ФАНТАСТИКА ФЕНОМЕНІ

Күні кешеге дейін біздің шығармаларымызда жан-жануарлар қандай жүк көтеріп келсе, болашақтағы туындыларымызда техниканың алуан-алуан сиқырлы сипаты сондай жүк көтеретініне, солай болатынына кәміл сенемін.

Ғабит Мүсірепов.

Адамзат баласы әлемдегі барша жаратылыстардың ішіндегі ең абзалы, ең парасаттысы. Оған ақыл, ойлау, қиялдау, өзгеше сан алуан сезімдер берген. Ал, дене пішімі, кескін-келбеті, сұлулығы жағынан келгенде тіптен де ерекше. Жер бетіндегі, бүкіл ғаламдағы теңдессіз бақыт бұл. Үшінші мыңжылдық оқиғалар қақтығысы ғана емес, ойлар қақтығысының да заманы болмақ. 
Жалпы, біз ғылым мен техниканың осыншалықты дамып, кемелдену кезеңіне ерекше мақтанышпен қараймыз. Ғарышты да бірте-бірте зерттеп, игеруді қолға алып жатырмыз. Жер орбитасына, одан да әріге адамның ғарыштық кемелермен ұшқанына да елу жылдан асып қалды. Тіптен адам баласы айға табан тіреді. Енді көршілес планеталарды да біртіндеп зерттеп, игеру жоспарлары іске асып келеді. Осының бәрі бір кездері адам сенгісіз, тек жәй ғана қиял болатын. Иә, иә, кәдімгі жәй ғана қиял еді... Бүгінде көптеген қиялдар өмір шындығына айналып келеді. Дей тұрғанмен, бір сәтке терең, байыпты ойланып қарасақ, адам баласына әлі де болса бірлесіп шешетін жұмбақ тылсымдар жетерлік екен.
Расында да, басқасын былай қойғанда, бүкіл ізгілік рухына, өркениет пен парасатқа әлемде бүгінгі қалыптасқан кейбір келеңсіз жағдайлар айтарлықтай қатер төндіріп тұрғаны шындық. Мұнан былай жаңа ХХІ ғасырда адамзат ұрпағы ақыл-ой қуатын бірлесе отырып ортақ мүдделерге бағыштап, соны іске асыруға кететін материалдық қаржыларды соғысқа, жаңа қарулар ойлап табуға, жанталаса қарулануға емес, адамзат ұрпағына іштен, сырттан төніп тұрған түрлі табиғи апаттарды, ашаршылықты ауыздықтауға, алуан түрлі қауіпті ауруларды емдеуге, өзге де кезек күттірмейтін мәселелерге жұмсаса...
Әлемде бұдан артық өте маңызды борыш болмақ та емес... Осы тұрғыдан ойымызды түйіндей келсек, Алла жаратқан жаратылыстардың пенделеріне беймәлім тылсымдарын шама-шарқылары жеткенше ашатын қияли яки фантаст-жазушылар. 
Біз әлі де болса терең, жете біліп, түсіне бермейтін тылсым жұмбақ әлем өз құпияларын ішіне бүгіп жатыр. Бұл құпиялар бірте-бірте ашылатын шығар деген ой кей-кейде бізге демеу болып келеді. Осы тұрғыдан келгенде жоғарыда аталған тылсым құпияларды шешетін, оған қияли тұрғыда жауаптарды ғылыми-фантастикалық әңгімелер, повестер, романдар арқылы беретін өзгеше дарынды фантаст-жазушылар біздің қазақ әдебиетінде саусақпен санарлықтай ғана. Ұзын сөздің қысқасы, осы мақалада өзіміз ерекше құрметтейтін, осы жанрдың белді өкіліне, фантастиканың феноменіне айналған Исақов Сарманбай Ережепұлының шығармашылығы туралы шынайы, дәйекті ой өрбіткенді парызым деп санаймын.
