Шардара су қоймасы: апатты су қашыртқысы салынуы керек!

Сырдария өзенінің жоғарғы ағысының күшеюінен Шардара су қоймасына тасталған су мөлшері көбеюде. Соңғы күндері су қоймасына тәулігіне 42 млн. текше метр су келіп, қойманың төменгі ағысына секундына 1011 текше метр су босатылуда. Бұл қойманың мерзімінен бұрын толуына әкеп соғып, апаттық жағдайдың болу тәуекелділігін арттырып отыр. Су шаруашылығы саласының мамандары стратегиялық маңызы бар Шардара су қоймасындағы қауіпке Үкімет назарын аудару  қажеттігін айтып, дабыл қақты. Кезек күттірмейтін мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. 

Оған «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы Маханбет Жазықбаев, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Күлән Қожамқұлова, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазбек Бедебаев қатысты. Облыс әкімі маңызды мәселеге байланысты сараптау жүргізуді тапсырды. 
Сырдария өзенінің бойында орналасқан Шардара су қоймасы осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Қойманың жалпы сыйымдылығы – 5200 млн. текше метр. Қазіргі таңда мұнда 4 млн. текше метрден астам су бар. Көксарай су реттегішіндегі су көлемі де көбейген. Шардара су қоймасында апаттық жағдай орын алған жағдайда дарияның төменгі бөлігіндегі 34 мың тұрғыны бар 22 елді мекенді су басып калу қаупі бар. 
Осыған байланысты «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының басшылығы бірнеше ұсыныс тастады. Сала мамандары Түркістан облысында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіп-қатерлердің алдын алу үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне наурыз айына дейін «Шардара» су қоймасының толуын 70%-дан (3 600 млн. м3) асырмау және «Көксарай» су қоймасын 1600 млн. текше метрден асырмау керек деп санайды. Қауіптің алдын алу үшін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан мәселені мемлекетаралық келіссөздер арқылы шешуге ықпал жасаудың маңыздылығын алға тартты. Су шаруашылығы саласының мамандары су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апаттық жағдайдың алдын алу жөнінде Үкімет деңгейінде штаб құрудың маңыздылығын көтерді. Аталған мәселелер бойынша Үкімет пен тиісті министрлікке хат жолданды. 
Басқосуда осыдан екі жыл бұрын су астында қалған Мақтаарал ауданындағы жағдай айтылды. Мәселен, екі-үш жыл бұрын жарылған Сардоба су қоймасында 900 млн. текше метр су жиналса, «Шардара» су қоймасының көлемі одан 5-6 есе үлкен. Сондықтан шұғыл түрде Шардара су қоймасының жанынан апатты су қашыртқысы салынуы қажет деп есептейді мамандар.
Пікір қалдырыңыз