Ұйым міндеті – аймақтық қауіпсіздікті нығайту

Самарқанда Шанхай ынтымақтастығы ұйымының ХХІІ саммитіне 13 елдің президенті қатысты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген сөзінде алда ұйым әлеуетін толық пайдалану міндеті тұрғанын айтты. 
«Ұйым қызметін одан әрі жетілдіріп, ШЫҰ кеңістігінде және одан тыс жерлерде негізгі үрдістерді болжау ісін күшейту маңызды. ШЫҰ қызметі оның жарғылық құжаттарында көрсетілген негізгі қағидаттардың өзектілігін айқындады. Олар: экстремизм, терроризм, сепаратизм секілді «үш зұлымдыққа» қарсы күрес, мемлекеттердің егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау, ішкі істерге араласпау» деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев атап өткендей, ұйымның негізгі міндеті аймақтық қауіпсіздікті нығайту болып қала береді. Бүгінгідей  халықаралық жағдайдың күрделі кезеңінде өзара сенімнің жетіспеушілігі белең алды. Сондықтан Президенттің әскери-саяси ынтымақтастықты арттыру ұсынысы өте орынды.
«ШЫҰ мемлекеттері – әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші әрі экспорттаушы елдер. Біз ШЫҰ аймағында да, одан тыс жерлерде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейтуді ынталандыруымыз керек. Мемлекеттеріміздің халықаралық азық-түлік өндірісі мен жеткізу тізбегінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысуы әлемдік азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі» деді Президент.
Мұнан бөлек, ҚР Президенті ШЫҰ-ның энергетикалық стратегиясын бірлесіп әзірлеу жаһандық және өңірлік энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз ететініне де тоқталды.
Пікір қалдырыңыз