Мен Сарманбайдың ой түйсігі, ішкі әлемі, фантастика жазудағы өзгелерден ерекшеліктеріне бір кісідей қанықпын. Оның өзгелерден ерекше қасиеттерінің бірі достыққа адалдығы, қарапайымдылығы, тым қиялшылдығы. Фантастика оған Алладан берілген тума талант... Болмаса ол да өзіміз секілді, ал, бірақ, оның ғылыми-фантастикалық, бүкіл жер бетіндегі жұмырбасты пенделерді әртүрлі апаттардан құтқару жөніндегі ойларды қайдан алатыны мені таң қалдырып келеді. Шындығын айтсам, ол өз атын шығару үшін емес, оған ғайыптан, Алладан берілетін қасиет, көріпкелдік бар екеніне көзім бірнеше мәрте анық жетті. Шынайы фантастикалық ғылыми негізге құрылған шығармаларды кім болса сол жаза алмайтыны бесенеден белгілі. 
Сарманбай негізі «сегіз қырлы, бір сырлы»... Оның қабілеттілігі сондай, қолынан келмейтіні жоқ. Ол үшінші-төртінші сыныптарда оқып жүріп-ақ саз балшықтан мүсіндер жасап, өзгелерге үлгі-өнеге болыпты. Оның жасаған  мүсіндері кәдімгі Кеңес Одағының Батырлары, танкілер, соғыс техникалары болатын. Артынша сурет салумен де әуестенген. Сол кездің өзінде-ақ мектепаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, салған мүсіндері мен суреттері мектеп қабырғасына қойылған. Осы кезден бастап ол қиялшыл бола бастаған секілді.
Уақыт шіркін сынаптай сырғып өте береді ғой. Жетінші сыныптан бастап мектептегі қабырға газетін бір өзі шығарады. Газеттің атауын, оның суреттерін өзі салып, сабақтан кешіккен және үлгерімі нашар оқушылардың әзіл-оспақ бейнелерін салып, оларға өлең шығарып, газетті мұғалімдер мен шәкірттердің ең сүйікті қабырға газетіне айналдырған. Бұл Бөген ауданы, «ХХІ партсъезд» кеңшары, Тельман елді мекеніндегі В.И.Ленин атындағы №29 мектеп-интернатында оқыған жылдары еді. Сарманбайға адам сенгісіз қиял-ғажайып балаң ғылыми ойлар аян арқылы үсті-үстіне келе беретін көрінеді. Ол осы ғылыми ойларын сыныптастарымен ұдайы бөліседі екен. Жалпы, осы кездің өзінде-ақ Сарманбайға осынау бір ғайыптан өзгеше қасиет үздіксіз беріле бастапты. Болмаса анау-мынау адамның ақылына сыймайтын қай-қайдағы жұмбақ ойлар оған қайдан келеді десеңізші?! Сонау бір кездері ұшатын кілемдер туралы естіп, таң қалушы едік-ау. Ал, бүгінде соны жас балаларға айтып, сендіре аласыз ба? Әрине, жоқ. Міне, бұл адамзат баласы технологияның биік белестерін игеріп жатқандығының бірден-бір дәлелі. Мұны күнделікті өмірде көріп те, сезініп те жүрміз.
Жалпы, ғылымның алға жылжуына фантастикалық шығармалардың қосқан үлесі өлшеусіз. Ғылымның қозғаушы күші – фантастика. Ғылыми заңдылықтарды дүниеге келтіру, шексіз ғарыш әлемін зерттеу, игеру, ғарышқа аттану, бөгде ғаламшарлықтармен достық байланыстар жасау, түрлі апаттарды алдын-ала болжау фантастиканың негізгі өзекті, қызықты идеясы. Әйткенмен де өзіміз өмір сүріп отырған  жалпы адамзаттың ортақ мекені – Жер планетасында да фантастикалық шығармаларға өзекті ой, идея болатын мәселелер жетерлік. 
