге қатысқан ағайындары басында белгі қалсын деп пістенің сабағын шаншып кеткен екен. Пісте көгеріп, жылда дән салып, қайта өніп шығады екен. Төлебай батырдың зираты ел арасында осылайша «Пістелі әулие» аталып кетеді.

Оңтүстік өңірдегі Бадам өзенінің Арысқа құяр сағасының жоғарғы  тұсында ерекше қорған төбе көзге түседі. Көпті көрген қариялардың айтуынша, бұл жаугершілік замандағы бекініс орны. Дәл осы жерді халық «Төлебай қорғаны», «Төлебай төбе» деп те атайды. Төбенің астында аттылы адам кіре алатын жер асты жолы болғанын, сондай-ақ, бекініс ішінде арнайы кітап сақтайтын сандықтар тұрғанын айғақтайтын деректер бар.  

Ел қорғаны болған ер Төлебай – азаттық жолында күрескен тарихи тұлға.  Батыр бабаларымыздың өмірі мен өнегелі істерін ғылыми тұрғыдан зерттеп, ұрпаққа насихаттау – біздің парызымыз. 


Баршагүл ИСАБЕК,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры,
тарих ғылымдарының кандидаты, профессор міндетін атқарушы. 

Амангелді МАМЫТ,

ОҚМПУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты, фольклортанушы.

1 пікір

  • Қойлыбекова Шынар Алтыбекқызы
    Қойлыбекова Шынар Алтыбекқызы

    Төлебай батырдың ұлы Мыңбай. Мыңбайдан туған Қойлыбектен Алтыбектің ұрпағымын. Төлебай батырдың тікелей төртінші ұрпағы болам. Жаугершілік заманда Мыңбай бабамыз мыңғырған малы бар бай болған екен. Киіндері ашаршылық заманда қызылдар малдарын тартып алып Қазақ жерін оба ауруы жайлап жер жерге бас сауғалап кеткен екен. Содан менің атам Қойлыбек пен Құлман деген екі ұлы елде қалады. Бірақ Мыңбай байдың баласы екенін ешкімге айта алмайды себебі қуғынға кететін болған екен ол заманда. Ал Төлебай батыр өлер алдында өсиет еткен екен менің қабірімнің үстінен бар малымды айдап өтіңдер қабірім жермен жексен болып кетсін. Менің сүйегімді жауларым тауып қорламасын деп. Өсиеті орындалған екен. Бүгінгі таңда Өзбекстан Науайыда жатыр деп естіп қалдым. Келесі жылы жазда іздесем деп ниеттеніп отырмын. Иншаллах Ата бабам әруағы қолдасын. Акем айтып отыратын жер асты жолы бар деп. Қәзір Ордабасы ауданы Ақжол ауылының маңында Мыңбай құдық деп аталып кеткен жер бар. Құдығы бар әлі. Орлалы жыланыда әлсін әлсін көрініп тұрады екен. Төлебай төбе деген жерде бар. Әкем көп айтатын.

Пікір қалдырыңыз