1920-1953 жылдардағы Қазақстандағы дін саясаты

1920-1953 жылдардағы Қазақстандағы дін саясаты әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді. Кеңестік режим атеистік идеологияға негізделгендіктен ол кезеңде дін, діни білім, діни тәжірибе, діни таным мен діни сана туралы дәстүрлі теологиялық, тіпті дінтанушылық зерттеулер өте аз болды. Өйткені, кеңестік режимнің өзінің дінге қатысты саясаты, методологиялық негіздемесі, ұстанымдары мен идеясы болды. 

Лениннің «Еш нәрсе жоқтан пайда болмайды... сондықтан да біз қолдағы бар нәрсемен жаңа социалистік жүйені құрамыз» деген тезисі коммунизм үшін ең басты ұстанымға айналды. Жаңа социалистік жүйе құру үшін де жаңа тарихи таным методологиясын қалыптастырды. Өз мүдделері тұрғысынан тарихты қолдануда «тарихи диалектикалық материализмнің маркстік түсіндірмесін» басшылыққа алды. Бұл әйгілі «тезис-антитезис-синтез» үштігінен тұратын диалектикалық-трансформациялық тұжырым еді.
Патшалы Ресей миссионерлері тарапынан қазақ мәдениетіне, фольклорына, тіліне, әдебиетіне, мифологиясына және әдеп-ғұрпына байланысты терең этнографиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижеде ол материалдар коммунистік жүйе тарапынан қазақтардың өздеріне қарсы пайдаланылып, халықты ассимиляцияға ұшырату, дінсіздендіру, ұлттық болмыстан және рухани құндылықтардан аластату әрекеттерінде қолданылды. 
Кейіннен коммунистік партия тарапынан шешімдер, қаулылар мен үндеулер қабылданды. Алғашқы жылдары революциялық үндеулерде дін құбылысына саяси қолдау көрсетілетіндігі айтылды. Расында ол уақытта әлі компартияның құпия саясатының бет пердесі ашылмаған еді. Себебі, дін туралы көзқарасын партия көсемі В.И.Ленин 1909 жылы-ақ өзінің резолюциясында нақты білдіріп кеткен болатын. 
Коммунистік идеология платформасында «ғылыми атеизм» бағдарынан тыс сыртқы факторлардың да дін мен коммунизм қатынасына ықпал еткендігін пайымдауға болады. Мысалы, халықаралық қатынастар, екінші дүниежүзілік соғыс, халықаралық адам құқықтары ұйымдарының да дін саясатында айтулы орын алғандығы көрінеді. Бұл туралы А.Бенингсен өз зерттеулерінде кеңінен жазып қалдырған. А.Бенингсен 1932-1938 жылдары «контрреволюционер», «ағылшын тыңшысы», «жапон агенті», одан қалды британдық барлаушылар ретінде сипатталғанын ашық жазып, сол жылдары көптеген ұлт зиялыларының қуғын-сүргінге ұшырағанын деректермен дәлелдей түседі. 
Коммунистік идеологияның көздегені исламның қоғамдағы рөлін әлсірету болды. Коммунистік дінмен күрес агенттері дәстүрлі исламның құндылықтарын «ескіліктің қалдықтары», «соқыр сенім догмалары», «социализм дұшпаны» сияқты анықтамалармен түсіндірді. Коммунизм мен дін бір-біріне қайшы болды. Исламды коммунистік идеологияны қазақ ауылдарына енгізудің негізгі кедергісі ретінде қарастырған большевиктер оны ескілікпен байланыстырып, ашық күресуге бет алды. Сонымен бірге олардың жергілікті халықтың діни сенімін құртпайынша коммунистік идеялардың барлық түрлерін орнықтыра алмайтыны анық еді.