Фантастикалық шығармалардың құдіретінде шек жоқ. Ол сонысымен де құнды. Бүгінде Қазақстанда фантаст-жазушылар саусақпен санарлық. Жалпы, бүгінгі кезеңде фантастикалық шығарма жазудың өзі қиын. Айтар ғылыми ойы, идеясы болмаса, бұл жанрға қалам тербеуге анау-мынаудың жүрегі дауаламайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан әртүрлі ғылыми сала бойынша сезімі, ғылыми түйсігі, Алла берген аян, көріпкелдігі болмаса, қалам ұстаған қауымның бәрі бірдей фантастикаға келе бермейді. Фантастика – өзекті, өзгеше қиял-ғажайыптардың ең негізгі мәйегі. Қысқасы, сонау бір кездердегі қиял-ғажайып ертегілер адам баласын бүгінгідей ғылыми жетістіктерге жетелеуге ұйытқы болғаны баршаға аян.
Сарманбай сонау жетпісінші жылдары фантастикалық идеясын қағазға түсіріп қойып, оны газеттерге беруге тартыншақтап жүріпті. Мұнымды газеттер баса қоймас деген ғой. Содан Сарманбай 1970 жылы әскер қатарына шақырылады. Сөйтіп ол Владивосток қаласындағы әскери-теңіз флотынан бір-ақ шығады. Үш жыл БПК «Стрегущий» атты сол кездегі ең күшті кемеде әскери міндетін адал орындайды. Тынық мұхитын кезіп, экваторды бірнеше рет әрі-бері кесіп өтіп, коммунистік партия қатарына қабылданып, елге оралады.
Ол әскери міндетін өтеп қайтысымен сол кездегі облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен аудандық «Коммунизм таңы», тағы басқа газеттерге қара тушпен қолдан табиғи көріністерді, еңбек ардагерлерінің суреттерін жіберіп тұруды қолға ала бастапты. Ол кезде қазіргідей компьютер деген мүлдем жоқ болатын. Газеттер Сарманбай салған суреттерді үнемі басылым беттеріне жариялап, оны шабыттандырып отырды. Сонымен қоса еңбек озаттары туралы мақалаларды үзбей жазып тұрған.
Сарманбай өзінің фантастикалық алғашқы «Қызыл сәуле» атты әңгімесінде ерекше батылдыққа барған. Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған сол кезеңде бір ауданға, бір қалаға немесе республикаға қатысты отбасылық, ошақ қасылық жәй ғана тұрмыстық ой, идея айтпай, бүкіл жер бетіндегі жұмыр басты адамдарды қырып-жойып, ақырзаман жасайтын соғыс үшін жасалған атом, сутегі бомбалары қорын біржолата жоқ етіп, бейтараптандыратын жасанды тәсілмен зертханада  «қызыл сәуле» атты элемент алып, ғарыштан арнайы аппараттар көмегімен жою тәсілін баяндайды. Сөйтіп, аса батылдықпен соғыс үшін жиналған атом, сутегі бомбалар қорын біржолата жою идеясын шынайы, дәйекті түрде келтіреді. Аталған әңгіменің жарыққа шыққанына бүгінде 50 жылға айналыпты. «Коммунизм таңы» газеті 1977 жылы, «Білім және еңбек» журналы 1980 жылы, «Жалын» баспасы Сарманбайдың осы «Қызыл сәуле» фантастикалық әңгімесінің атымен 1986 жылы ұжымдық жинақ етіп кітап шығарды. 1992 жылы «Балауса» баспасы Сарманбайдың жеке фантастикалық «Қызыл сәуле» деген атпен повестер мен әңгімелер жинағынан тұратын жеке кітабын 10 мың данамен республиканың түкпір-түкпіріне таратып, үлкен қамқорлық жасады.
