Мемлекет басшысы Бакуде Ильхам Әлиевпен кездесті

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Әзірбайжанға барды. Баку әуежайында Қазақстан Президентін Әзірбайжан премьер-министрінің бірінші орынбасары Ягуб Эюбов пен сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов күтіп алды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі Әзірбайжан президентінің «Загульба» резиденциясында өтті» деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Құрметті қарауыл бастығы рапорт бергеннен кейін екі ел басшылары әскерилер сапын аралап өтті. Қазақстан мен Әзірбайжанның әнұрандары шырқалды. Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегациялардың мүшелерін таныстырды.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті.
Қазақстан Президенті Әзірбайжан Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
«Ең алдымен бізге көрсеткен қонақжайлылығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл – Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бірқатар өте өзекті мәселелер туралы пікір алмасулар болады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзірбайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев өзінің шақыруын қабыл алып, Әзірбайжанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің Бакуге келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.
Пікір қалдырыңыз