Ұлтын сүйген жүрек үні

Жазушылық тағдыр – аты-атағына қарап кісі қызықпай қала алмайтын, азабына қарап кісі қызығуға болмайтын, керек болса адам баласы аяйтын тағдыр. Әрине, әңгіме шын болмысты шынайы жазушы хақында. Әйтпесе қасқыр терісін жамылған қой секілді жазушы атын малданып, жұрт оған алданып жүрген жайт жетерлік. Ал, біздің әңгімеміз – шынайы суреткер жайында, сондай шын жазушының бірі – Дулат Исабекұлы хақында.

«Адам аяйтын», «кісі қызықпайтын» деген сөздер сезімді әсіре ауырлату үшін айтылып отырған жоқ. Расы сол! Жазушы пақыр түн ұйқысын төрт бөліп ойланып-толғанарын қайтерсің. Шығарма жазғанға дейін де, жазып болғаннан кейін де бір тыным жоқ. Сөйтіп бар өмірін әдебиетке арнайды. Азын-аулақ қызығы да болар, ал, жынды адамдай өмір бойы өзімен-өзі болып өтетін азабы қаншама?! Шынтуайтында жазушыны қасындағы жары да түсіне бермеуі әбден мүмкін. Белгісіздікті зерттеу, белгілі шығарма жазу, соңына бірдеңе қалдырып өту өмірден… Сөйтіп жүріп өмірге әкелген шығармасы өзінен бұрын өле ме, әлде артында қалып, кейінгі ұрпақпен жүздесе ме, кәдесіне аса ма кейінгі ұрпақтың? Жоқ па? Мәселенің ол жағы өзгеге де, жазушының өзіне де жұмбақ. Әйтеуір әурешілік. Ал, қызығып көріңіз жазушылық өнерге!
Орыс әдебиетінің  «алтын ғасыры» атанған ХІХ ғасырдан бізге «классик» атымен  бес-алты ғана адам жетті. Қалғандары қайда?  «Кеңестік» жетпіс жыл көзкөрген әрбір көңілде ащы запыранын  қалдырып, қарасын батырғалы қащан?! Тураған еттей ай таусылып, бұлыңғыр тартып ХХ ғасыр да өтіп кетті ғой. Жетпіс жылдағы  жеті жүз жазушыдан ертеңге (ХХІ-ХІІ ғасырға) жеті жазушы  бара ма, жоқ па? Ойлану керек. Дүрмекпен келіп, дүрмекпен өтіп бара жатқандар қаншама?! Қызметін бұлдап жазушы атану, жүгіріп шығармасын өзге тілге аударту, бір жылда жиырма жазушы дүниеге келіппіз деп күпіну – пендешілікке жарасқанымен, өнерге жараспайды. Лайымда  бәрі тарих назарына іліксін. «Болмасын деген оңбасын» (Б.Кенжебаев).  Біз-ақ қателесейік. Ал, енді жазушылық тағдырды аямай көріңіз!
Алайда, көп қолпашты тыйып, үлкенді-кішілі жазушы жүзіне қайта-қайта үңіліп, «осы кім?» – деп ойланарлық сәтте тұрмыз ғой қазір. Көпшілік сүйіп, көпшілік ұнатқан жазушы Исабеков Дулат шығармашылығына да осы ой өзегімен қарағым келеді.
Дулат Исабеков – жазушы. Бұл, әрине, дәлел тілемейді. Өзі де солай сезінеді, өзге де солай қабылдайды.  Қала берді, 
Ш.Елеукенов, Ә.Кекілбаев, 
Р.Нұрғалиев, Т.Тоқбергенов, 
Н.Ровенский, П.Ульяшов, Н.Оразов, А.Балажанов секілді жазушы, сыншы, оқырман пікірлері де осы тоқтамды айтқан. Д.Исабеков шығармаларын қадағалай оқып, білген-түйген пікірін айтқан әдебиетшінің бірі – мен. Дулат қандай жазушы? Қайсымыз қай қырынан таныдық? Әдеби қадам қалай басталды? Қаламгер қай жерде келеді, не берді, не береді? Міне, бүгінгі жауап іздейтін сұрақтар нобайы.