Аталған фантастикалық кітап оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. 1989 жылы КСРО Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Рига қаласындағы фантаст-жазушылардың семинарына арнайы шақырылып, жақсы баға алады. Осы фантастикалық әңгімесін орыс тіліне аударып басуға шешім қабылданды. Сарманбай Шымкентке келіп, оны орыс тіліне аудартып, 1993 жылы 5 мың данамен «Сенсация века» деген атпен жарыққа шығарады. Кеңес Одағы тарап, балапан басымен, тұрымтай тұсымен болып, байланыс тоқтап қалады. Күні бүгінге дейін осы бүкіл әлемдік керемет идея көтерген «Қызыл сәуле» атты фантастикалық әңгімесі әлемдік деңгейге көтерілмей келеді. Шіркін, осы әңгіме желісі бойынша фантастикалық кино түсірілсе, нұр үстіне нұр болар еді-ау. Бұл енді уақыт еншісіндегі дүние...
Ал, енді фантаст-жазушының әлемдік фантастикалық идея көтерген екінші ауыз толтырып айтарлық әңгімесіне тоқталайын. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 1985 жылы «Тойтарыс» атты кезекті фантастикалық әңгімесі жарияланды. Бұл фантастикалық әңгімеде табиғи апат – жер сілкінісін тоқтату жөнінде батыл идея баяндалады. Алғаш басылғанына да 37 жыл болыпты. Бұл фантастикалық әңгіме 1992 жылы «Қызыл сәуле» атты фантастикалық кітабына енді. 
Уақыт өте келе Сарманбай бұл әңгіме ауқымын, ойын, тіпті, идеясын да дамыта түседі. Сөйтіп, 2000 жылдары «Тұлдыр тағдыр» атты ғылыми-фантастикалық роман жазады. Арада жылдар өтеді де, 2008 жылы «Тұлдыр тағдыр» ғылыми-фантастикалық романы кітап болып шығады. Бұл романы заманымыздың ең өзекті проблемасы – әлемдегі табиғи апат – жер сілкінісін тоқтатудың жолдары жайлы өте маңызды идея қозғайды. Шынтуайтына келгенде, бұл – шешімін таппаған өте күрделі мәселелер. Дей тұрғанмен, автор ерекше бір түйсікпен көрегендіктің әсерінен дәйекті ғылыми-фантастикалық идеяларын дәлелдеп көрсете білді.
Фантаст-жазушы ғылыми-фантастикалық романында жер сілкінісін 4-5 жыл алдын-ала қай жылы, қай айда, тіпті, қайсы күні, сағаты, минуты, секундына дейін, қандай тереңдікте, қайсыбір мемлекетте болатынына дейін дәл анықтап алып, үш түрлі ғылыми-фантастикалық тәсілдермен тоқтатуды ұсынып, дәлелдеп шығады. Сарманбайдың суретшілік таланты бұл жерде де кәдеге асып, кітап ішіндегі суреттерді өзі салған. Негізінен бұл өте керемет әрі қызықты идея емес пе?! Біз де автордың бұл ойына барынша қуанып отырмыз. Былай қарасаңыз, әлемде бұдан артық мәселе болмақ та емес қой. Жалпы, көзі ашық, көкірегі ояу оқырманға осындай керемет ғылыми, болжамдық болса да ой айту баға жетпес дүние екендігі сөзсіз.
Ғылыми-фантастикалық романда да жазушы шығармасын тартымды әрі өте тартысты етіп беру үшін тек жер сілкінісін тоқтату, оның жолдары жайлы идея төңірегінде шектеліп қалмайды. Роман желісі негізінен ауылда өтеді. Кейіпкерлер тартысы кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Ең жақын деген досы Ескермес ақша үшін жер сілкінісі туралы идея ашқан Орынбасардың жер сілкінісін тоқтату жөніндегі дайын ғылыми жаңалығын шетел асырып, қыруар долларға сатпақшы болып, адам айтқысыз қулықтарға барады. Қысқасы, Орынбасар мен оның сүйіктісі, сыныптасы Айсурет секілді жаны, рухы таза жастардың басынан қандай қиыншылықтар өтпеді десеңізші?! Алайда, олар бәріне төтеп, шыдап бағуға тырысады. Бұл бір жағынан ғылыми-фантастикалық роман болғанымен, екінші жағынан бүгінгі жастар үшін қолдан-қолға тимей оқитын керемет кітап болғалы тұр. Әттең, бір қынжыларлығы, роман 2008 жылы өте аз тиражбен басылды. Егер осы романды мыңдаған данамен шығарып, кинофильм түсірсе, сауап үстіне сауап болып, бүкіл әлемге қазақтың атын шығарар еді ғой...
Автор романында жалпы ғылыми идеяны біржақты алып кетпей, оны ар-ұят, имандылық, адамгершілік секілді ізгі қасиеттермен жымдастыра, ұштастыра білген. Иә, сонымен Орынбасардың ғылыми жаңалығы өз басына тажал болып, бірнеше рет өлім аузынан да қалады. Имандай сенген сыныптас досы Ескермес оның көзінше өтірік көлгірсіп күліп, сыртынан жамандап, сатып, мұның алғашқы махаббаты, сүйген қызы Айсуретті де алдап алып қашып, өзіне мәжбүрлеп жар етеді.
Орынбасар роман басында бөлтіріктерді құтқарамын деп қасқыр апанына түсіп кеткенде кенеттен қатты жер сілкініп, үстіне тау тастары құлап, апанда қалып қояды. Ол бөлтірікпен бірге тар қапаста он бес күн ес-түзсіз жатады... Осы жер сілкінісі кезінде мектеп мұғалімі, әкесі Байжан үйінді астында қалып мерт болады. Орынбасарды да кейін ауыл болып іздейді. Ел оны өлдіге санайды. Қысқасы, мұнан кейін де оның басынан небір қиыншылықтар өтеді...
Сарманбайдың «Жерұйыққа саяхат» (Алматы, «Жалын» баспасы. 1984 ж.), «Қызыл сәуле» (Алматы, «Жалын» баспасы, 1986 ж.) ұжымдық фантастикалық жинақтарға әңгімелері мен повестері енді. Автордың «Құмар», «Үрей жайлаған дала» (1993 ж.), «Қызыл сәуле», «Сенсация века» әңгімелері мен повестері, «Тұлдыр тағдыр», «Рок» атты ғылыми-фантастикалық романдары жарық көрген. Осы жуырда ғана 70 жасқа толуына орай оның «Тұлдыр тағдыр» – 1 том, «Тұлдыр тағдыр» – 2 том, «Рок», «Сиқырлы аппарат», «Жұмбақ дауыс», «Кешір мені, сүйіктім», «Залымдар» атты жеті ғылыми-фантастикалық романы оқырман қолына тиді. Мұнан басқа жарияланбаған романдары да бар.
«Залымдар» атты ғылыми-фантастикалық романы оқырмандарын қатты ойландырады. Мұндағы бас кейіпкер – қазақтың жас, өте талантты, дарынды ғалымы Заңғар. Ол жер шарының әр бөліктеріндегі табиғи қалыптасқан магниттік өрістің тепе-теңдігі бұзылып, бір-бірімен өзара қиылысу нүктелері түйіскен жерлерде алып құйындар (торнадо), тіпті топан су басу, адамзат баласына жұмбақ болып келген Тынық мұхитындағы Бермуд үштағанының, жер шарының кейбір жерлерінде адамдардың із-түзсіз жоғалуының сырын ашады. Оларды тоқтату тәсілін іске асырады. Бұдан өзге Жер планетасына шексіз, шетсіз, түпсіз ғарыштан соқтығысып, үрей тудыратын алып астеройдтар мен метеориттерді де жер шарына жақындатпай, бағытын өзгертіп, басқа ғаламға қарай бұрып жіберудің жолын  дәлелдейді. Оларды басқа ғаламға бұрып та жібереді. Сөйтіп, адамзат баласын ақырзаманнан құтқарады...
