Әлемде мақта қымбаттады. Неге?

Ұлас Үсенбай, «Ońtústik Qazaqstan».
Биыл әлемде мақта бағасы 30 пайызға қымбаттады. Ливерпуль биржасының есебінше, мақтаның бір келісі дәл қазір 396 теңгенің көлемінде. Осыдан он шақты күн бұрын мақтаның келісі 416 теңге болған. Ал, былтыр «ақ алтынның» бір келісі 320-380 теңге аралығында еді.
Айта кетейік, елімізде «ақ алтынның» отаны саналатын Түркістан облысында биыл мақта 126,3 гектар жерге егілді. Бұйыртса, биыл 345 мың тонна мақта жинау жоспарланып отыр. Өткен жылы 290,4 мың тонна мақта жиналған болатын.
Бізде ішкі нарықта мақтаға деген сұраныс аз. Себебі, өңірімізде оны толық өңдейтін өнеркәсіп орындары жоқтың қасы. Сондықтан елде жалпы өнімнің 70-80 пайызы экспортқа шығарылады.
Елімізде мақта-мата өнеркәсібі орындары негізінен оңтүстікте шоғырланған. Сала мамандарының мәлімдеуінше, өңірімізде Түркістан қаласында, Шардара, Жетісай және Ордабасы аудандарында барлығы 18 мақта зауыты бар. Қазіргі таңда бұл мақта зауыттарына қарасты 209 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеуде. Олар әр ауыл-аймақта орналасқан. Мақта өңдейтін кәсіпорындардың жалпы қуаты 790 мың тоннаны өңдеуге жетеді. Алайда, көбінде технология ескі. Жүргендерінен тұрғандары көп. Сала мамандарының айтуына қарағанда, соңғы 4-5 жылда 5-6 зауыт жабылып қалған.
Қазір елімізде мақта талшығын өңдеп, мата, жіп шығаратын бірден-бір фабрика, ол – «Азала текстиль». «Мырзакент» мақта өңдеу зауытына қарасты «Азала текстиль» ЖШС-і Шымкент қаласында орналасқан. Аталмыш фабрика 2009 жылдан жұмыс істейді. Өткен жылы 2 мың тонна, биыл 10 мың тонна мақта өңдеп, 16 млн. текше метр кездеме шығарды.
Америкада да, Бразилияда да гектар түсімі төмендеп барады
Мамандар әлемдегі бұл қымбатшылыққа құрғақшылық пен күннің ыстығы себеп болғанын айтады. Алдымен «ақ алтын» өндіруден алдына жан салмайтын көшбасшы ел Үндістанның бүгінгі жағдайына тоқталайық. Дәл қазір үндістандықтардың өзі мақтаны шетелдерден алуға мәжбүр. Онда нөсер жаңбыр мен түрлі зиянкестердің салдарынан мақта өсіруге мүмкіндік болмай отыр. Осы уақытқа дейін әлемдік мақта экспортының жартысы өздеріне тиесілі болып келген АҚШ пен Бразилия мемлекеттері де дәл осындай қиындыққа тап болуда. Нақты айтар болсақ, аптап ыстықтан АҚШ-та мақта өндірісі 28 пайызға, Бразилияда 30 пайызға қысқарды.
Сарапшылардың пікірінше, биыл АҚШ-та жиналған мақта көлемі 1868 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш болып есептелуде. Әлемде нарыққа қажетті мақтаның 33 пайызын өсіріп келген елде мақта дәні себілген алқаптың 40 пайызында мүлдем өнім шықпаған. Соның салдарынан жиын-терім көлемі жылдағыдан 28 пайызға төмендеді.
Аbrapa компаниясының мәліметінше, Бразилияда да жиналған мақта көлемі көңіл көншітпейді. Bom Futuro өндірушісі мақта түсімі өткен маусыммен салыстырғанда 27 пайызға төмендегенін хабарлауда. Әлемде мақта өсіруден екінші орын алатын бұл елде қуаңшылық пен аптап ыстықтың салдарынан өнім жылдағыдан 30 пайызға кем жиналды.
Сарапшылар биыл дүние жүзінде 5 миллион гектардай жерге егілген мақтаның тек жартысынан ғана өнім алынғанын айтуда. Өндірістің құлдырауы және мақта бағасының шарықтап кетуі әртүрлі санаттағы тауарлардың, оның ішінде қағаз бен картонның, сәбилерге арналған заттар мен киімдердің қымбаттауына әкеліп соқпақ.
Ресейлік кәсіпкерлер қазіргі таңда мақтаны Түркиядан және Өзбекстаннан сатып алуда. Әрине, мақта біздің елімізде де өсіріледі. Дегенмен, бізде мақтаны толық өңдейтін зауыт жоқтығы қынжылтады.
Холматова Хуснидахон Рахимжоновна
Мақта бағасы Түркістан қаласының Шардара ауданында қашан шығады.Завуттар білгенін істеп бағаны барынша төмендетуде . Шаруалар әптен шаршады .Менде оқудағы қызымын оқу ақысын төлей алмай, үйгегаз кырғыза алмай отырмын.Себеп әлекунгедейын баға жоқ.Бүл не деген сумдық.