«Өлеңімнен өзге байлық сұраман!» деп жырлаған ақын Исраил САПАРБАЙ 80 жасқа толды

Исраил Сапарбай өлеңдерін оқығанда құлағыңа түу алыстан бір әсем әуен естіліп тұрғандай болады. Қай ортада отырғаныңа қарамастан әлгі әсем әуен бір бейианыс әлемге жетелегендей болады. Тағы қандай әуен десеңізші! Сағынышқа, мұңға, махаббатқа толы тәтті әуен. Иә, ақынның мұңы – тәтті мұң. Алдымен сыр айтады, сосын аздап мұңайтады. Соңында ақындақ оттай ыстық құшағына басып жұбатады. Кейде еркелетеді, сөйтеді де өмірді көркем етеді. Бұл – өлеңнің адам баласы түсіндіріп бере алмас құдіреті!
Ақын Исраил Сапарбай – махаббат әмірлік ететін әсем әлемнің мәңгілік тұрғыны. Ол жүректерді өлеңмен, әнмен тербеген, жаралы жанды қасиетті сөзбен емдеген, «Періштеге ғашық» сан қырлы талант иесі. Әбіш Кекілбайдай абыздың сөзімен айтар болсақ, «Ақын еңбегінің жалғыз өлшемі – оның адам жүрегіне қанша жақындай алғаны». Ол өлеңі мен әуені арқылы жүректерге жол тартқан рухани бай адам. Содан болса керек, ақын батыл үнмен:
Халқым барда, әл-дәрменім – дін-аман,
Өлеңімнен өзге байлық сұраман!
Келбетінде періштенің кейпі бар,
Жер бетінде жүріп жатыр бір адам! – дейді. Өзі де осы ұстаныммен өмір сүріп келеді.
Өзіне әр кез жоғары талап қойып, оның орындалуына өте жауапкершілікпен қарайтын ақын аға еңбекпен бала кезінен дос. Ел басына күн туған ХХ ғасырдың отызыншы жылдары күнгейдегі Қандөзден шекара асып Самарқанға тұрақтаған әкеден тым ерте айрылған ақын ана махаббатына бөленіп өскен. Кім білсін, Исраил ақын әлемге махаббат сәулесін шашып жүрер ізгі қасиетті бәлкім анасынан алған болар?! Қиындыққа, жоқшылыққа, аштыққа қарамай, сан сынаққа сағы сынбаған алып ана құрсағына біткен сегіз перзенттен аман қалған төртеуді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қағып, ел қатарына қосады. Өмірден ерте кеткен ақын ағасы мен әдебиет пәнінен сабақ берген Елтай Ермағанбетов мұғалімін ұстаз тұтқан батыр ананың ақын ұлы 1962 жылы арман қуып, Шымкенттегі мұғалімдер даярлайтын педагогикалық институтқа оқуға түседі. Күні кеше ғана 85 жылдығын тойлаған қазіргі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде оқып жүріп Мырзай Алтынбекова, Зейнеп Сәдуақасова, Мүсілім Қожықов, Ноғайбай Айғабылов, Рақым Барлыбаев, Әдіхан Ақабаев, Шәмшәт Әлібеков, Мухиддин Сражиев, Керімбек Сыздықов, Фатих Фаткулин, Әмір Мұсақұлов сынды ұстаздардан дәріс алады. «Сыр сандық» деп аталатын әдеби бірлестіктің белді мүшесі атанады. Мұхтар Шаханов, Нармахан Бегалиев, Мамытбек Қалдыбай, Молдахмет Қаназ, Ханбибі Есенқарақызы, Әбілдә Аймақ, Бақытжан Алдияр, тағы да басқа қаламгерлер түлеп ұшқан, негізін Әбіш Байтанаев қалаған «Сыр сандық» бірлестігі Исраил ақынның да қанатын қатайтып, 1969 жылы ұядан ұшырады. Ұстаздары артқан үмітпен биіктерге самғаған ақын ұл содан беріде тек қияға өрлеп, шыңдарды бірінен соң бірін бағындырып келеді.