Қысқасы, бас кейіпкер Заңғар арқылы Жер планетасына төніп келе жатқан мұнан да өзге көптеген апаттарды тоқтатады. Сонымен бірге Заңғар арам ойлы қаскөйлердің жер бетінде қолдан арнаулы қондырғылар көмегімен тірі пендеге сездірмей, климаттық қарулар жасаған «алтылықтардың» жоспарын тоқтатып тастайды. Олардың арам ниетті идеялары іске аспайды. Есепсіз қаржылары көкке ұшады... Романда сенсация соңынан деп қысқаша мәліметтер берген тәсілі де ұтымды шыққан...
Жалпы, Заңғардың роман желісі бойынша мұнан да өзге атқарған ғылыми игілікті жұмыстары өте көп. Идеялары өте керемет. Жалпы, Сарманбайдың жоғарыда аталған басқа да ғылыми-фантастикалық романдарында көпшіліктің ойына келе бермейтін адам таңқаларлық ғылыми идеялары жеткілікті. Оқиғалары тартысты, қызықты, шынайы, тілі тартымды, жеңіл оқылады. Аталған «Залымдар», «Сиқырлы аппарат», «Кешір мені, сүйіктім» ғылыми-фантастикалық романдарын Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы ретінде арнайы талқылап, кітап етіп шығаруға алғысөз жазып бердім. Осы кітаптар мен кейінгі шығармалардың редакторы өзіммін.
«Сиқырлы аппарат» атты ғылыми-фантастикалық романы да таң қаларлық идеясымен құнды. Романның бас кейіпкері жеке басының тағдыры тәлкекке ұшыраса да әлем ғалымдарын селк еткізетін керемет, қызғылықты жаңалықтар ашқан Мақсат Жексен жөнінде. Мақсат Жексен ауыл шаруашылығы дақылдарын әртүрлі зиянкестерден қорғауда, сонымен бірге түрлі ауруларды мүлде тоқтату, оларға тыңайтқыштарды арнайы қашықтықтан беру, суды да қашықтықтан жеткізу секілді керемет тәсіл ойлап табады. Мысалы, арпа, бидай, т.б. өсімдіктерге көктемде қара бұлттай лап беретін шегірткелерді ауыл шаруашылығы дақылдары егілген алқаптарға мүлде жолатпай, оның маңайындағы арамшөптерде мекен етуге мәжбүрлейді. Шегірткелердің шектен тыс санын да азайтуға ықпал етеді. Басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден қорғайды. Осылайша ауыл шаруашылығы дақылдарына қажетті тыңайтқыштарды да қашықтықтан жіберіп, мол өнім бергізеді... Сор басқан жерлерді де арнайы аппараттың көмегімен сорып тазалайды. Сарманбай Исақтың «Сиқырлы аппарат» атты ғылыми-фантастикалық романы оқиға тартысымен, кейіпкерлер арасындағы қызықты жәйттерімен оқырманын өзіне тарта түседі.
Сарманбай «Кешір мені, сүйіктім» атты ғылыми-фантастикалық романының бас кейіпкерін қазақтың өте дарынды ғалымы, профессор Серт Тоқтасын-ұлының бейнесі арқылы беруге тырысқан. Оның жан-дүниесін, ғылымдағы ерекше талантын, бейімділігін жан-жақты ашып көрсеткен. Ғалым, профессор ғылымдағы кейбір шешімдері табылмайтын жұмбақты бірлесіп дүниеге әкелуге өзінің ақылшысы етіп, тікелей көмек беретін супер ақылды электронды-компьютерлі аппарат ойлап табады. Сөйтіп, жан-жақты жетілдірілген аппаратына «К-1» деп ат қояды. 