Жалпы, кеңестік кезеңді дін құбылысына қатысты ғылыми танымның спекулятивтік сипатта дәуірлеген идеологиялардың жиынтығы ретінде қарауға болады. Мысалы, әдебиет саласында «социалистік реализм», тарихта «маркстік материалистік тарихи диалектикалық» әдіснамалар үстемдік етті. Басқа методтарға жол берілмеді. Барлық сала мамандары философтар, тарихшылар және этнологтар тәжірибе жүзінде маркстік доктринаның «ақиқатын» паш етті. 

Қазақстан халқының 88,4 пайызын мұсылмандар құраған

Сол уақыттардағы мәліметтерге зер салсақ, елде 26 мыңнан астам мешіт жұмыс істеп тұрған. 1924 жылы Қазақстандағы медреселер мен теккелердің саны 2403-ге жеткен. 1917 жылғы ақпан революциясына дейін Сайрамда, Түркістанда, Ақмешітте және Әулиеатада 31 медресе болған. Семейде сол жылдары 17 мектеп және медресе жұмыс істеген. Онда 5083 оқушы сауат ашып, білім алған. Торғай облысында – 59 (457 оқушысы білім алған), Ақмола облысында – 14, Шығыс Қазақстан облысында 36 мектеп пен медресе (415 ер адам білім алған) жұмыс істеген. 1910 жылдың қорытындысына сәйкес, Жетісу өңірінде 88 медресе мен 7 мұсылман мектебі (12835 оқушы оқыған), Орал облысында шамамен 206 мектеп пен медресе болған (4926 оқушы оқыған). Қазан төңкерісіне дейін Орынбор губерниясында 104 мектеп болды, олардың 10-ы «жаңа әдісті» мектептер санатына жатты. Сонымен қатар, 94 мектеп мешіттердің жанында орналасты. 1910 жылы Қарнақта 30 мешіт және 4 медресе жұмыс істеді. 1918 жылы кеңес билігі орнаған кезде Қазақстан халқының саны 9,5 млн. болды. Оның 88,4 пайызын мұсылмандар құраған. 
Бұл жерде сандық және сапалық платформаларды берудегі мақсатымыз – Қазақстандағы тарихи, өркениеттік, діни және ұлттық болмыстық тіршіліктің сталиндік қуғын-сүргін процесінің басында қандай болғанын және үдеріс соңында одан не қалғаны туралы тұжырым жасау екендігіне назар аудару болатын. Осы тұрғыдан алғанда бұл статистика Қазақстандағы жалпы мұсылмандардың саны мен сапасын анықтауда аса қажет деген ойдамыз. 
Алғашында большевиктік өкімет бұрынғы патшалы Ресейдің отарында болған мұсылмандарға дін еркіндігін беретіндігін жариялады. Бұл, әрине, аңқау елді алдау әрі саяси ойын болатын. Патшалы Ресейде мұсылмандар православтардан кейін екінші орында тұрды. Кеңес өкіметі дінге қатысты саясатында «атеистік», «дінсіз қоғам құруды» мақсат етті. Сондықтан да большевиктер алғашқы жылдары исламға сақтықпен қарады. 
