Жаңа маусым: Еуропа аспанында «жұлдыздар» жымыңдайды

Осы аптада Еуропаға үлкен футбол қайта оралады. Екі айға созылған маусымаралық үзілістен кейін бірқатар Еуропа елдері өз чемпионаттарын бастайды. Бірқатар дейтін себебіміз, біраз елдерде чемпионат көктемде басталып кеткен. Ал күз-көктем схемасымен маусым өткізетін чемпионаттар енді басталмақ. Бүгін УЕФА-ның ТОП-5 үздік чемпионатына кіретін Англияда, Германияда, Францияда алғашқы тур ойындары ойналады. Ал, Испания мен Италия ауа райының ыстықтығына байланысты маусымды кешірек бастайды. Маусымаралық үзілісте қандай трансферлер болды? Биылғы маусым несімен қызық болады? Бүгін осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітсек...

Күштілердің уайымы да күшті

Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду жаңа клуб іздестіру үстінде. Оған себеп – «Манчестер Юнайтедтің» алдағы маусымда УЕФА чемпиондар лигасында ойнамауы. Былтыр «манкуниандықтар» чемпионатта небәрі 6-орынға табан тіреді. Сондықтан биыл Чемпиондар лигасында емес, Еуропа лигасында ойнайды.

Ал, Чемпиондар лигасында жыл сайын гол салып үйренген Роналду үшін бұл уайым болды. Португалияның жұлдызы қазір Чемпиондар лигасында ойнайтын команда іздеп әлек. Футболшының агенті Жорже Мендеш «Бавария», «Челси», «Атлетико», «Наполи» секілді клубтарға өзінің клиентін ұсынып көрген. Алайда, бұлардың бірде-бірі КриРоны қатарына қосқысы келмепті. Немістер «біздің ойын стилімізге сай келмейді» десе, лондондық «ақсүйектер» «Роналду командадағы балансты бұзады» деген сылтаумен бас тартқан. Ал, «Наполи» оған төлейтін айлығымыз жоқ деп әңгіменнің басын ашып алыпты.

Роналду әзірге «МЮ» ойыншысы. Алайда, Англия чемпионатының бірінші турына дейін команда ауыстырғысы келеді. Жақында ғана «МЮ» мен «Райо Вальекано» жолдастық кездесу өткізді. Матчта 45 минут қана ойнаған Роналду кездесу аяқталмастан үйіне қайтып кеткен. Оның бұл қылығын батыстық басылымдар бас бапкер мен ойыншының арасы дұрыс емес дегенге балап отыр. Команда тізгінін жаңадан қолға алған Эрик Тен Хааг Роналдудан кетпеуді сұранған. Роналду Чемпиондар лигасы тарихындағы мергендер тізімінде көш бастап келеді. Ол ЧЛ-да ойнамайтын болса, бұл тізімде оның басты бәсекелесі Месси қуып жетуі мүмкін. Осы қауіппен Роналду жаңа клуб іздестіріп жатыр.

«Барселона» азуын көрсете ме?

Биыл трансферлік аренада ең белсенді болған клубтардың бірі – «Барселона». Каталониялық клуб бірнеше позицияны күшейтті. Олардың ең басты трансферлерінің бірі – «Бавария» шабуылшысы Роберт Левандовскиді өз қатарларына тартуы. Поляк футболшысынан бөлек каталондықтар сапына «Миланнан» Кессие, «Лидстен» Рафинья, «Челсиден» Кристенсен, «Севильядан» Кунде келді. Осылайша «Барселона» былтырғы маусымдағы ең проблемалы позицияларын күшейтіп алды.

Орталық қорғаныста Пикемен жұп құрап ойнайтын қорғаушы жоқтың қасы еді. Енді ол олқылықтың орнын Кристенсен толтыруы керек. Оң жақ қорғаныста ойнайтын Серхио Робертоның ойынынан соңғы кездері мән қашқан. Оның позициясында ойнайтын әмбебап қорғаушы Жиль Кунде «Барселона» сапын толықтырды.

Жалақысын даулап жүрген Френки де Йонг «Барселонадан» кететін сияқты. Бірақ, ол кеткеннен «Барселонаның» еш жері де қисайып қалмайды. Былтыр Италияда «Миланды» чемпион қылған Кессие енді каталониялық клубтың жейдесін киді.

Бас бапкер болып Хави келгелі команданың ойынына қан жүгірді. Былтыр құрам әлсіздеу болса да чемпионатты екінші орынмен аяқтады. Биыл күшейген «Барселона» қай жерге дейін шабуы мүмкін?! Жанкүйерлер үшін осы қызық болып тұр.