Дулат Исабеков – әдебиетке сезімдар лирик жазушы райында келді. «Бекет», «Гауһартас» секілді повестері, бірсыпыра әңгімелері осы ойдың садақасы. Іле философиялық арнада бағына ізденіс жолында оған ұлы Ф.М.Достоевский жолықты. «Орыстың ауру жаны» атанған Достоевский ағайынды Манндардан бастап Европа әдебиетіне мейлінше ықпал жасаған сәт еді ол. Ықпалды күш иесі – жалғыз Достоевский емес, Ницше, Фрейд секілді философ, психологтар да болатын қабатында. Жас Дулат Достоевскийге қаламгерлік Һәм философиялық мектеп қалыптастырып Европадан қайтып келе жатқан бетінде жолығып, сабақ алды. Ұлы жазушы сабағын алуы – оның «Ақ түндер» романын аударып, өзгелер аударған Достоевский шығармаларын ащы талдауы ғана емес. Бұл да ізденіс кепілі. Алайда үйреніс үлгісі – «Мазасыз күндер», «Пері мен періште», «Тіршілік», «Сүйекші», «Дермене» секілді лирикалық, философиялық повестер. Аталмыш шығармалар қазақ әдебиетіне тосын сарын әкелді. Орыс тіліне аударылып өзге аудиторияларға еркін жетіп жатты. Біреу түсініп қабылдады, біреу аңтарылып қарады. Расында да «социализм зәулімін» тұрғызып, коммунизмге бет алып бара жатқан қоғам оқырмандары үшін тағдыр илеп тастаған тірі өлік жандар жайында жазу, бір түрлі тосын еді, оқырмандардың тосырқайтын реті бар еді. Енді біліп жүрміз, Дулаттың философиялық повестеріне, олардағы өлімсек кейіпкерлерге біз нақты қоғамда өмір сүретін нақты затты адамдар ретінде қарап келген екенбіз. Шынтуайтында жазушының ол шығармаларда ауыр тағдыр иелерін қазақтың өткеніне сілтей отырып қара бояу жаққыштаса да бүгінінен ой сабақтағанын, нақты кейіпкерді бейнелей отырып адамдық болмысты әдеби-философиялық жинақтауға түсіре суреттегенін аңғара бермегенбіз.
Сөйтіп, Дулат Исабековтің жазушылық қадамындағы алғашқы белең Ф.Достоевский мектебінен басталған, ұлы жазушы мектебінде сабақталған. Үйреніс текке кеткен жоқ, «Сүйекші», «Тіршілік», «Дермене» секілді формасы шып-шымыр, мазмұны байтақ, ой айту мәнері ширақ қызықты повестер қазақ әдебиеті қазынасына айналып отыр. Жазушы қаламынан шыққан Кеңкелес атанған Тұңғыш, Киеван атанған Молдарәсіл,  тағдыр тәлкегіне ұшыраған Қыжымгүл, қартайғанда қайғы қабырғасын қайыстырған Тоқсанбай, жалмауыз Омаш, тоңмойын Ыбыш секілді ірі характерлер тұлғаланып қалды әдебиетте. Ойланып көрейікші, Дулат кейіпкерлеріне ұқсайтын екінші бір кейіпкер бар ма, қазақ әдебиетінде? Жоқ. Сол  «жоғының» өзі жақсы. Әдебиетті ұқсас кейіпкерлер емес, бір-біріне ұқсамас кейіпкерлер жасайды. Ұқсас кейіпкерлерден ұқсас туынды ғана келеді өмірге. Ондай шығармалар да аз емес қазақ әдебиетінде.
Жазушы тағдырында қызық жай бар. Қазақ жазушылары өзіміз тіршілік еткен уақыт шындығын (кеңестік шындық деп те жүрдік) жамырай жаза бастағанда Дулат жұрттан жырылып қайдағы бір қайғысы мол, қара бояулы болмысқа барып кірді, қайдағы бір өмірде жолы болмаған «қияли» тағдырлар жайында қалам тербеді. Бүгінгі күн шындығы хақында жаза қалғанда («Дермене») да адамның адамға көрсеткен зәбірі, азабы, өмірдің опынды сипаты жайында жазды. Енді келіп «кеңестік шындық» опа бермесін білген қазақ жазушылары ұйқыдан оянып тарих қойнауына тереңдеп, тарихи шығармаларға жаппай ден қойғанда Дулат, шартты тарихи тақырыпты тастап, бүгінгі күн шындығына келіп килікті. Саналы әрекет жемісі ме? Жоқ па? Кім білсін. Әйтсе де Дулат Исабековтың осы әрекетінде шын жазушылық болмыс бар. Неге десеңіз, жазушылық желдің өтінде жасалатын жұмыс.  Жазушылық – өзіне жайлы болу емес, өзіне керек болу емес, жазушылық – қоғамына жайсыз болу, халқына жайлы болу, өзі қорлық көру, халқына шындықты сезіндіру, халқына керек болу, халыққа керек болсам деген арман – жазушылық! Қай тақырып табысты, қай жанрға ақша жақсы төленеді деп жанрды кебіс ауыстырғандай ауыстырмай, қайда керегірекпін деп жүректің жетегімен, ар-ұяттың әмірімен өріс өзгертіп жүрген Дулат Исабеков әрекетінен әрі азаматтық, әрі шынайы халықтық қаламгер болмысын көргендей боламыз. 
