Қатын күрес той-томалағымыздың сәні еді

1983 жылдың жазында Созақ ауданында шопандар тойы өтті.  Осы тойда Калинин кеңшарының екі фермасынан шолаққорғандық Мәнтай апа мен жеткіншектік Шалқар апа күресіп еді.
Бабата ауылында Оразбек көкеміздің жұбайы Келісім апа мен Ғалия апаның күресі де елдің есінде ұзақ сақталған оқиғалардың бірі болды.
Осы күрестерді көрген жұрт қазақ аналарының өжеттігі мен қайсарлығына, батылдығына қайран қалысқан екен. Бірде Келісім апа туралы Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ағамыздың аузынан әдемі бір естелік естіген едім.

– Келісім жеңгеміздің аяғы ауырлап жүрген кезі екен. Бір күні күйеуін малға шығарып салып, бір-екі қырдың астындағы сайдан сексеуіл сындырып әкелуге шығады. Алайда, күн түске ауа бастағанда толғағы қыса бастайды. Бұл уақытта бір кісіге жүк боларлықтай отын жинап қойған. Толғақ қыса түсіп, ақыры сол жерде босанып, баласының кіндігін тісімен қиып, орамалына жас нәрестені орап, құндақтап, томарын қоса арқалап, кешкісін үйіне жетеді. Сол апамыздың қайсарлығы мен шыдамдылығына қайран қалысады жұрт.
– Шолаққорған ауылында өткен Наурыз мерекесінде Байна көкеміздің үйіндегі Шалқар жеңгеміз бен Дүйсенов Жазбек көкеміздің үйіндегі Айымкүл апамыздың күресін тамашалағанымыз әлі есімде, – дейді абайлық Алпысбай Нұрымбетов.
1991 жылы Раң ата ауылында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың нағашысы Уәлихан Ақпанбетұлы кенже баласының сүндет тойын өткізді.
Той тау ішіндегі Күркіреуік өзеніне құятын көк бұлақтың жағасында өтті. Онда бірнеше ұлттық ойындар, оның ішінде қатын күрес те ұйымдастырылады. Палуандар бәсекесіне раңаталық батыр аналар Аманқыз апа мен Қаршыға апа шықты. Екеуі бірін-бірі ала алмады, шай қайнатым уақыт бойы арпалыса күресті. Соңына қарай шаршап, әл-дірмәні қалмаған Қаршыға апа жеңілгенін мойындап, күресуден бас тартты. Сөйтіп, жеңісті Аманқыз апа иеленді. Сол тойда бәйге тігілді. Төбенің етегінен құрамында екі-екіден адамы бар екі топ қатар тұрып сынға түседі. Олар бірін-бірі арқалап, төбенің басына дін аман жетуі керек. Қай топ бұрын әрі уақтылы жетсе, дорба толы бәйгеге ие болды. Төбенің беткейіне арасы 20-30 метрден 2-3 жерге ақ тастар қойылды. Осы тұсқа келіп, жарысқа қатысушылардың демалып, ентігін басып, үсті-басын түзетуге, сусын ішіп алуға мүмкіндіктері бар. Әрі қарай екінші адам кезектесіп арқалап жоғарыға өрмелейді. Қай топ бұрын жетсе, бәйге солардікі. 
Ал, қатын күрес ойынына қыздар, келіндер қатыстырылмайды. Негізінен бұл жас жігіттерді, ер азаматтарды қайрау іспетті ойын. «Әне, әйелдер күресіп жатқанда саған не жорық?», «Неге күресе алмаймын дейсің?», «Еркек емессің бе?» деп жігіттердің намысын қайрау секілді. Кезінде қазақтың батыр қыздары жауға ер-жігіттермен бірдей шауып, елі мен жерін, Отанын қорғады емес пе?! Ақбикеш, Гауһар ана, Тұмар ханым, Кенесарының қарындасы Назым, сондай-ақ, Әлия мен Мәншүк, кешегі Ләззат пен біздің жерлесіміз Гүлнар Есенқұлова сол батыр апа-аналарымыздың жалғасы.
Шаға ауылындағы Наурыз тойында Күләш, Күнсұлу, Бегмаш, Күлтай, Қалдан, Зоя  секілді жеңге-әпкелеріміз күресіп, той ажарын аша түскенін білетінбіз.
Әйелдер көбіне мақталы шалбар, кеудесіне жемпір киіп, басына орамалды шарт түйіп шығады. Әрине, бұл жерде бәйгеге тігілген сый-сияпат, қаржыдан да жоғары бүтіндей бір ауылдың абыройы мен намысы, артынан қолдау, демеу жасап отырған жанкүйерлерінің сенімінен шығу деген үлкен міндет пен жауапкершілік жүгі тұрады.
Күрес барысында шапшаңдық, әбжілдік, әдісті дұрыс қолдану, әдептілік, қарсыласты сыйлай білу сияқты әр палуанның әдеп пен адами қасиеттері де бағаланады. «Алып анадан туады», «Батыр да, ақын да анадан туады», «Алтын құрсақты асыл аналар» деген сөздерді жиі естиміз. Алайда, осы сөздердің астарына терең мән бермейміз. Кезінде аналарымыз барымтада, жаудың алдына салып айдап кеткен жылқыларын қайырып алу үшін атқа қарғып мініп, іргедегі күйеуінің найзасын білегіне қоса іле шапқанын білеміз. Бұл шыдамның шегіне жеткен кезі. Одан әрі не жауын өлтіреді, не өзі өледі. 
Кешегі шапқыншылық кезінде елге бас ие болып әйелдер қалған. Ары мен абыройын өзгелерге таптатпау үшін әйелдер садақ тартып, найза лақтырып, ат үстінде айқаса да білген.  Бүгінгі қатын күрестің түп атасы әжелерімізден қалған үрдіс. Ибалылық, әсемдік, сұлулық, нәзіктік әйелдердің еншісінде. Дегенмен, бүгінде қыздар арасында спорттың барлық түрінен жарыстар өтіп жүр емес пе?! Ендеше, той-томалақтарда сол үрдісті неге жалғастырмасқа?!

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.
Пікір қалдырыңыз