Институтты бітірген соң еңбек жолын облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілші болып бастап, түрлі қызметтерді абыроймен атқарған ақын Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, соңыра сексенінші жылдардың басында Алатауға біржола қоныс аударады. Рухани ұстаз ғана емес әке тұтатын Сырбай Мәуленов пен Қасым Қайсеновтің ақындығы мен батырлығын өзіне үлгі тұтады. Өлеңнен «ой орманын» тұрғызған Қадыр Мырза Әлі мен қазақтың тамаша лирик ақындары Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Қабдікәрім Ыдырысовтар ақынға рухани аға болады. Өмірмен ерте қоштасса да артына өлмес мұра қалдырған Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев, Жарасқан Әбдіраш сынды қазақ поэзиясына құбылыс болып келген таланттармен дос болады. Бүгінде ақынның өзі де орта буын мен жастарға ақылшы аға.
Ақиқатқа ең жақын адамдар – ақындар деп білетін Исраил Сапарбай не жазса да шынайылықты ту етіп келеді. Алғаш рет 1975 жылы «Көктем тынысы» деп аталатын ұжымдық жинаққа өлеңдерін әбден іріктеп, сарқа сұрыптап барып берген ақын өз туындыларына әр кез сын көзбен қарап, шыққан биігінен төмендемеуді мұрат тұтады. 1976 жылы отыз бес жасында жарыққа шыққан «Аққу арман» жинағынан басталған поэзияға сапар қырыққа толғанда әдемі әуенмен, елуге келгенде драматургияға ұласты.
Ең алдымен өзін ақынмын деп есептейтін Исраил аға «Ақын болсаң бәрін білуге тиіссің, білмесең – білуге тырысуға тиіссің!» деген пікірді ұстанады. Сопылық ілімді он екі жыл зерттеген, Шығыстың атақты шайырларының шығармаларын тауыса ішіп, «Мәлике және оның мың бiр сауалын» қазақшаға аударған қаламгер рухани бай. Қадыр ағасындай білімдар болуды мақсат етіпті. Содан шығар, әлі күнге дейін көп оқиды. Ізденісін тоқтатқан емес. «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығы мен «Парасат» ордені – мол еңбектің жемісі. Одан бөлек, Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты. I.Жансүгіров атындағы сыйлықтың және Ж.Жабаев атындағы халықаралық сыйлығының иегері. Өзі өскен өлкенің және Шымкент қаласының құрметті азаматы.
Ұлы жұрт, Ұлан-ғайыр, Ұлан дала.
Жетеді қыранға да, құланға да!
Қазанның тұтқасына ие болған,
Қазақтың несібесі бір Аллада!
деп жырлаған ақынға Шәмші Қалдаяқов «Мұхтар (Шаханов) екеуің де ақынсыңдар, ән де жазасыңдар, менің жолымды жалғастырыңдар» деп аманаттап кеткен екен. Аманатқа адалдық танытқан Исраил аға қазірде 200-ден аса әннің авторы. Оның ішінде балаларға арналған оннан аса әні де бар. Музыкалық білімі болмаса да, нота білмесе де жүрекке ұялаған әуенді жарыққа шығарып, ол әндері халыққа жеткені ақын талантының бір қыры ғана.
«Ауылдан келген ару» атты тұңғыш пьесасынан басталған драматургиядағы соны соқпағы бүгінде даңғыл жолға айналған. «Пьесаны сахналық тілмен емес, поэтикалық тілмен, яғни өлеңнің тілімен жазатын» оның жаңалығына кей сыншылар алғашында үрке қараған. Бүгінде драматург Истраил Сапарбайдың поэтикалық пьесалары еліміздегі театр репертуарларынан берік орын алған.