Бүгінгі күн тақырыбына оралу қиын-ақ. Өмірді зерттемей, қым-қуыт өзгерісті білмей қалай жазасыз? Ал, тап қазір бүгінгі өтіп жатқан өмірді зерттеп, сәт сайынғы өзгерісті көңілге түю – қиынның қиыны. Қазақ жазушыларының соңғы кездері публицистикадан өзге жанрға қол ұра алмай жүрген аңтарылысын (тіпті дағдарысын) өз басым осылай түсінемін. Міне, осындай қиын-қыстау сәтте Дулат Исабеков «Ай–Петри ақиқаты», «Социализм зәулімі», «Ескі үйдегі жаңа қоныс», «Ескерткіш», «Конфронтация», «Қараспан процесі», «Есеп шот, түйетауық және домино», «Талахан-186» секілді көркем әңгімелерімен қайта құру аталатын жаңарған уақытқа ілесе алған санаулы жазушының бірі болды. Уақыттың жаңаруы, бір жағынан, Дулат Исабековтың рухани ізденіс өрісін Достоевскийден ойыстырып  орыстың екінші бір ұлы жазушысы – Гоголь ауылына ауыстырған сәтімен сәйкес келе кетті. Қазақ халқының соңғы он бес – жиырма жылдағы тән тозуы мен жан тозуы – Гогольдің ұлы Ресейді көзінен қанды жасын ағыза отырып, тілім-тілім жүрекпен өлтіре шенеуіндей қатынасты қажет еткен-ді қаламгерлерден. Күле отырып – жылау, жылап отырып – күлу ғана лайықты еді біздің бұл өміріміздің  шындығын ашуға. Өйткені  тумысынан дана, табиғатында бала, алаңсыз ақкөңіл, сондықтан да аңғал қазақ халқы кеңдіктен – кемдік, жомарттықтан – таршылық, аңғалдықтан – апат, нарлығынан – нәубет, қасиеттілігінен – қасірет тапты бұл жылдары. «Адамның қалуы үшін адам болып» (Ш.Айтматов) дегендей дана халықтың дарақыланып тозып кетпей, халық болып сақталып қалуы үшін көзіндегі шелді алуы, көңілдегі шерді ашуы, сөйтіп қаумалаған қасіретті көрсетуі керек еді. Дулат Исабековті  бүгінгі күн тақырыбына жетелеп әкелген де міне, осы азаматтық, қаламгерлік міндет, ұлтын сүйген үлкен жүрек.
Халық – қасиет. Халық бойындағы мінді домбыраны сабалап тартқандай, айқайлап айтсаң ол өкпелейді, суреткерлік арзандайды. Суреткерлікті айқай-публицистикаға айналдырып арзандатпай, халықты назаландырмай, сары майдан қыл суырғандай  ептілікті  жазушы аталмыш әңгімелерінде қолайымен, сәтімен тапты. Халық қасіретін олардың өз әрекеті арқылы бейнелеп көзіне көрсетті, онда да күлдіре отырып көрсетіп, еңіретіп жылатып кетіп барады,  Дулат. Заманауй тақырып  ауанындағы әңгіме, пьеса, киносценарийлердің трагедиялық ыңғайда шығу сыры да осыдан.  Достоевскийлік  ауыр тағдыр азабы, гогольдік күлкі қуаты Дулаттай жазушы бойында құлай табысып, құп жарасып жеміс берген сәт, міне, осындай.
Дулат Исабеков мейлі өткен күн тағлымын айтсын, мейлі бүгінгі күн шындығын жазсын, қайда да, қашан да – шынайы суреткер. Айтарын характерлер арқылы бейнелей айтады, жазарын көркем детальдарды ойната құбылтып жазады, шығармаларының көркемдігі  жұтынып, композициясы дөңгеленіп шып-шымыр шығады. Қазақтың кешегісінен бүгініне ойыса жазатыны секілді шағын жанрдан аралық жанрға (повеске), повестен әңгімеге еркін ауысып кете барады. Мейлі тақырып алмастырсын, мейлі жанр жаңаласын жазушы бойынан еркінсіп келе жатқан өскелең суреткерлік табамыз, табамыз да  қуанамыз. Оның ілгеріде аталған «Сүйекші», «Тіршілік», «Дермене» повестері мен жаңарған уақытпен жарыса туған бертінгі (аталған) әңгімелерін қазақ әдебиетінің классикасына жатқызуға әбден болады.  Бұл туындылар Дулаттікі ғана емес, халықтікі бүгінде. Бүгінге ғана емес, ертеңге де қызмет етеді бұл туындылар. 