Жасы қырыққа таянған профессор Серт Тоқтасынұлының бүкіл жан-тәнімен ғылымға берілгені сонша, үйленуді де біржола ұмыта бастайды.  Сексенге таянған анасы Алмагүл кенеттен летаргиялық ұзақ ұйқыға кетеді. Алты ай бойы ұзақ ұйқыға кеткен анасын дәрігерлер де емдей алмайды. Профессор Серт ес-түзсіз жатқан анасын ес жиғызып, тілге келтіретін аппарат ойлап табады. Аппарат көмегімен анасы есін жиып, тілге келіп, бәрін таң қалдырады. Бұл аппараттың кереметі, адамды ес-түзсіз жатқан науқаспен тілдестіреді. Сонымен қоса алыста жүрген, өзіне қажет деген адамның ойын оқиды. Бәрін түгел сізге айтып та береді. 
Күншілдер Серт Тоқтасынұлын автомобиль апатына ұшыратып, оны өртеп жібереді. Осыны сезген өте сезімтал «К-1» электронды-компьютерлі ақылды аппарат Серт Тоқтасынұлына айналады. Қаскөйлер өте қатты үрейленеді. «К-1» аппараты оларды күлге айналдырып, жоқ етеді. Науқасынан әлі толық жазылмаған Алмагүл апа «К-1»-ді өз балам Серт деп қабылдайды. Серттің өліміне кінәлінің бірі Ая атты арнайы тапсырмамен келген сұлу келіншек те қайғылы қазаға ұшырайды. Ол өзінің о дүниеге аттанар сәтінде бар кінәсін түгел мойындап, күйеуі Серт Тоқтасынұлынан «Кешір мені, сүйіктім! Кешір! Мен сенің алдыңда күнәһармын-н-н» деп өкінішпен көз жұмады.
Аталған ғылыми-фантастикалық романда оқырманды таң қалдыратын идеялар баршылық. Фантастиканың шебері Сарманбайдың ерекшелігі осында ғой деймін. Біз ғылыми-фантастикалық романдағы оқиғалардың сюжетін, кейіпкерлердің тағдыр-тартыстарын бастан-аяқ баяндап, дәріптеп шығуды мақсат тұтпадық. Ая атты сұлудың аянышты тағдыры, о дүниедегі қорқынышты сәттері, тозаққа да түскен сәттері бұрын-соңды жазылмаған тың дүние. Автор адамзат баласына он сегіз мың ғаламның, бұл дүниенің құдіретін және бүкіл әлемді жаратушы бір Алла екенін қатты ескертеді. Бұл рас, ақиқат.
Сарманбай Исақов ҚР Президентінің ОҚО әкімінің, ОҚО мәслихатының, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен, ҚР Тәуелсіздігіне – 20, 25, 30 жыл, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ, Қарауылбек Қазиев атындағы әдеби жүлденің «Ұлт элитасы» атағының, «Жыл лауреаты» сыйлығының, 2008 жылдың «Ең үздік жазушысы» атағының иегері.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 
(1994 ж.), Халықаралық Ресей Психологиялық Ғылым Академиясының құрметті академигі 
(2013 ж.), Қазақстан Педагогикалық академиясының профессоры (2017 ж.), «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Михаил Шолохов» медалінің (2015 ж.) иегері. Фантастика шебері Сарманбайдың еңбектері әлі де кең көлемде шығып, таралмай келеді. Еңбектері де анау айтқандай бағаланып жатқан жоқ. Сарманбай қандай қамқорлыққа болса да лайық. Осы жағы ескерілсе дейміз.
Мақаланы «Әлемде ғылым мен техниканың алға қарай қарыштап жылдам дамуы ұдайы болатын заңды құбылыс. Адамзат ашылған ғылыми жаңалықтарды өте пайымды парасаттылықпен жалпыға ортақ игі мақсаттарға арнағаны дұрыс болар еді» деп «Залымдар» атты ғылыми-фантастикалық романындағы Сарманбайдың эпиграфымен аяқтағанды жөн санадым.

Шойбек ОРЫНБАЙ,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі,
«Құрмет» орденінің иегері.

Пікір қалдырыңыз