Қазыналы қария

Бір кісілер болады, айналасына тек шуағын шашып жүреді. Адамдар ондай кісімен жолыға қалса, жанын жағымды энергияға қалай толтырып алғанын өздері де білмей қалады. Енді бір кісілер болады, жұртқа пайдасынан гөрі зиянын көбірек тигізіп жүреді. Тағы бір кісілер бар, айналасына пайдасы да, зияны да жоқ. Ол ешкімді іздемейді, оны да ешкім іздемейді. Біз бүгін сөз еткелі отырған отырарлық қария Сатыбалды ӘДІЛБЕКҰЛЫ ағамыз әсілінде біз мысалға келтірген адамдардың бірінші тобына жатады.

Иә, ол кісінің өнегелі өмірдерегіне үңілсек, бірнеше рет аудандық, облыстық комсомол, партия комитеттерінің Құрмет грамоталарымен, облыстық мәслихаттың және облыс әкімінің грамотасымен, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталғанын, «Еңбек даңқы», «Еңбек ардагері», «Елеулі еңбегі үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медальдарының иегері екеніне көз жеткізесіз. Сатыбалды ағамыз 1942 жылы 24 қыркүйекте Отырар ауданы, Темір ауылдық Кеңесіне қарасты №37 разъезде теміржолшылар отбасында дүниеге келген. 

Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында туған балалардың  бақытты балалық шақтан құр қалғанын, алаңсыз жатып, ұйқысы қанып тұрмағанын  ел әлі күнге дейін айтады. Сол естен кетпес балалық шағы жайлы ағамыз былай толғайды... «Әлі есімде, анам Бейсенкүл айтып отыратын: Сен туғанда немістермен соғыс жүріп жатқан қиын кез еді. Тауарлы пойыздар батысқа қарай ақырып-шақырып, жан-жүйеңді босатып, күндіз-түні ағылып жататын. Біздің үй 12-15 үйлі казарманың шеткі барагында еді, ағаң Белген, әкең Әділбек үшеуіміз тұратынбыз. Олар  үнемі іссапарда жүретін.  Белген сен туған соң 3 айдан кейін соғысқа кетті, содан оралмады дейтін. «Жанымнан артық  көруші апа» деп бастайтын еді жазған хатын. 1943 жылы шілдеде «жараланып санчасқа  түстім» деген хаты келді, содан кейін хат келмеді. Бір күні Белген ағамыз қайғыдан қан жұтып жүрген анамыздың түсіне кіріп, «неміс  бомба тастап жойып  жіберді ғой» деп аян береді. Соны айтып анамыз  өзі қайтыс болған 1965 жылға дейін ағмды жоқтап жылайтын. Әкем «қой» деп жұбататын. Тағдырдың ісіне не шара?! Жеңістің 71 жылдығында  ағамыздың арнайы асын бердік».

Сәкең айтады: Менің Сатыбалды атануым да өз алдына бір тарих. Ол жылдарда теміржол мастері Подзоров түн жарымында гудок соғып, жұмысшыларды жинап, ішінен кезекпен бір-екеуін теміржолы бұзылған  жерге жібереді. Өзі оншақты күнде бір келіп, кетеді. Ауылда артық адам жоқ. Көрші баракта Қалмен деген жұмысшы әйелі Сараш екеуі тұратын. Ол да көбіне командировкада жүретін. Күн салқын тартып қалған 24 қыркүйек күні анамыз түстен кейін Сарашты шақырып, «толғақ қысып жүр, мен босанатын сияқтымын, маған көмектес» дейді. Ол кешке қарай келіп жәрдемдесіп,  босандырып алады... Сен өте қиын сұрапыл соғыс  кезінде туылдың. Ыстық сорпа, ішетін ас-ауқаттан ешнәрсе жоқ еді. Қалжа жегенім жоқ дейтін. Сараш әйтеуір бір құман шай берді дейтін. Сен туған соң, 3 күннен кейін әкең келді. Ол «бұл да бала болар дейсің бе,  өлетін шығар» деп үйден шығып кетті.  (Бұрынғылары қызылша ауруынан жүгіріп жүрген кезінде өліп кете берген). Біраздан кейін келіп, «баланы алып жүр» деді де өзі бір дорба бидайды алып есікке беттеді. 

Ауылда Қарабала деген кісінің 90-нан асқан шешесі бар еді. Бұл үйдің12-15 үйлі ауылда екі әйел қолдасып, түрегеп тұрып тартатын диірмені, келі-келсап, таразысы болатын. Кемпірге баланы ұстатып, «шеше, мына бала сіздікі, маған сатып беріңіз» дейді. Кемпір «бұл балам жақсы бала болады, сатылмайтын еді, сен қоймай өтініш жасап тұрсың, сатайын ақысына не бересің?» деді. Ол өз салмағындай бидай беретінін айтады. Кемпір «бұл бала жақсы бала болады». Оны ешқашан ұрмайсың, қырқынан шығарарда төбесіне айдар шаш қалдырасың. Оны сүндетке отырғызарда нағашы атасына алдырасың» дейді. Әкем  айтқаныңызды орындаймын дейді. Содан таразыға мені, екінші жағына тас салып теңестіреді. Дорбадағы бидайдың салмағы менімен теңдей болады. «Бұл баланы мен саттым, сен алдың, бұл баланың аты «Сатыпалды, Сатыпалды, Сатыпалды» деп 3 рет құлағыма айқайлап айтып, әкемнің қолына ұстатады ғой. Әкем етпетімнен жатқан менің желкемнен сүйіп, анама ұстатқан екен. Мен кейде тентектік жасағанда шешем «сен туғанда бізді аш қалдырғансың» дейтін. 