«Ұлы сапардың алмағайып тұсында амалсыз ат ауыстырған, ұлы көштің соңына ілескен әр қазақ үшін ұлы сын-сынақ. Сынаққа түскен екенбіз, әрқайсымыздың белімізде бес қару болуы тиіс. «Не бел кетер, не белбеу кетер!» деп атам қазақ баяғыда-ақ айтқан. Ол бесеу не? Бүгінгінің қаруы: Ілім, Білім, Ар, Намыс және Рух! Біреуі кем болса, сол ел – міскін, мүгедек!» дейтін ақын «жан тәбетім өмірдің өзінде, одан қалса өлеңде» деп біледі.
Өлеңі ойға құрылған ақын шығармашылығы ұлт әдебиетіне ерекше түр, бояу алып келді. Лирикалық кейіпкер жасаудың хас шеберіне айналған ақын қолтаңбасына метафоралық қолданыс тән. Оған көптеп мысалдар келтіруге болады. Исраил Сапарбайдың лирикалық мені бірде сана биігінде рухпен тілдесетін дүниетанымы кең, ой тереңдігі бірден көзге ұрып тұратын парасатты жан болса, енді бірде махаббат меңдеген, сезімге шарпылған шарасыз жан. Қалай жазса да өлең өрнегіне шындық бояуын қосуды ұмытпайтын ақын шығармашылығының ерекшелігі туралы айтылған пікірлер өте көп. Соның бірі ақын Серік Тұрғынбековтің «Исраил жырын сақылдаған сары аязға, буырқанған боранға немесе долданған дауылға теңеу әбестiк болар едi. Ақын өлеңiнiң табиғатын танымау – оның бүкiл болмысына қиянат» деген пікірі ақын, сазгер, аудармашы, драматург И.Сапарбайдың жаратылысына, табиғиғатына берілген әділ баға деп білеміз. Тақырыбы сан алуан ақын шығармашылығы оқырманды әр тарапқа жетелейді.
Кісімсіген немеде кінәрат бар,
Мұрағат бар маңдайда мына қатпар...
Төсегімді төрге сал!
Төбе бидей
Төрден көрге қазақпын бір-ақ аттар!!!, – деп өзіне тән батылдықпен жырлайтын ақын енді бірде:
Басқа адаммын мен бүгін,
Басқа адаммын:
Жанарымды ашқылтым жасқа малдым.
Басылмайтын өксігі жылағанмен,
Ашылмайтын есігі тасқамалмын.
Көлгірсіген көбік сөз кімге керек?
Кешегіден бүгінім мүлде бөлек.
Нәрестедей нәрәнжу жүрегімді
Кімге бөліп,
Берейін кімге бөлеп?
Жазмышымның бедері – Таңбалытас,
Көзден таса қалмайды тастағы ӨЛЕҢ!.., – деп мұң шағады.
Ал, енді бірде «Достан да, дұшпаннан да қалған көңіл, Аңсап жүр аққулы әуен, арман көлін...» деп сыр шертеді. Драматургияда да, поэзияда да, музыкада да мұң мен ойды серік етіп, «өмірдің өзі бір тамшы көздің жасындай…» деп білетін Исраил Сапарбай өнер тәуекелсіз өрге жүзбейді деп есептейді.
«Ақынның ең үлкен бақыты – өз әлемін жасап алу» дейтін ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбай – сексеннің сеңгіріне шыққан бақытты адам. Тегіміздің бір болуы ғана емес, өлеңге деген құштарлық рухани туыс еткен ақынға мықты денсаулық тілейміз! Көңіл көкжиегінен көктем, жанарынан жаз ажырамай, жазары таусылмай, аман-сау жүре берсін дейміз! Сүйікті университетінің ізін басып келе жатқан ақын ағамен білім ордасының ғасырлық тойында кездесуді жазсын дейміз де!.
ҚАРЛЫҒАШ САПАРБАЕВА,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты.
Ақерке
Лирик ақынның шығармашылығы жасай берсін!