Кебеже

Біздің отбасымызда ХХ ғасырдың басында бабамыз Қалаубай мен әжеміз Сиякүлден қалған, дәлірегі сол кісілер пайдаланған кебеже сақталған екен. Бұл мүлікті кейіннен  Ерболған атамыз бен Зеберкүл апамыз да қолданғанын өзіміз көрдік. Бірақ, бұл кезде тұрмыстық бұйымдар көбейіп, жаңарып жатқандықтан, кебежеде тамақ емес, көбіне түрлі маталар, киімдер салулы тұратын еді. Үйдегі заттардың арасында көзімізге бояулары ерекшеленіп көрінетін оюлы затқа біз қызыға қарайтынбыз.  Зеберкүл апам оның жасалу тарихын: «Ертеректе Ағыбет ауылына келген бір татар ұстаға үлкен аталарың мен әжелерің жасатып алған екен. Мықты әрі сәнді  бұйымды біз де аталарың  екеуміз пайдаландық. Сендердің әке-шешелерің де біраз уақыт асханаларында ұстады. Заманы өтсе де керекке жаратылып келеді» деп әңгімелейтін.
Мен Шаяндағы орталық музейге қызметке келгенде, бір күндері жиналыс өтіп, онда ертеректе жасалып, сақталып қалған мұраларды сұрастыру, жинау, музейге тапсыру туралы әңгіме болды. Сол сәтте есіме баяғыда апам айтқан кебеже оралды. Дереу жұмыстан кейін әкемнің үйіне барып, анамнан ескі кебеженің бар-жоғын біліп алып, музейге тапсыруын сұрадым. Ол кісі ата-бабамыздың, әже-апаларымыздың көзін көрген теберік дүние ретінде қимайтынын айтты. Бірақ, үйде сақталғаннан гөрі көпшілік баратын, заттарын тамашалайтын музейде тұрғаны дұрыс деген тоқтамға келді. Аталарымыздан мұра боп қалған кебеже қазір орталық музейдің экспонаты ретінде сақтаулы.
Бұл жағдайды кеңірек қозғап отырған себебім: жұртшылыққа осындай жәдігерлер бар болса, үйде сақтамай, көпшілік көретін музейге тапсырған дұрыс болады деген ойды ортаға салу. Көпшілік осы ұсынысымызды қолдайды деп сенемін.

Айгүл ҚАЛАУБАЕВА,
Бәйдібек аудандық сәулет-көркем музейінің қызметкері.
Пікір қалдырыңыз