Дархан Сатыбалды – Түркістан облысының әкімі

Дархан Сатыбалды 1974 жылы Сарыағаш ауданында туған. С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітірген. Мамандықтары – экономист-менеджер, заңгер.
Еңбек жолында ҚР Премьер-министрі Кеңсесі бөлім меңгерушісінің орынбасары, Шымкент қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымдарында жұмыс істеген. 2018 жылы Шымкент қаласынан Сенат депутаты болып сайланды. 2019 жылдан бері Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып келді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу Түркістан қаласына келіп, Түркістан облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты. Әлихан Смайылов депутаттарға ҚР Президентінің Түркістан облысының әкімі қызметіне Ұласбек Сәдібеков пен Дархан Сатыбалдының кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді. Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша 286 депутаттың 200-і Д.Сатыбалдының кандидатурасына дауыс берді, 86 депутат Ұ.Сәдібековті таңдады. 
Сессиядан кейін облыс активінің отырысы өтті. Жиында Әлихан Смайылов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығын оқып берді. Президент Жарлығымен Түркістан облысының әкімі болып Сатыбалды Дархан Амангелдіұлы тағайындалды. 
Ел Президенті Шөкеев Өмірзақ Естайұлына өңір басшысы қызметіндегі көп жылғы жұмысы үшін алғыс айтты. 
Облыс активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Әлихан Смайылов ҚР Президенті өңір басшылығының алдына азаматтардың әл-ауқатын көтеру, туризмді, агроөнеркәсіп кешенін және басқа да салаларды дамыту бойынша міндеттер қойғанын атап өтті.
Мәселен, Түркістан облысын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында бірқатар маңызды жобаларды іске асыру көзделген, оның ішінде жаңа өнім шығару, жолдарды жаңғырту, тұрақты жұмыс орындарын құру және жалпы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жобалар бар.
«Өңір басшылығы экономиканы барынша әртараптандыру бойынша жұмысты жандандыруы қажет. Тұрғындарды жұмыспен қамтып, азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, халықты газбен және сумен жабдықтау, сондай-ақ мектептегі орын жетіспеушілігін жою мәселелеріне бірінші кезекте назар аудару қажет» деді Премьер-министр. 
Бұл орайда Үкімет басшысы облыс әкімдігінің жұмысы халықпен тиімді диалог негізінде құрылуы тиіс екеніне назар аударды.
Әлихан Смайылов қазіргі уақытта туризмнің облыс экономикасының негізгі салаларының бірі екенін, сондықтан отандық және шетелдік туристер үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

1 пікір

Пікір қалдырыңыз