Олимпиадалық спорт залдары ашылды

Шардара ауданында «Шардара армспорт» клубының демеушілігімен олимпиадалық спорт түрлеріне жататын бокс, дзюдо, таэквондо және каратэ залдары ашылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, спорт ардагері Мұсырманқұл Дәуренов және ауданның белді спортшылары мен жаттықтырушылары қатысты. Аудан әкімі спортсүйер қауымды құттықтап, аудан әкімдігі атынан бағалы сыйлықтар табыстады.

«Баршаңызды бүгінгі олимпиадалық спорт түрлеріне арналған залдардың ашылуымен құттықтаймын. Шардара ауданы – әлемге аты шыққан чемпиондардың мекені. Бұл жетістік – мемлекеттің спорт саласын қолдауы, ауданымыздағы жаттықтырушы азаматтар мен спортшылардың қажырлы еңбегі. Аудан әкімдігі сіздерді әрқашан қолдауға дайын. Алдағы уақытта ауданымыздан Олимп шыңын бағындырар спортшыларымыз көп шықсын деп тілейміз. Біз сіздерге сенеміз! Біздің мақсат – олимпиадада жеңіске жету» деді Қайрат Жолдыбай. 

Айта кетейік, 2022 жылы Шардара ауданынан 37 әлем чемпионы, 71 Азия чемпионы және 89 республика чемпионы шықты.  

Пікір қалдырыңыз