Әл-ауқат басты орында тұруы тиіс

Кез келген мемлекеттің басты байлығы – адам. Жалпы халықтың әл-ауқаты, денсаулығы және интеллектуалдық деңгейі неғұрлым жоғары болса, мемлекет те соғұрлым қуатты әрі өркениетті болады. Мемлекет пен халық – бір-бірінен ажыратып қарауға болмайтын, өзара байланысты ұғымдар. Бұл тұрғыдан алғанда, мемлекет тарапынан қабылданатын шешімдер мен жүргізілетін реформалардың түпкі мақсаты – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, оның өмірі мен денсаулығын сақтау және нығайту екені даусыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында осы мәселеге  ерекше назар аударылды. Ең алдымен, елімізде ең төменгі жалақы деңгейі 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтерілетін болды. Жағымды жаңалық көпшілікті қуанышқа бөледі. Бұл 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға даңғыл жол ашатын жаңа тәсіл енгізіледі.
Тағы бір маңызды бастаманың бірі – ұлттық байлықты теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыру. Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда «Самұрық-Қазына» қорының таза пайдасының кемінде 
7 пайызы жыл сайын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударылатынын атап өтті.
Дана халқымыз «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деп ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген. Президенттің бұл бағыттағы бастамалары отбасы құндылықтарын бағалауға және жас ұрпақтың болашаққа сеніммен қарауына негіз қалайды. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылды. Ана мен балаға деген мұндай шынайы қамқорлық әсілінде өркениетті мемлекеттерге тән болса керек.
Келесі бастама – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Бұл бағдарлама аясында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару ұсынылды. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шешіп алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана сатып алуына немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге сәтті қадам жасауына мүмкіндік береді. Жоба 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асырылады.
Дүниеге келген әрбір балаға есепшот ашып, толықтыру бірқатар дамыған мемлекеттерде қолданылатын озық тәжірибе екені белгілі. Бұрын біз бұл игі дәстүрді қызыға сөз ететін едік. Қазақстан да мұндай қадамға аяқ басты. Мұндай бастаманың оң нәтиже беретініне сеніміміз мол.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жария еткен бастамалардың басым бөлігі қалалық және ауылдық тұрғындар үшін денсаулық сақтау және білім беру саласында теңдей мүмкіндіктер жасалуымен де құнды екенін атап өткеніміз жөн.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен денсаулық сақтау саласындағы ұлттық жоба да өміршең болғалы тұр. Ол сонысымен де маңызды. Аталған жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңартылып, ауданаралық көпбейінді медициналық мекемеге айналады. Сөйтіп мұнда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл ауыл халқына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын  жақсартып, қолжетімділігін арттырады. 
Ауыл және қала мектептері арасындағы айырмашылық азайып, олардың мазмұндық және техникалық деңгейі теңестірілмек. «Жайлы мектеп» жобасы сәтті жалғасын табады. 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалмақ. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешіледі.
                                                                                                  
  Саттар ҚУАШБАЙ,
  «Болашақ» үздіксіз білім беру орталығының директоры, 
экономика ғылымдарының докторы, профессор,
Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.
Пікір қалдырыңыз