Қаламгер қарасөзі хақындағы әңгіме тек сәтті сабақталуға тиісті емес. Өз басым әдебиетші ретінде жазушының алғашқы әңгімелерін, «Бекет», «Мазасыз күндер» повесін, «Қарғын» романын қапысыз қабылдай бермеймін. Таратып айтсақ шеберлікке шәк келер бірсыпыра әңгіме. Аталған шығармалар шынайы суреткерді дайындаған фактор, есейтіп, өсіріп салған бала шақтың, балаң шақтың ескерткіші деп білемін.
Сахнаға арнап драматургия жазған, шығармалары экраннан киноға айналып сөйлеген, новелласы повеске, әңгімесі пьеса, кинодраматургияға ұласқан жазушының бірі де біре-
гейі – Дулат Исабеков. Оның драматургиялық, кинодраматургиялық туындыларын қолжазбасынан оқыған, сарапшы ретінде пікір айтқан, көрермен ретінде қызықтаған жайымыз бар. Шоғыр ішінен шоқтықтысы – «Ескерткіш» болар, сірә. Ал, кино жайына келер болсақ, Дулат шығармалары бойынша жасалған көркем картинаның бірде-біріне көңіл толған емес. Сөйте тұра Дулат Исабековтей шынайы суреткердің әр шығармасынан, бар шығармасынан келешекте кино түсірілетініне көңіл сенеді. Ол үшін киноның оқуы өтіп кеткен «оқымысты» режиссерлерден құтылу керек, ол үшін жалған бедел жеткіліксіз, қазақы білім керек, ол үшін әдеби туынды кино жетегіне ермей, кино әдеби туынды жетегіне еруі керек. Сонда Исабеков шығармаларының экрандағы бағы жанады.
Ер жасына келген есептегі кезеңде Д.Исабеков шығармашылығы жайында есем кетеді демей еселей-еселей пікір айтуға болады. Қызығу болмаса қызғаныштың уақыты емес қазір. Сондай-ақ сөздің емес, істің уақыты қазір. Үміт азайып, өкініш молайып, қазақ қаламгерлері дағдарыста тұрған сәт қазір. Қапысыз қаламгер болмақшы емес. Замананың осыншалық құбылып кеткені оны да ойландырар. Қаламның соңғы кездері құлдырың қақпай, сараң сөйлеуі де  содан шығар бәлкім. Алайда, қоғамдық өзгеріс дәуірлік құбылысты саралай екшеуі бірінші және соңғы рет емес суреткер жазушының. Тіпті қоғам мызғымай орнында тұрғанда да жазушы жүрегі мазасызданып «көтеріліс жасап» жатары хақ. Осындай бір қоғамдық жаңару тұсында француздың ұлы жазушысы Альбер Камю: «Жауапкершілігі жоқ жазушылық уақыты өтті. Біз үшін қолайлы сәттің өткеніне өкінеміз. Сөйте тұра біздің жағдайымыздың қиындауы – біздің ақиқатпен бетпе-бет жүздесу мүмкіндігімізді молайтатындықтан қиындықтың шақыруын қабылдаймыз» – деген екен. Қазақ жазушылары да тап қазір осындай қиындықты бастан кешулі. Бүгінгі дағдарыс ертеңгі кеніш кепілі болуға тиісті. Біз тоқмейілситіндей, Дулат Исабеков тоқтаған жазушы емес. Ендеше, жазушы ертеңіне сөздің жақсы мағынасында «ашкөздікпен» қарайық. Ұлтын сүйген жүрек үнін біз бүгін айқын есітіп отырмыз. Ертең де естуіміз керек...
Өйткені, Дулат Исабеков бүгінгі күннің ғана жазушысы емес, ертеңгі күннің,  әмсе алда келер уақыттың жазушысы!
                                            
Құлбек ЕРГӨБЕК.

Есте қалар есті сөз

Англияда менен «Сіз қай тілде жазасыз?» деп сұрады. «Қай тілде түс көрсем, сол тілде жазамын. Ал, түсті әзірше қазақ тілінде көремін» деп жауап бердім. Ағылшындар ондай сөзге керемет мән береді ғой. «Қызық екен» деп жазып алып жатты.

*    *    *
Әлемдік философияның өзі 20-ақ том, қазақтікі де 20 том. Ұят-ай. Баяғыда айтып едім, бізге қарағанда әлем түк бітірмепті ғой, ал, біз 20 том жасап қойыппыз. Жаза береміз, ұялмаймыз.

*    *    *
1,5 млн. халқы бар, жерінің көлемі Алматы облысындай  ғана Эстонияның өзі Еуропаның қақ ортасында отырып, баяғыда-ақ ассимиляцияға ұшырап кететін халық еді. Бірақ, әлі күнге эстон тілінде сөйлейді.

*    *    *
Бізде не көп, мұнай көп. Сондай мұнай өңдейтін зауыттар бізде салынуы керек еді ғой. Өзбекстанда ештеңе жоқ болса да, бәрі бар. Ал, бізде бәрі бар, бірақ ештеңе жоқ.

*    *    *
Ашынған адам – тобыр. Бір қозғалғаннан кейін тоқтамайды... Біз тобырды өтірік алдау, жалған айту арқылы өзіміз қолдан жасап алғанбыз. Біз ұрлыққа түскен адамды соттаймыз, бірақ ол ұрлыққа неге түскенін айтпаймыз. Оған терең үңілмейміз. 

*    *    *
Жалпы, жазушы – қоғам сыншысы. Қоғам туралы бірде-бір сыни пікір айтпаған, өзінің азаматтық ұстанымын көрсете алмаған жазушыны зиялы санай алмаймын.

*    *    *
Қазақ ешқашан саудагерге немесе банкирге еліктемеген. Қазақ балалары батырға, биге, қысқасы, әділдік үшін күресетін ұлы тұлғаларға қарап бой түзеген. Әттең, ұрпақ тәрбиесінде осы жағымыздан ақсап тұрмыз. 

*    *    *
Қазақтың санын қайткен күнде де көбейту керек. «Қазақстан– 2050» деген ұранға 2050 жылы 50 миллионға жету керек дегенді де қосу керек шығар. Ақыры біз орындалмайтын жоспарларға құмармыз ғой.

*    *    *
 «Қазақ жалқау, қазақ мақтаншақ» десең «Иә»  деп отыра береді. Ал, егерде қандай да бір руды солай айтсаң, орындарынан атып тұрып, төбелесіп кетеді. Рудың намысы, ұлттың намысынан биік болған заманға келіп тұрмыз.
Пікір қалдырыңыз