«Науқастарды емдеу есіктен кіргеннен басталады»

Серікқали Жексенбаев, «Ońtústik Qazaqstan».

Ерғали Әлімбаевтың Леңгір қалалық емханасына бас дәрігер болып тағайындалғанына екінші жылға аяқ басты. Төлебиліктердің көпшілігі жақсы дәрігер деп мақтайтын Ерекеңнің алдында отырмын. Сөзіңді қалай мұқият тыңдаса, әңгімені де соншалықты байыппен айтады екен.

Ерғали 1986 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіріп, Шымкент қаласындағы облыстық ауруханада хирург мамандығы бойынша бір жылдық интернатурадан өтеді.  1987-1989 жылдар аралығында медициналық училищеде хирургия пәні бойынша дәріс оқып, бір мезгілде «Фосфор» ауруханасында қосымша жұмыс істеп, теориялық білімін практикамен ұштайды. Кавказ әскери округінде азаматтық борышын өтеп, жергілікті әскери операцияларға қатысқан. Республикалық Ауғанстан және жергілікті соғыс қимылдарына қатысушы ардагерлер  одағының мүшесі. 

1991 жылдың сәуір айынан 2002 жылға дейін Арыс аудандық орталық ауруханасында хирург болып істеді. Осы жылдары Арыс қаласының әскери комиссариатында әскери медициналық комиссияның аға дәрігері қызметін қосымша атқарды. 2002 жылы Арыс қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Кейін Арыс қалалық медициналық бірлестігін басқарды. 2009 жылдан 2021 жылға дейін Арыс аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері қызметінде болды. Медицина ғылымдарының кандидаты.

Ерғали Сәдуақасұлы қай қызметте болсын, жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен, биік адамгершілік қасиетімен дараланып, өңіріміздің әлеуметтік өркендеуіне, экономикалық дамуына сүбелі үлес  қосып келеді. Оның бастамасымен Арыс аудандық орталық ауруханасында бұрын 10 төсектік жансақтау бөлімі іске қосылып, бірыңғай ұлттық жүйе бағдарламасына бейімделді. 1989 жылы іргетасы қаланған перзентхана ғимаратына 21 жылдан кейін  реконструкция жасалып, 209 төсектік көп бейінді аурухана пайдалануға берілді. Сөйтіп, Үкімет қазынасынан 2 миллиард теңгеден астам мемлекет қаржысы үнемделді. Бас дәрігердің бастамасымен және жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша Монтайтас елді мекенінде 20 төсектік ауылдық аурухана ашылды. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде дәрігерлік амбулаториялардың, фельдшерлік-акушерлік бекеттердің салынуына ұйытқы болды. Монтайтас елді мекенін қызыл су шайып кетіп, апатты жағдайда қалғанда Е.Әлімбаев басқаратын алғашқы медициналық көмек көрсету қызметі тұрғындарға шұғыл жәрдем жасады. 2009 жылы 20 наурызда «КазАрсенал» ЖШС-нің оқ-дәрі қоймасында жарылыс орын алғанда да Ерекең өзін білікті ұйымдастырушы ретінде таныта білді. 

Е.Әлімбаев медицина саласында ауруды емдеудің озық технологиялары мен тың тәсілдерін енгізбейінше жоғары нәтижеге жету мүмкін емес екенін жақсы түсінеді. Ол – алғашқы тромболизсті жүрек қан-тамыр ауруына шалдыққан науқастарға кеңінен қолдануды жақтаған алғашқы мамандардың бірі. Облыс бойынша ерте жастағы балаларды бірлесе емдеу тәсілі (ИВБДВ) және «Ерте жастағы балалардың даму» (РДРВ) халықаралық бағдарламаны алғашқылардың бірі болып өндіріске енгізген білікті маман.

Ерекең Леңгір қалалық емханасының басшысы міндетін атқаруға кірісе салысымен емханаға қажетті білікті, тәжірибелі медициналық қызметкерлерді іріктей білді. Қысқа мерзім ішінде ол басқаратын ұжым оң өзгерістерге қол жеткізуде. Атап айтқанда, ол өз есебінен ғимараттың ауласын көғалдандыру жұмыстарын жүргізді. Бүгінде емхананың гүлзар бағы сонадайдан көз тартады. Демеушілер тауып, емхана аумағына автотұрақ жасатты. Леңгір емханасына қарасты Аққұм ауылының дәрігерлік амбулаториясына және Жаңаұйым, Тоғыс шахтасы елді мекендеріндегі  фельдшерлік-акушерлік бекеттерін ағымдағы жөндеуден өткізді. Бұл жұмыстар көп уақыттан бері қолға алынбаған еді. Шатыры, есік-терезелері ауыстырылып, едендеріне линолеум төселді. Ғимараттар қазір табиғи газбен жылытылады.

Денсаулық сақтау саласындағы көп жылғы қажырлы еңбегі елеусіз қалмады.  Ол ҚР Президентінің Жарлығымен «Шапағат» медалімен және «Құрмет» орденімен  марапатталған. Өңірінде бұдан басқа «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медальдары, «Төтенше жағдайдағы адал еңбегі үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық ісінің үздігі» және басқа да төсбелгілері жарқырайды. Арыс қаласының құрметті азаматы.

– Біз жанына шипа іздеп келген науқастарды қабылдаудың мәдениетін әлі де жоғары деңгейге көтеруіміз керек. Науқасқа дәрігердің жылы сөзі де шипа. Мен Ыстамбұл мен Сеул қалаларындағы емдеу мекемелерінде болдым. Онда келушілерді сыпайы қарсы алып, жақсы ілтипат көрсетеді. Әсіресе, кореялық медициналық мекеменің қожайыны келушілерді кішіпейілділік танытып,  сәлем салған қазақтың ибалы келіні сияқты иіліп тұрады. Ал, бізде ше? Өкінішке қарай, біздің арамызда науқастарға дөрекі сөйлейтін, жөн сілтеуге ерінетін, дәлізде кездессе жол берудің орнына қағып кете жаздайтын қызметкерлер де кездесіп қалады. Біз алдымен пациенттермен жұмыс істеудің, тіл табысудың, медициналық қана емес, мәдени қарым-қатынасын қалыстастыруымыз керек. Ал, науқастың шағымын тыңдау, диагноз қою, ауруды емдеу мәселесі екінші орынға ығысуы тиіс. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, науқастарды емдеу есіктен кіргеннен басталуы тиіс, – дейді Ерғали Сәдуақасұлы.  


Пікір қалдырыңыз