Теміржолшыларға әскери жағдайға сәйкес күніне отбасы санына қарай бөлке нан берілетін. Нан күнделікті Арыс стансасынан шыққан арнайы вагон арқылы разьездерге үлесін тастап кететін. 1949 жылы мен 37-разьездегі бастауыш мектепте оқитын болдым. Әкем мені Темірдегі бір киім тігетін кісіге апарып бірінші рет ақ кенептен костюм-шалбар тіктіріп берді. Мұғаліміміз Әшірбеков Сәдуақас деген үлкен кісі еді. Барлығы 13 ұл-қыз бір класта бірге оқимыз. Әкем марқұм ақкөңіл кісі еді, еркелеу өскен мен мұғалімнің қатаң тәртібіне шыдамай, алғашқы он күнде-ақ «бұл мұғалімге оқымаймын» деп оқуға бармай қойдым. 

Содан ертеңіне әкем қолымнан қатты қысып ұстап алды да «шешеме берген уәдем бар, сені ұрмаймын, бірақ мектепке беріп оқытамын» дегенмін.Сөйтті де мұғалімге «еті сенікі, сүйегі менікі» деп қолына ұстатып, өзі кластан шығып кетті. Сөйтіп, 1953 жылы бастауыш мектепті  Алғыс хатпен аяқтадым! – дейді тебіреніп.

Десе дегендей-ақ, ол  мектепте қамшы салдырған жоқ, үздік оқыды. Алғыр екенін байқатты... Ата-анасының мерейін өсірді. 1959 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті күміс медальмен бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын теміржол жұмысшысы болып бастады. Шымқаладағы педагогикалық институтқа  өндірістен қол үзбей оқығанды жөн көрген еді.1977 жылы аталмыш институтты ойдағыдай  бітірді.

Одан кейін Кеңес Армиясы қатарында қызмет етіп келген соң «Арыс»  кеңшарында жүргізуші,  инженер-механик, кеңшар комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Ол 1973 жылы 12 шілдеде Отырар ауылдық Кеңесі атқару комитетінің (Отырар ауылдық округі) хатшысы (кейін бас маман) болып сайланып, осы қызметте 32 жыл еңбек етті. Сатыбалды Әділбекұлы қандай қызметте жүрсе де үлкен абырой мен беделге ие болды, өз әріптестері арасында сыйлы, ел алдындағы азаматтық парызын лайықты атқара білді. 

Сәкең  өзінің  өмір белестерінде небір жақсылар мен жайсаңдарға жолықты. Сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағалары Қамбар Аманқұлов, Сламбек Байырханов, Сейсенбек Кенбаев, Қанжігіт Сыздықов, Әбілқасым Құлымбетов, Өстемір Ескеровтің басшылығымен  қызмет істеді. Олармен дәмдес, тұздас, пікірлес, сыйлас болды. Олардың бойынан ұлттық рухты, елге, жерге  деген жанашырлықты көре білді. Соларға қарап бой түзеді. Абырой биігіне ұмтылды.

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр,

Бұлтын оның бұлт демей бір түбіт дер.

Қарап тұрып мына заңғар тауларға,

Қалай кіші боламыз, ей, жігіттер!  – деп Қадыр  ақын  айтқандай,  киелі Отырар топырағында дүниеге келген Сәкең ағамыз да арман атты арғымақтың  жалынан мықтап ұстай білген еді. Әсіресе, ауылдық Кеңестің жұмысын жоспарлау, ұйымдастыру, қаулы-қарарлар қабылдау, оның орындалуын бақылау сияқты сан алуан жұмыстарды іске асыруда  аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы  Ноян Дүйсенбайұлы Алтынбековтен үйренері аз болмады. Өзі де соңынан ерген талапты жастарға үлгі, ұстаз бола білді.

– 2005 жылы 13 қазанда зейнеткерлікке шықтым. 26 қазанда аудандық ардагерлер кеңесінің хатшылығына сайланып, әлі күнге қоғамдық негізде жұмыс атқарып келемін. Бұған да 17 жыл болып, жасым 80-ге келіп, Аллаға шүкіршілік айтып отырмын. Ел аман, жұрт тыныш болсын, – дейді қазыналы қария.

Қазір Сәкеңді ел сыйлайды, құрмет тұтады. Зайыбы Жайсанкүл Құрманәлі апамыз «Алтын алқа» иегері. Ұл-қыздары өмірден өз орындарын тапқан, бір-бір үйдің иесі, бақытты өмір кешіп жатқан жандар.

Бір сөзбен айтқанда, өмірі өнеге болып өрілген, сексеннің  сеңгіріне шығып отырған  Сатыбалды  Әділбекұлының елге еткен еңбегін былай қойғанда, адамгершілігінің өзі бүтіндей бір үлкен өнеге мектебі десек артық айтқандық болмас.


Файзулла РАХМАТУЛЛАҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдырыңыз