2 мыңнан астам адам марафонға қатысты

Түркістан қаласында «Turkistan Marathon 2022» марафоны өтті. Салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттау барысында өткізілген жарысқа еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын шетелден келген 2 мыңнан астам спорт жанкүйері қатысып, бақтарын сынады. 

Эстафеталық сайыс Түркістан қаласында тұңғыш рет өткізілді. 
Марафон – әлем бойынша жылдам дамып келе жатқан спорттық туризмнің бір түрі. Қатысушылар үшін марафонға қатысу тек хобби емес, өзге елдерге саяхаттаудың ерекше түріне айналған. 
Жарысқа Қазақстанның 12 облысынан және шет мемлекеттерден қатысушылар да ниет білдірген. Спортсүйер жандардың басын қосатын ауқымды жобада Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды марафоншыларға сәттілік тіледі. 
– Бүгінгі марафон өңірімізде бұқаралық спорттың дамуына өзіндік үлесін қосады деп ойлаймын. Бұл – Түркістанда спортқа қызығушылық жоғары деңгейде екенінің көрінісі. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді облыс әкімі. 
Таңмен таласа оянып жүгіруге келген спорт әуесқойлары үшін үлкен жүгіру старты калоритті этно-стильде ұйымдастырылды. Спорттық додаға қатысқан 2000-нан астам марафоншы төрт қашықтық бойынша, яғни 10, 21 және 42,2 шақырымды жүгіріп өтті. Балалар 3 шақырым қашықтықты бағындырды. 
Шара қорытындысы бойынша жүзден жүйріктер қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Пікір қалдырыңыз