«Баварияның» гегемониясы

Мюнхендік «Баварияның» Германиядағы гегемониясы жалғасатын сияқты. Олар 10 жыл қатарынан чемпиондықты да, суперкубокты да ешкімге бермей келеді. Гол соққыш машинасы Левандовски Барселонаға қоныс аударса да, «Бавария» әлсіреген жоқ. Мюнхендік клуб – трансферлік терезеде «Барселонадан» кейін белсенді болған екінші команда. Олар сенегалдық шабуылшы Садио Манені, «Ювентустың» қорғаушысы Маттейс де Лихтті қатарларына қосты. Одан бөлек «Аякстан» жартылай қорғаушы Грабенверх пен оң қапталдағы қорғаушы Мазрауи келді. Франция жасөспірімдер құрамасының капитаны Маттис Тель 2027 жылға дейін «Бавария» жейдесін киіп доп теппек. «Бавария» бұл 17 жасар шабуылшыдан әлемдік деңгейдегі жұлдызды ойыншы шығармақ ниетте.

Еуропадағы ең жас бапкерлердің бірі Юлиан Нагельсман әзірге айналасына жас ойыншыларды жинауда. «Бавария» бапкерлерінің жұмысы Еуропадағы нәтижесімен бағаланатыны бұрыннан белгілі. Германияда «рекормайстерге» қарсылық танытатын клуб биыл да табылмайтын сияқты. Ал, Еуропада қалай өнер көрсетеді? Ол – уақыт еншісінде.

Гвардиола мен Клопптың текетіресі жалғасады

Танымалдылығы мен тартымдылығы жағынан Англия премьер лигасын басып озатын чемпионат жоқтың қасы. Былтыр «Манчестер Сити» қатарынан екінші рет, өз тарихында сегізінші рет чемпион атанған. «Қалалықтар» осы 8 чемпиондықтың 4-еуін испаниялық бапкер Хосеп Гвардиоланың кезінде алды. Соңғы 5 жылда 4 рет чемпион атанған «Манчестер Сити» тек 2019 жылы «Ливерпульге» есе жіберіп қойды. Дәл осы 4 чемпиондықтың үшеуінде «Ливерпуль» титулға қол созым жерде тоқтаған-ды. Биыл да осы қос клубтың арасындағы текетірес жалғасатын сияқты.

«Манчестер Сити» сапынан Рахим Стерлинг «Челсиге» ауысып кетті. Бразилиялық Габриель Жезус пен украиналық Александр Зинченко тағы бір лондондық клуб «Арсенал» жейдесін киді. Олардың орнына «Боруссиядан» Эрлинг Холланд пен 22 жасар шабуылшы Хулиан Альварес келді. Қос шабуылшы да мергендігімен көзге түсіп үлгерді. Холланд «Бавариямен» өткен жолдастық кездесуде жеңіс голын (1:0) соқса, Альварес Англия суперкубогі үшін өткен ойында көзге түсті. Алайда, ол ойында «қалалықтар» өздерінің басты қарсыласы «Ливерпульге» 3:1 есебімен жол берді.

Юрген Клопп баптайтын команда да едәуір күшейді. Сенегал жұлдызы Садио Мане кетіп қалды демесеңіз, «қызылдар» «Бенфикадан» Дарвин Нуньесті қатарларына қосты. Португалия чемпионатының үздік шабуылшысы атанған Нуньес АПЛ қорғаушыларының мазасын алып көрмек. Былтыр маусым ортасында келген Диас та командаға кірігіп кетті. Қолды-аяққа тұрмайтын шабуылшы Маненің орнын жоқтатпайтын секілді.

«Реалға» Рюдигерді, «Барселонаға» Кристенсенді жіберіп қойған «Челси» Неапольден Кулибалиді алдыртты. Бұл тасқамал қорғаушыға ешкімнің қолы жетпей жүрген. Алайда, «ақсүйектер» «Наполи» басшыларының көңілін тапқан секілді. Шабуыл шебіне «Манчестер Ситиден» Рахим Стерлинг келді. Тағы бір шабуылшы Тимо Вернер мен бас бапкер Томас Тухельдің арасынан «қара мысық» жүгіріп өткенге ұқсайды. Әйтпесе, екеуі де неміс қой. Қазір Вернер жаңа команда іздестіріп жатыр.

«Қызыл сойқандар» командадағы жасы келген ойыншылардың біразынан құтылды. Неманья Матич «Ромаға», Поль Погба «Ювентусқа» ауысты. Ал, Хуан Мата мен Эдинсон Кавани әзірге клубсыз жүр. Есесіне «МЮ» Кристиан Эриксенді, Лисандро Мартинесті  қатарларына қосты. «Фейеноордтан» жас футболшы Тирелл Маласия келді. «Севильяда» арендада жүрген Антони Марсьялды қайтарып алды. Роналду басқа командаға ауысатын болса дәл осы франциялық ойыншы орталық шабуылшы міндетін атқармақ. Англиялық шабуылшы Маркус Рэшфорд та бірте-бірте бұрынғы бабына келіп жатқан сияқты.

Жалпы биылғы маусымның басында «еркелейтін» ойыншылар болмайтын секілді. Оның себебі биыл қараша-желтоқсан айында әлем чемпионаты өтеді. Ал, «еркелігімен» көзге түскен ойыншыны бапкерлер алаңға шығармауы мүмкін. Алаңға шықпаған ойыншы әлем чемпионатына бару мүмкіндігінен де қағылады. Сондықтан да маусымның осы кезеңінде барлық ойыншылар көзге түсіп қалғысы келеді. Әсіресе, ұлттық құрама бапкерлерінің назарына ілігу үшін барын салады.

Катар кедергі болып тұр

Футбол тарихында тұңғыш рет әлем чемпионаты күз-қыс айларында өтеді. Әр 4 жыл сайын жазда өтетін мундиаль биыл әлемнің ыстық аймақтарының бірі Катар елінде өтпек. Осыған байланысты әлем чемпионатының күнтізбесі алға жылжытылды.

Бұл футбол клубтары үшін де едәуір қиындық туғызайын деп тұр. Себебі маусым ортасында чемпионаттар тоқтатылып, футболшылар мундиальге аттанады. Қараша – футболшылардың өз бабына келетін дер шағы. Дәл осы уақытта олар ұлттық құрама сапында болады. Жарақаттардың да болатыны даусыз. Кейбір белді ойыншылар әлем чемпионатынан жарақатпен оралып, маусымды одан әрі жалғастыра алмауы мүмкін. Клубтық командалар бапкерлерінің де шырылдап жатқаны сондықтан.

Мақтаулы шейхтар үнсіз

Былтыр англиялық «Ньюкаслды» Сауд Арабиясының байлары сатып алған. Содан «Ньюкасл» әлемдегі ең бай иесі бар клуб атанған. Оның иесінің байлығы футбол клуб президенттерінің ең байы Насер әл-Хелайфидің («ПСЖ» президенті) байлығынан 10 есе артық еді. Былтыр клуб жоғары дивизионмен қоштасудың сәл-ақ алдында тұрған еді. Арабтар алған соң бас бапкер Стивен Брюс қызметімен қоштасты. Оның орнына келген Эдди Хау команданы тығырықтан алып шыға алды. Олар соңғы 18 ойынның 12-сінде жеңіске жетіп, чемпионатты 11-сатыда аяқтады. АПЛ тарихында алғашқы 14 турда бірде-бір рет жеңбесе де, жоғары дивизиондағы орнын сақтап қала алған тұңғыш команда атанды.

Алайда, шейхтар келген соң «Ньюкасл» супер-жұлдызды командаға айналады деген сенім ақталмай тұр. Әзірге «Ньюкасл» трансферлік терезені «бұзардай» келісім жасаған жоқ. Тек «Бернли» қақпашысы Ник Поупты, «Лилль» қорғаушысы Стивен Ботманды ғана алды.

Десе де «Ньюкасл» бірқатар жұлдызды ойыншыларға ұсыныс тастап көрген. Олардың ішінде Неймар, Дибала, де Брей, Нуньес, Кунде секілді ТОП футболшылар бар. Бірақ бұлардың ешқайсысы келісім бермеген.

Қазір клуб басқа мықты ойыншыларға құда түсіп отыр. «Ньюкасл» басшылары Марко Асенсио, Тимо Вернер, Сергей Милинкович-Савич, Джеймс Мэддисон, Лукас Пакета, Александр Исак сынды футболшыларды «Сент-Джеймс Парктен» көргісі келеді.

Күтпеген трансферлер, бапкерлердің ауысуы, әлем чемпионатының күзде өтуі Еуропа алаңдарындағы футбол маусымын одан да қызықты етпек.

Пікір қалдырыңыз