Уақыт өте келе Қазақстанда «дін мен мемлекет» және «мектептің діннен бөлінуі» сияқты құжаттар – декрет ретінде заңға айналды. Ғылыми атеизм ошақтары Алматы, Ош және Ташкент қалаларында бір кезеңдерде ашылып, өз жұмыстарын қарқынды түрде жүргізді. Осыған байланысты РК(б)П ОК – Б(б)КП-ға қарасты «шіркеуді мемлекеттен бөлуді жүзеге асыру» комиссиясы кейін «Дінмен күрес жөніндегі комиссия» деп аталды. «Кұдайсыздар ұйымы» пайда болды. Ғылым, өнер, Жазушылар одағы насихат құралы ретінде түгелдей дінмен күресе бастады. Ғылым салалары «Құдайдың жоқтығын» дәлелдеуге кірісті. Театрларда спектакльдер мен сахналық көріністер қойылды. Жазушылар романдар мен пьесалар жазды. Насихат жұмыстарын жүргізу негізінен коммунистер мен комсомолдардың еншісінде болды. Ғылыми атеизм дін мен ғылымды өзара қарама-қарсы институт ретінде танытты. Бұған И.Сталиннің сөзінен мысал келтіруге болады: «Партия кез келген дінге, нанымдарға қарсы күреседі. Өйткені, партия ғылымды қолдайды, ал, діни нанымдар ғылымға қайшы». Жалпы коммунистік идеология діни танымды ығыстыруды, дінді мемлекеттен бөлуді, медреселерді жоюды, діни білім беру мен діни тәжірибеге тыйым салуды, діндарларды құқығынан айыруды, мүліктерін тәркілеуді өте шебер меңгерді. Мұсылмандар үшін маңызды болып табылатын «азан шақырып ат қою», «неке қию», «сүндетке отырғызу» секілді рәсімдер қатаң қадағаланды. Осылайша Қазақстанда дінге қарсы үгіт-насихат ошақтары күшейіп, атеистік ұйымдар құрылды. Дінге қарсы арнайы мамандар даярланды. 
Қазақша дінге қарсы үгіт-насихат әдебиеттерін көбейтті. 1926 жылы РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің «Дінге қарсы үгіт-насихат жұмысы туралы» құжатында діннің таптық мәні ашып көрсетіледі.  Ислам дінінің мәні кеңес өкіметіне қарсы сипатта екендігі тұжырымдалады. Дінге қарсы арнайы баспалар қызмет етті. В.И.Лениннің «Социализм және дін» кітабы бірінші орында болды. «Революция и церковь» «Наука и религия» газеті мен журналы, «Безбожник» газеті, «Безбожник у станка» және «Антирелигиозник» журналдары шығып тұрды. «Жауыққан құдайсыздар ұйымы» орталығы мен «Безбожник» газетінде «Құдайсыздар одағы» құрылды. Дінмен күрес – бұл социализм жолындағы күреспен теңестірілді. 
Кеңестік режимнің исламға деген саясаты оның медреселерге қатысты ұстанымынан ашық көрініс тапты. Коммунизм көсемі В.И.Ленин «жаңа қоғамға жаңа адамдарды баулуды бірден жүзеге асырамыз деу утопия» екенін ескерткен болатын. Сондықтан алдымен халыққа білім беруді  жаңа жүйеге, жаңа мазмұнға көшіру керек болды. Бұл мәселе «Мектеп діннен бөлек» ұстанымы бойынша Оқу- ағарту халық комисариатына жүктелді.  1918 жылы 18 ақпанда Оқу-ағарту мемлекеттік комиссиясы «Зайырлы мектеп» қаулысын қабылдап, барлық мемлекеттік, қоғамдық және жекеменшік мектептерде дінді   оқытуға тыйым салынды. Құжаттың 9-тармағы бойынша мектеп діннен бөлініп, медреселер жабылды. Діни білім беру, дінге тиесілі оқулықтар шығару тоқтатылды. Сол жылдарда Қазақстанда қабылданған құжаттар Ресейдегі секуляризацияның заңды жалғасы болатын. Діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі салдарынан медресе, текке, зауия мен молда, ишан, шайхтар қуғын-сүргінге ұшырады. Дін адамдары бала тәрбиесі мен білім беру ісіне араласпайтын болды. Дегенмен, кейбір деректерде мұсылман дін адамдарының кеңестік құжат-декретке қарамай астыртын болса да діни білім беру ісін жалғастырғаны айтылады.  
Қазақстанда 1918 жылы «Мұсылман  комиссариаттарын ұйымдастыру туралы» қаулы негізінде Семей мен қазіргі Алматы қалаларында орталықтар құрылды. Алғашқыда кеңес режимінің дін саясаты «Діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі туралы» декретімен нақтыланған болатын. Бірақ, бұл ұстанымға тоқтамай, кейіннен мешіт, медресе, имам, молда, қожа, сопы, дәруіштерге қарсы саясатты күшейтіп, жазалау акцияларын қолданды. Мысалы, Қазақстанда 1918-1931 жылдар аралығында 1630 ғибадатхана, олардың ішінде 782 мешіт жабылды. 1931-1933 жылдары 8 оқу орны жабылды. 
