Зейнет жасы қысқарды


      Мемлекет 2018 жылдан бастап  зейнет жасын жыл сайын алты айға ұзартып келеді. Билік бұл өзгерістерді «зейнет жасы ұзарған сайын, зейнетақы қорындағы жинақ қаржы көбейіп, әйелдің «қартайған шағында қамсыз» болуға мүмкіндігі артады» деп түсіндіреді. Алайда ауыр еңбек етіп, тұрмыс тауқыметін көріп жүрген әйелдер үшін зейнет жасын ұзарту азаппен тең болды.

   «Әйелді 63-ке дейін жұмысқа салу – қорлаумен тең» деген белсенді әйелдер қолдарына «Зейнетке шығу жасын 58 жасқа қайтаруды талап етеміз» деп жазылған плакат алып, талай мәрте митингке шықты. Өйткені олар үшін биліктің назарын аударатын басқа амал қалмаған еді.

   Ақыры, талап ескерусіз қалмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған  Жолдауы барысында Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығуы 61 жас деңгейінде бекітілетінін айтты. «Кеңінен көтеріліп жүрген әлеуметтік сауалды ескере отырып, әйелдер үшін зейнетке шығу жасының межесі 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітіледі», - деді Мемлекет басшысы. Мұның өзі үлкен жетістік. Демек, әйелдердің жан айқайы биліктің құлағына жетті.

     Сонымен қатар Президент Бірыңғай жинақтау зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуді тапсырды.

Ақбаян ЖАҚЫПОВА,

«Түркістан облысының ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

 

Пікір қалдырыңыз