Қай пейілімізден таптық?

Абай БАЛАЖАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Бірнеше күннің жүзі болды, қазақ даласының барлық атырабы өртке орана бастады.
Түнеукүні Жетісай, кеше Торғай, одан Марқакөл, Алматы, Шымкент...
Кездейсоқтық па?
Жоқ! Құдай жаратқан әлемде ешнәрсе кездейсоқ болмайды! Кездейсоқ өрт шалу былай тұрсын, талдың сабағына әрең ілініп тұрған жапырағы кездейсоқтан кездейсоқ үзіліп түспейді. Демек...
Демек, Алла Тағалаға жақпайтын бір қылығымыз бар. Бір қылығымыз деген әншейін айтарға ғана. Құдай бір теріс қылыққа бола осынша жазаламайтын болар, әсілі, шектен шығып кетсек керек.
Шектен шыққанымызға дәлел керек пе?
Алла пендесін еркек, әйел етіп жаратты. Еркекке еркекке тән, әйелге әйелге тән қасиет дарытты. Еркек етіп жаратқан екен, еркек болып өлуге тиіссің!
Әйел етіп жаратты ма, сол Алланың алдына әйел болып баруың керек!
Біз не істедік?
Еркегіміз қатын болуға құмартып, қатын болып тындық. Әйеліміз еркек болдық! Және бұған намыстанудың орнына айналамызға мақтана қарайтын болдық. Қазақтың жап-жас жігіттері гей-парадқа қатысатын болды. Құдай бұл үшін қаһарлана ма, жоқ па?
Тобаға келсек бір сәрі ғой, жүріс-тұрысы күмәнді сондайларды мемлекеттік билікке әкеле бастадық!
Құдай бұған қаһарлана ма, жоқ па?
Мұны да қоя беріңіз, мұндайларды шіріген жұмыртқаға балап, қоғамнан аластатып жіберуге тиіс қазақ керісінше, түгелге жуық сондайлардың сөзін сөйлей бастады.
Құдай бұған қаһарлана ма, жоқ па?
Құдай екі ұлттың біріне тәуелсіздігін сыйлай салмайды. Тәуелсіздікті алса, еңкейген қартынан еңбектеген баласына дейін қолына қару алып күреске шыққан чешен алар еді ғой!
Татардың қазақтан білімі кем бе еді, әлде тәуелсіздікке деген махаббаты кем бе еді?
Сан жағынан қазақты екі орайтын ұйғырдың, үш орайтын күрдінің Тәуелсіздікке деген махабаттары жанарларында жәудіреп тұр.
Алла Тағала осыларға қимаған Тәуелсіздігін бізге қиды! «Тәуелсіздік үшін ата-бабаң аз қан төкпеп еді, ал, өз алдыңа мемлекет бола ғой!» деді.
Біз не істедік? Өз алдымызға ел болдық па?
Бірден айтайық, болған жоқпыз! Тәуелсіздік дегенді әркім білгенін істеу деп түсіндік. Оны түсіндіретін идеологияны мемлекет күресінге тастады. Сосын ал кеп, мемлекетті тонау басталды! Отыз жыл тонадық!
Құдай бұған қаһарлана ма, жоқ па?
Қазақ билігіне келгендер сектасыз өмір сүре алмайтын болды. Кеше уахабтарға бағдаршамның жасыл жарығын жағып қойсақ, бүгін гүленшілерді төрге шығардық. Құдайдың шын дінін керек қылмадық. Не уахаб болуың керек, не гүленші болуың керек!
Құдай бұған қаһарлана ма, жоқ па? 
Қазақтың атқа мінгендерінің трайбализм дертін жұқтырмағандары кемде-кем. Осы дертті айтқандарды күстаналап, рушылдықпен ауырған рухани қортықтарға нән қызметтер ұсына бастадық.
Құдай бұған қаһарлана ма, жоқ па?
Қаһарланады екен! Оның дәлелі - кешегі Қаңтар қырғыны! Небір айбозым ұлдардың өмірін құмалақтай оқтар қырқып кетті...
Бұл ескерту еді. Өкінішке қарай, есіміз кірмеді. Қызтекелердің қасында жүргендерді де, аз қазақты руға бөлгендерді де биліктен аластатқан жоқпыз. Мұнымыз тура Құдаймен ерегіскендей қылық екенін әлі түсініп болмағандаймыз. Төрт тарабыңды шарпып жатқан өрт Алланың әлі де ескертуі шығар... Ал, біз «қай пейілімізден таптық екен?» демейміз,
«Біреулердің қастандығы шығар» дейміз. Иә, дұрыс айтасыз, біреулердің, біреулер болғанда да өз ішімізден шыққан қасиеттен жұрдайлардың қастандық әрекеттері болуы мүмкін. Әбден мүмкін. Егер солай болса, Құдай Тағала ол қасиетсізді де өз арамыздан шығарып тұруы мүмкін ғой... Егер осылай болса, мұны Құдайдың жазасы дейді.
Ақылға келетін уақыт болды ғой, ағайын!
Пікір қалдырыңыз