Кейбір мәліметтерде «1929 – 1933 жылдары Қазақстанда 198 мешіт жабылған» делінген. Мешіт, медресемен қатар араб тілді және араб графикасымен жазылған кітаптар, оның ішінде Құран жаппай жойылды. Жаппай діни мотивте шыққан наразылықтар мен көтерілістер жаншылды. Мешіттер мен шіркеулердің жаппай жабылуы кейін де жалғасын тапты. 1941 жылғы дерек бойынша Қазақстанда ресми түрде  әрекет ететін мешіт-медресе қалмады.

Ораза мен Құрбан айт, Наурыз мейрамдары 1926 жылға дейін тойланды

Большевиктер өкімет басына келе сала атеизм идеологиясын орнықтыруды мақсат етті. 1918 жылы бірінші РКФСР Конституциясында дін мен мемлекеттің өзара бөлінуі жарияланған. Онда дін ұстану мен дінге қарсы насихат жасау құқы да қаралған болатын. Қазақстанда дінбасылар, молда-ишандар «қанаушы тап» ретінде сайлау құқықтарынан айырылды, кейіннен қудаланды, қуғын-сүргінге ұшырады. Кеңестік режим мұсылмандар арасына таптық жік салып, бай мен кедей диалектикасын жақсы пайдаланды. Байларды жаппай қуғынға ұшыратты. Көзі ашық, сауатты, діни білімді ғұламалардың көзін жойды. Жалпы, коммунистік режим дін феноменінің барлық қабаттарына соққы беруді басты мақсат етіп алды.
Қазақ мұсылмандары Ораза мен Құрбан айтты, сосын Наурызды 1926 жылға дейін тойлады. Бірақ, құқықтары шектеліп, сайлаудан шеттетіліп, қалыңмал ескілік ретінде танылып, молда-ишандарға салық салынды. Ал, салық төлей алмаған молда-ишандардың медреселері мен мешіттері жабылды. Мысалы, 1924 жылы Бөкей Ордасының Жымпиты уезіне қарасты 9 мешіт жабылып, молдалар сотталған.  Кейбір құжаттарда 12 мың ғибадатхана мен мешіттердің 10 мыңы жабылған делінген. Молдалар мен азаншылардың 90-97 пайызы діни рәсімдерді атқару құқықтарынан айырылған. 1923 жылы көктемде өткен РК(б)П 12-ші съезі құжаттарында одақтас республикалардағы мұсылмандар саны 30 млн. адам деп көрсетілген.
Ал, енді 1924 жылға қарай Қазақстанда бірнеше ондаған медресе, мешіт, сопылық тариқат жандана бастайды да, мүриттер саны 500-800-ге артады. Негізінен қазақ балалары діни сауатын ауыл молдаларынан, яғни ишан, пірадар, ахун сияқты тұлғалардан алған. Революцияға дейін елде медреселер мен мектептер саны мынадай болды: айталық, Ақмола облысында 1896 жылы 13 медресе мен мектеп болса, ондағы оқушылардың саны 547-ні құрады. Ал, 1898 жылы 11 медресе мен мектепте 425 оқушы білім алды. Семей облысында 1884 жылы – 10, ал, 1895 жылы 17 мектеп пен медресе болды. Оларда 615 және 900 бала білім алды. Медресе мен мектептердің саны жағынан Орал, Сырдария облыстары алдыңғы қатарда тұрды. Мәселен, Орал облысында 1896 жылы – 206, 1897 жылы 198 мектеп пен медресе жұмыс істеді. Сырдария облысында 1892 жылы олардың саны 1532-ге жетсе, 1895 жылы 2443 болды. Ондағы оқушылардың саны аталған жылдар аралығында 27082-ден 28898-ге дейін артты. Жетісу облысында 64 мектеп-медреседе 1891 жылы 12510 оқушы білім алса, 1897 жылы 88 мектеп пен медреседе 12835 бала оқыды.
