Ана мен бала жағдайы – басты назарда

Ана денсаулығы – ұлт саулығы. Мемлекетіміз үшін ана мен бала денсаулығы, олардың өмірі қашан да бірінші орында. Ана мен баланы қорғау кез келген мемлекеттің ішкі саясатының басым бағыты ретінде қарастырылады. Сонымен қоса ана мен баланы қор-ғау – мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығының да өзекті саласы. Мемлекеттік саясаттың осы бағытының мән-маңызы және осы мәселеге халық-аралық қауымдастықтың ерекше назары халықтың репродуктивті деңгейі, мемлекеттің еңбек, зияткерлік әлеуеті, жас ұрпақтың физикалық, рухани және адамгершілік дамуы, әйелдер мен балалардың денсаулығы, әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты екендігін көрсетеді.
Ана мен баланы қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігі құқықтық база мен оны іске асыру механизмдеріне келіп тіреледі. Бүгінгі таңда осы саланы тиімді реттеуге мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық база қалыптасқан. Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, ана мен баланы қорғау саласындағы құқықтық база БҰҰ құрылғанға дейін де қалыптаса бастады. Ал, аталмыш ұйымның құрылуымен бұл мәселеге жаһандық мән берілді. 1948 жылы қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында «Ана мен бала ерекше қамқорлық пен көмек алуға құқылы» делінген. Халықаралық еңбек ұйымының бас конференциясы 1952 жылы ананы қорғау туралы Конвенцияны қабылдады. Ал, 1959 жылы Бала құқықтары жөніндегі арнайы декларация қабылданды.
Ана мен бала құқығын қорғау – Қазақстан үшін қашанда аса маңызды басымдыққа ие. Себебі, мемлекеттің ең басты қазынасы – адам екендігі Қонституцияда анық жазылған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында ана мен бала мәселесі назардан тыс қалған емес.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы Жолдауында: «2024 жылдан бастап ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының тең жартысы 18-ге толмаған қазақстандықтардың жеке шоттарына аударылып отырады» деп атап көрсетті.
Елімізде әлеуметтік көмекті қажет ететін ең өзекті әрі көкейтесті мәселелердің бірі – ана мен баланы әлеуметтік тұрғыдан қорғау және денсаулықтарын жақсарту. Сондай-ақ, ана мен бала өмірі әлем дамуының ең күрделі проблемасына айналып отырғаны белгілі. Осы жағдайлардың алдын алмаудың салдарынан аналар мен балалар өлімінің саны артып, өмір сүру ұзақтығы азайып, қатерлі инфекциялық түрлі ауруларға шалдығып, қоғамда жетім, мүгедек балалардың көбейгені белгілі.
Еліміз әйелдерді кемсітудің кез-келген түрін жоюға бағытталған конвенцияны қабылдады. Бұл елдегі гендерлік теңдіктің сақталу заңдылықтарына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Тұрмысы төмен әйелдерге көмек көрсету мақсатында «Әйелдер кедейшілікке қарсы» жалпы ұлттық акциясы ұйымдастырылды. Акция барысында көмекке аса зәру отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілді. Әйелдер денсаулығын жақсарту мақсатында облыстар мен қалаларда БҰҰ-ның халық саны қорының репродуктивті денсаулығын сақтауға бағытталған жобасы жүзеге асырылды. Қазіргі таңда еліміз бойынша әйелдерге заңды-психологиялық тұрғыда көмек беретін 20-дан астам дағдарыс орталығы бар. Бұл дағдарыс орталықтарында стационар жағдайында әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке тап болған әйелдерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі Батыстың дамыған елдерінде ерекше әлеуметтік мәселе болып табылады. Қазақ-станда жағдай өзгеше. Сондықтан бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелді қадірлей білуіміз керек. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін гендерлік тәрбие бағдарламаларын мектептерге ендіру мәселесін де көп болып ойласқан жөн. Ана мен бала жағдайын жақсарту проблемаларының ішінде бұл жұмыстың деңгейі әсіресе, әйелдердің өздерінің ұйымдастыруы арқылы жақсы нәтиже береді.
