Өмірге құштар Қалдыбек

Пернебай САПАР, «Ońtústik Qazaqstan».
Қалдыбек Тұрсынұлы 1966 жылы Төлеби ауданының Жаңаұйым ауылында дүниеге келген. Бес жасында дертке шалдыққандықтан балдаққа сүйеніп жүреді.
«Дертім жаныма батса да, өмірден түңілген кезім жоқ. Бала күнімнен өмірге құштар болып өстім. Ата-анам, бауырларым үнемі дем беріп отырды. Білімге деген құлшынысым да төмендеген емес. Көксәйек ауылындағы арнайы балалар мектеп-интернатын «Алтын белгімен», Шымкент гуманитарлық қаржы колледжін қызыл дипломмен бітірдім» дейді Қалдыбек аға. Диплом алған жас маман ауылдық Кеңесте хатшы, ауылдық мәдениет үйінде меңгеруші болып жұмыс істеген.
«Әжептәуір жұмыс істеп жүргенде тоқырау жылдары келді. Жаппай қысқару, жұмыссыздық белең алды. Әйтсе де, екі қолы сау адамға нәпақа табылады. Қарап отыруды уақыт көтермейтін заман еді. 1992 жылы алғаш рет Леңгір –Шымкент бағытында жүретін такси жүргізушілер бригадасын құрып, өзім бригадирі болдым. Көнелеу болса да, жүруге жарайтын «Жигулиіммен» Леңгір мен Шымкенттің ортасында жолаушы тасымалдап жүрдім. Біртіндеп ол кәсіпті де қалыпқа түсірдік. Еңбек етуге ерінбеген жанның несібесі жоғалмайды. Сол жылдары алғашқылардың бірі болып көлік жөндеу орталығын аштым. Шетелдік көліктердің ақауын тауып, бұзылғанын жөндеп жүрдік. Кейінірек ол орталығымды бір себептермен сатып жібердім» дейді Қалдыбек Тұрсынұлы. Ол әлі де Леңгір – Шымкент бағытында жолаушы тасумен айналысады.
«Адамдар алғашқы кездері менің жансыз аяқтарыма қарап қорқа-қорқа отыратын. Бүгінде біраз танымал болып қалдық. Телефон арқылы тапсырыс беретін клиенттерім де бар. Өмір болған соң түрлі жағдайлар кездеседі. Бір жолы Шымкенттен Леңгір қаласына үш келіншекті алып келдім. Жүк салғышыма үлкен сөмкелерін салған еді. Орталыққа келген соң, біреуі көліктен шығып «қазір келемін» деп жүгіріп кетті. Сәлден соң қалған екеуі «күте тұрыңызшы» деп түсіп кеткен. Сол күйі оралған жоқ. Жүк салғыштағы сөмкені ашып қарасам түкке жарамсыз қиқым-сиқыммен толтырып тастаған екен. Қайдан іздеп жүрейін, «әйтеуір аман болсын» деп қоя салдым. Жалпы, такси жүргізушілері барынша адал болғаны дұрыс. Біздің басымыздан да түрлі жағдайлар өтіп жатады. Күні кеше ғана күнімен жолаушы тасып, кешкісін үйге келгенмін. Көлігімнің артқы орындығында қызыл сөмке жатқанын көрдім. Ашып қарасам аздаған ақша мен түрлі құжаттар бар екен. Дереу WhatsApp-тағы тобымызға суретін жіберіп, жаппай таратуды сұрадым. Сөмкенің иесі тез табылды. Олар анасы мен жас қыз екен. Алғысын жаудырып, қарт ана батасын беріп кетті. Мына өмірде ешкімнің ала жібін аттамай, қиянатсыз өмір сүріп, несібеңді адалынан тапқанға не жетсін!» дейді Қалдыбек аға.
Кейіпкерімізге «автомектептен жиі ұсыныстар түседі екен. Ол жастарға көлік жүргізуді, жол ережесін үйретеді. «Көлік жүргізу мен жол ережелерін менен үйренген көптеген жас жігіттер бар. Олар да бос уақыттарында жолушы тасымалымен айналысады. Маған деген сәлемдері түзу, ол да болса көңілге қуаныш сыйлайды. Өзім қолым бос кезде дәнекерлеу жұмысымен айналысатыным бар» дейді ол.
Қалдыбек Тұрсынұлы үш қыз бен екі баланың әкесі. Бүгінде екі қызын ұзатып, немере сүйіп отыр.
«Мен Үкіметтен өзіме тиесілі зейнетақымды аламын. Басқалай жәрдем сұраған емеспін. Біреуге алақан жайып, телміріп жүргенді жаным қаламайды. Кейде он екі мүшесі сау, дап-дардай жігіттердің болмашы тірлікпен айналысып, тіпті, кейбірінің аз-кем қиындыққа бола өмірден түңіліп жүргенін көргенде таң қаламын. Қандай жағдайда да ертеңгі күнге деген үміт оты өшпеуі керек. «Қыбырлаған қыр асады» деп аталарымыз бекер айтпаған. Ең бастысы, өмірге деген құштарлығыңды жоғалтпауың керек» дейді кейіпкеріміз.
Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.