Бұл деректер негізінен орыс зерттеулерінен алынғандықтан кейбір қазақ даласындағы ислами білім беру ошақтары туралы терминологиялық ерекшеліктер ескерілмеген. Медресе мен мешіт ірі елді мекендерде, қала мен қыстақтарда орын тепкендіктен ресми тіркеуде болды. Ал, тіркеуге алынбағандары негізінен қазақ ауылдарында қалған теккелер мен зауиялар еді.
1930-1937 жылдары мемлекеттік атеистік науқан шеңберінде Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Өскемен, Шымкент, Алматы, Жамбыл облыстарында барлық мешіттер жабылды. Қазақстандағы коммунистердің ресми билік органдарына хаттама түрінде тіркеген деректеріне сәйкес, 1929 жылы Қазақ АКСР-де 2041-ге жуық мешіт, шамамен 3391 қазы, муаззин және имам, 4,570 шәкірт, 323 мешіт, құжыра болған. 
1929 жылдың 8 сәуірінде Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің Президиумы мен РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі «Діни бірлестіктер туралы» қаулы қабылдады. Осы қаулы қабылданғаннан кейін Қазақстан аймақтарында 15-75-тей муриді бар 20 медресе жабылды. Сол уақытта тек Сырдария өңірінде 5115 талабасы бар 276 медресе жұмыс істеген. Жалпы мурид, халфа дайындайтын құжыра Қазақстан аймағында ишандар қолында болған. Әрбір ишанның 10000-нан 15000-ға дейін муриді болған. Сондай дерекке Аппақ ишан іліккен. Ол Сыр бойы мен Қаратау өңіріне ықпалды тұлға еді. Өзі тұтқындалып, кейіннен 1926 жылы Шаяндағы Аппақ ишан мешіті мен медресесі, Шымкент қаласындағы Шыңғысбай Дәуітұлы мешіті мен медресесі жабылды.
1928 жылы мамырда Б(б)КП ОК Саяси басқармасы мұсылман медреселерін жабу қарарын қабылдады. Тек қана медреселерді жабу емес, ислам діні графикасы болып табылатын арабша жазу, араб тілі қолданыстан шығарылды. Орнына 1929 жылы латын әліппесі кейіннен 1940 жылы кириллица енгізілді. Араб графикасын жою исламның символын құрту, сондықтан коммунистік идеология көсемдері араб әліппесімен қоса діннің де ықпалы өшеді деп есептеді. Осының салдарынан араб әліппесімен жазылған кітаптар тәркіленді, тоналды, өртелді. Ондай кітаптардың иелері де қуғын- сүргінге ұшырады, қамалды, айдалды, атылды. Қазір әлі күнге дейін сол қуғыннан зардап шеккендер бабаларынан мирас болып, жерге көмілген немесе жасырылған қолжазбаларына күдікпен қарап отыр. Тек Ясауи мұрасына қатысты қолжазбалардың 12 вагоны Ташкентке жөнелтілген деген деректер бар. Құдайсыздардың мүшелігі жасақталды, дәріптелді. Бұл да кеңестік қоғамдық сана қалыптастыруда басты орынды иеленді. 
Архивтердегі жаппай қуғын-сүргін құжаттары, тергеу іс қағаздары, протоколдардан тыс, ел аузындағы фольклорлық, әдеби, мәдени, жыр-дастан, отбасылық шежірелер мен жекелеген деректер мен дәйектерді де назарға алуды міндеттейді. Сондықтан «Кеңестік режим және діни құндылықтық диалектика» туралы зерттеулер кешенді әрі жүйелі сараптамаларды қажет етеді. 

Түркістан облысы аумағында болған наразылық шаралар жайлы не білеміз?

1920-30 жылдары Қазақстандағы Кеңес өкіметіне қарсы діни сипаттағы көтерілістердің саны 380-ге жуықтапты. Бұл жаппай орталықтандырылған діни құндылықтарын қорғауға шыққан мұсылмандардың типтік наразылығы болатын. Бұлардың ішіндегі ең негізгілері 1929 жылы Түркістан облысына қарасты Бостандық ауданындағы Исламбек Жұмабеков бастаған көтеріліс, 1929 жылы 1-9 қарашада Қостанай округі Батпаққара ауданындағы Абайділдә Бекжанов, Сейтбек Қалиев, Ахмедия Смағұлов бастаған көтеріліс, 1929 жылы Қызылорда аймағының Тақтакөпір ауданындағы Үббі Ибрагимов, Жәлел Мақсұт Исматуллаев, Барлықбай Нұрымов бастаған көтеріліс, 1929-1930 жылдары Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Сұлтанбек хан Шолақов, Сапар қожа мен Асадулла Ибрагимов бастаған «Созақ көтерілісі» болды. Мұндай наразылықтар Жамбыл облысының Сарысу және Мойынқұм аудандарында да орын алды. 1930 жылы Қызылорда облысының Қарақұм өңірінде Жұмағазы Байымбетовтің бастауымен, 1930 жылы Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы аудандарында дін білгірі, ишан Ақмырза Дамолла Тасовтың бастауымен, 1931 жылы наурыз айында Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында Мырзаш Қарамұрзиннің бастауымен, 1930 жылы тамыз-қыркүйек айларында Қызылорда облысының Қазалы ауданында Иман Мақсат Орымбетов бастауымен, 1930 жылы Қостанай облысының Жітіқара ауданы мен Ақтөбе округінің Ырғыз ауданында Айжарқын Қанаев пен Мұхантай Саматовтың бастауымен көтерілістер ұйымдастырылды. Мұндай көтеріліс, наразылық, ішкі диалектикалық қайшылықтарды кеңестік жүйе бейберекет, аймақтық, ауылдық масштабтағы дүмпу ретінде танытты және солай бағаланды. Себебі кеңестік большевизм пролетариаттың мақсаты, адамзаттың түпкі идеясы ретінде дәріптелді. Бүгінде ҚР Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың Жарлығы негізінде тарихқа, өткенге, әсіресе, саяси қуғын-сүргін құрбандарына баға берерде кешегі кеңестік маркстік материалистік диалектикалық тарих методологиясын қалыптастырған шаблондардан сақ болғанымыз жөн. Қуғын-сүргінге қатысты архивтік материалдарды сараптай отырып, осы мәселеге көз жеткізуге болады. Қазақтар арасында кеңестік қуғын-сүргінге төзбей, тоталитарлық билікке қарсы шыққан наразылықтар жекелеген аймақтармен шектелмейді. Мұны әдейі кеңес тарихшылары наразылықтың діни мазмұнын көлегейлеу үшін де орталықтандырылған құндылықтарға емес, керісінше, локальдық, аймақтық және хаостық қарсылық ретінде танытуды мақсат еткендігі белгілі.  
Ғылыми атеизм нұсқауы бойынша архивтік іс құжаттарда арнайы наразылық шараларына қатысқандардың ауылын номерациялап көрсету белең алды. Бұдан да жоғарыда айтқандай тарихи сананы ыдыратудың ерекше методын көруге болады. Сондай-ақ, діни құндылықтық нормалар мен көзқарастар платформасы толығымен көлегейленген. Діни  мотив, діни идея, діни құқық, діни сөйлемдер, лозунгілер, діни орталықтар туралы тергеулерде арнайы редакцияланған нұсқаларды көруге болады. Мысалы «жихад» ұғымы араб графикасымен жазылған тергеулерде кездеседі де, ал, соның транскрипциясы немесе қысқаша аннотациясында ол туралы сөз жоқ. Архивтегі құжаттарда, әсіресе тергеу сұрақтары, қолтаңбалар бірыңғай типтік мәнге ие. Яғни сұрақтары да, жазулары да бірдей үлгіде. Қаншама тәсілмен бүркемелесе де тергеу жүргізгендер наразылық білдірушілердің діни құндылықтарына қарсы арнайы жүйе қалыптастырғаны туралы жасыра алмаған. 
Кеңестік режимге қарсы шыққандар туралы деректерде Қазақстандағы наразылық актілері жекелеген аймақтармен емес, керісінше трансаймақтық сипатқа ие екендігін тануға болады. Бұл наразылықтардың ислами, діни, мәдени, саяси, геосаяси, халықаралық орталықтардың назарын аударған құбылыс екендігін айтуға толық негіз бар. 
Сонымен қатар, Қазақстан территориясындағы кеңестік режимге қарсы діни мәндегі көтірілістердің артында Түркістан облысы аумағында болған наразылық шаралары жатыр. Бұл сол кездегі тек Қазақстан ғана емес, жалпы Орта Азия мұсылмандарының отарлаушылар мен атеизмге қарсы ортақ платформасының көрініс тапқан әрекеті болатын. Архив материалдарында ауғандық ишан – аты Сайидали делінген. Ол – Сұлтанбек Ханның кеңесшісі әрі жақын күйеу баласы, кезінде Англияда білім алған, 1916 жылы Османлы патшасы алдында «Англияның Орта Азия саясаты» туралы мәлімдеме жасаған адам. 1930 жылы Созақ феноменінің бел ортасында жүрді, Сұлтанбек Шалақовтың кеңесшісі. Кейін тергеу материалдары бойынша үштік үкімімен атылған.
Қазақстан аумағында болған көтерілістер бір режимге қарсы наразылық ретінде барша мұсылман қауымының реакциясы болғандықтан Кеңестік құпия архивтеріндегі жаппай қуғын-сүргін құжаттарын, тергеу іс- қағаздары мен протоколдардан тыс ел аузындағы фольклорлық, әдеби, мәдени, жыр-дастандарды, отбасылық шежірелер мен жекелеген деректерді, дәйектерді назарға алуды міндеттейді. Сондықтан «Кеңестік режим және діни құндылықтық диалектика» туралы зерттеулер кешенді сипат алуы тиіс. 
Қазақстан аумағындағы наразылық шаралары кезінде атылғандардың саны туралы арнайы тізім дайындалып жатыр. Бүгінгі архивтердегі құпия құжаттар негізінде «Кеңестік режим және діни құндылықтар диалектикасына» тікелей және жанама қатысы бар деп ату жазасына кесілгендердің саны анықталуда. 
Кеңестік режим кезінде (А.Беннигсон; Ламержи-Құл Қожай: «Кеңес Одағындағы ислам» атты еңбегінде 26 279 мешіт, 45 339 имам, мола, муаззин; әрбір 700-1000 адамға орта есеппен 1 мешіт болғандығы айтылады) 1928-1953 жылдар аралығында атеистік қаулы-протоколдар негізінде функциясы өзгертілген, яки толығымен жойылған діни ғұрып ғимараттары (мешіт, шіркеу) туралы да арнайы экспедиция ұйымдастыра отырып қайта зерделеу қажет. 
Кеңестік тоталитаризмде мешіттер мен шіркеулерді жоюға, дін адамдарын (қожа, молда, ишан, имам) жер аударуға, жергілікті ауқаттыларды тонауға қарсы наразылықтың болуы табиғи ахуал болатын. Сондықтан бұл платформаны қайтадан тарихи танымға сай, ғылыми тұрғыдан зерделей отырып бағалау, саралау арқылы кейінгі ұрпаққа қайта таныту керек. 

(Жалғасы бар).
Пікір қалдырыңыз