Ендігі бір проблема – нәрестелердің перинаталды өлімі мен олардың аналарының босануы салдарынан өлімге жиі ұшырауы болып отыр. Оның негізгі себебі, ең алдымен әйелдердің денсаулығының нашарлығына, әртүрлі аурулармен жиі ауыратындығына байланысты. Содан кейінгі бір себеп – ауыл тұрғындарының әлеуметтік тұрмыс жағдайының нашарлап, көпшілік отбасы мүшелерінің жұмыссыз қалуы. Сондай-ақ, экологиялық зиянды факторлардың да ана мен бала организміне тигізер зардабы орасан.
Ана мен бала денсаулығын қорғау біздің мемлекетіміздің, денсаулық сақтау органдарының, жұртшылықтың тікелей назарында болуға тиіс. Яғни ана мен баланы әлеуметтік тұрғыдан қорғауда олардың денсаулығына айрықша көңіл бөлуіміз керек. Себебі, дүниеге сау ұрпақ алып келу үшін әуелі ананың денсаулығы мықты болуы шарт. Бұл ретте мемлекет, Үкімет тарапынан жасалып жатқан ізгі істер баршылық.
Елімізде бірнеше жылдың ішінде қарқынды қадамдар жасалып, елеулі оқиғалар болып жатыр. Қазақстанда тууды көбейту үшін арнайы бағдарламалар қабылданса, артық болмайды. Қазіргі кезде елімізде халық саны 19,1 миллион адамды құрап отыр. Оның ішінде 17 жасқа дейінгі балалардың саны 2021 жылдың басында 6 295 590 болған. Бұл көрсеткішті 2011 жылғы статистикалық деректермен салыстырғанда 22,9 пайызға өскенін аңғаруға болады. Соның ішінде Түркістан облысындағы балалар санын бөліп алып қарайтын болсақ, 2021 жылдың басында 889 872 бала тіркелген.
Бала өмірінің маңызды кезеңдерінің бірі – балабақша, мектеп жасына толуы. Қазақстан бойынша балалардың мектепке дейінгі білім алуына арналған 10 867 ұйым бар. Олардың дені балабақшалар, шағын орталықтардан тұрады Соның ішінде Түркістан облысында 1 418 балабақша бар. Онда 157 544 бала тәрбиеленеді. Ал, балабақшаға кезекте тұрғандардың саны 5 460 баланы құрайды.
Мектепке дейінгі ұйымдарда баланы жалпы орта білім беретін бастауыш сыныпқа дайындайды. Сонымен қатар, бала тәрбиесімен отырған ата-анасының жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді. Осы сияқты жалпы білім беретін мектептер де жас ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды орын болып табылады. Қазіргі кезде Түркістан облысында жалпы орта білім беретін 961 ұйым жұмыс істейді.
Жалпы балалардың денсаулығы, білім және әлеуметтік қамсыздандыру мәселесінен тыс, балалардың құқығын қорғау жағдайы да арнайы қарастыруды қажет етеді. Қазақстан жағдайында балалардың құқығы мен әлеуметтік жағдайы ЮНИСЕФ шеңберінде қарастырылады. Алдағы уақытта, Түркістан облысының әкімдігі балалар құқығын, әлеуметтік жағдайын БҰҰ-ның қорлары мен республикалық, облыстық деңгейдегі үкіметтік емес ұйымдардың қызметімен байланыстыратын болады.
Халықтың табиғи өсімі Қазақстанның демографиялық құрылымы үшін маңызды фактор болып табылады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау, бос уақытын тиімді пайдалану, білім алу және балалардың құқықтарын қорғау тікелей жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Осыған байланысты бүкіл республикада және Түркістан облысында әлеуметтік қамсыздандыруға, тегін білім беруге және бала денсаулығын дамытуға жағдай жасалуда.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру бағытында ата-аналарды қатыстыра отырып, «Біз туристік отбасымыз» атты отбасылық фестиваль өтті. Мақсаты – мекеменің іс-шараларына белсенді ата-аналарды қатыстыра отырып, бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлі мен жауапкершілігін арттыру. Үздік туристік отбасыларды анықтау. Алдағы уақытта ата-аналармен жүргізілетін жұмыс жоспарына сәйкес «Ата-аналар форумын» өткізу жоспарлануда.
Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның «Балалар қауіпсіздігі, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету» секторы, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы, сектор төрағасы Дінислам Болатханұлының қолдауымен «Облыстық жас туристер стансасы» КММ Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесіп ата-аналармен, оқушылармен, әлеуметтік топтармен жұмыс істеуді жоспарлауда.
Сәуле Өмірбаева,
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының «Облыстық жас туристер стансасы» КММ директоры, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және
отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі.