«Ұялы телефон көрмей өскен сәби он айлығында сөйлеп кетті»

«Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Асқар КӨПЕЕВ:

Сіз мына заманда үйінде ұялы телефон ұстамайтын ерлі-зайыптылар бар дегенге сенер ме едіңіз? Бар екен. Олар пәтерлеріне кірерде ұялы телефондарын көпқабатты үйдің бірінші қабатына орнатылған жәшікке қалдырып кетеді. Бұл туралы бізге «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Асқар Көпеев айтып берді.   
– Бұл жас отбасы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Мен әуелі «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі жайлы толығырақ айтып өтейін. Аталмыш бірлестік былтыр шілде айында құрылған болатын. Бүгінде оның еліміздің барлық облысында және республикалық маңызы бар қалаларында филиалдары бар. Шымкент қаласындағы филиал осы жылдың наурыз айынан бері жұмыс істей бастады. 
Бірлестіктің негізгі мақсаты – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту. Осы мақсатта ата-аналардың педагогикалық және психологиялық сауаттылығын арттырып, отбасы құндылықтарын насихаттауды көздейді. Оған бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын, саналы ата-ана болғысы келетін азаматтар мен ата-ана болуға дайындалып жүрген жастар мүше бола алады. Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, ата-аналардан ешқандай ақы талап етілмейді. 
– Саналы ата-ана дедіңіз. Сонда қандай ата-аналар саналы ата-аналар қатарына жатады?
– Өте орынды сұрақ. Кейбір азаматтар «сіздер сонда ата-аналарды саналы және санасыз деп екіге бөлесіздер ме?» деп сұрайды. Ата-аналар қоғамымызда әлеуметтік статусы бар азаматтар болып табылады. Олар өмірге бала алып келгеннен кейін оны өсіруге, тәрбиелеуге, денсаулығын сақтауға, білім беруге жауапты. Сондықтан ата-аналарды санасыз дей алмаймыз. Мұның бәрі саналы түрде іске асырылатын процесс. Біздің айтпағымыз, қазіргі таңда баланы ата-ана мен мектеп қана тәрбиелеп жатқан жоқ. Оның тәліміне сыртқы факторлар да әсер етуде. Сондықтан бүгінгі ұрпақты түсіну және онымен дұрыс қарым-қатынас орнату үшін ата-аналарға көп білім алу қажет.
Мінсіз адам болмайды. Қаншалықты мықты ата-ана болғанымен, ол бала тәрбиесінде, отбасылық қарым-қатынастарда үлкенді-кішілі қателіктер жіберіп отырады. Оның алдын алу үшін саналы қадамдар жасау қажет. Біздің бірлестік осы жағынан ата-аналарға көмек көрсетіп, керек деген ақпараттарды зерттеп-зерделеп, сараптап ұсынуды мақсат етіп отыр. 
– Бұл қоғамдық бірлестікті кім қаржыландырады?
– Бірлестік меценат Нұркен Асановтың идеясымен өмірге келген. Оны құрылтайшының өзі қаржыландырады. Нұркен Асанов – Шардара ауданының тумасы. Біз Шымкент қалалық білім басқармасымен меморандум түзген болатынбыз. Соған сәйкес, қаладағы мектептерде ата-аналармен кездесіп, «Бақытты бала», «Әкенің отбасындағы рөлі» тақырыптарында семинар-тренингтер өткіздік. Бүгінде бұл жұмыстарды лагерьлер мен балабақшаларда жалғастырудамыз.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ата-ана мен баланың арасы тым алшақтап барады. Бұған негізінен ұялы телефон әсер етуде. Осы ойды дәлелдеу үшін біздің бірлестік былтыр қыркүйек айында босанған жас ананы және оның отбасын эксперимент ретінде зерттеуге алды. Жас отбасыдағы ерлі-зайыптыларға үйінде ұялы телефон ұстауға тыйым салынды. Бала әженің тәрбиесін көріп, бойына ұлттық салт-дәстүрді сіңіріп өссін деген ниетпен оған әжелер академиясынан бір әже бекітіліп берілді. Ол күні бойы баланың қасында болды.
Нәтижесінде, тәжірибеге алынған сәби 9 айында жүріп, 10 айында «ата», «апа» деп алғашқы сөздерін айта бастады. Эксперттер қолына ұялы телефонды беріп еді, самарқау қарады да тастай салды. Қайтып оған назар аудармады. Томпаңдап ұршық иіріп отырған әжесінің қасына келіп, соның жіптерімен ойнады. Әжесінен бір елі ажырамады. «Бесік жырын» тыңдап, ән қанатында тербеліп өскені көрініп-ақ тұрды. 
Расында да, бүгінгі ата-аналардан «балам кеш жүрді», «тілі шықпай жатыр» деген шағымдарды жиі естиміз. Алты айлық баланың қолына ұялы телефон берсеңіз, ол дереу жылауын тоқтата қояды. Көп жағдайда аналарға да балаларын осылай жұбатқан оңай. Бұрындары аналарымыз бесік тербетіп отырып «Бесік жырын» айтушы еді ғой. 
«Айналайын баладан,
Тауып алдым даладан,
Далада бала жата ма, 
Түсіп қапты шанадан» деген өлең жолдарын бізге ешкім жаттатқызған жоқ. Ол кішкентайымыздан санамызға сіңіп, жатталып қалды. 
– Сонда сіз бүгінгі ата-аналар балаларға көңіл бөлмейді, олармен жақын сөйлеспейді демексіз ғой. 
– Иә, айтпағым осы. Бесіктегі баламызға «Бесік жырын» айтып, онымен сөйлеспейміз. Оны арқамызға салып алып, арқалап жүрмейміз. Мен мектептерге жиі барамын. Оқушылардың өміріндегі біраз жәйтқа куә болып жүрмін. Өкінішке қарай, арамызда баласының не істеп жүргенін, не нәрсеге қызығатынын, дос-жарандарының кім екенін білмейтін ата-аналар да баршылық.
Мәселен, осы оқу жылы аяқталар тұста қаладағы мектептердің бірінде өткен «Соңғы қоңырау» салтанатына қатыстым. Маған үшінші сыныпты үздік бітірген оқушыларға Мақтау қағазын беру тапсырылды. Кезегім келгенде ортаға шығып, озат оқушыларға Мақтау қағазын үлестіріп жатқанмын. Кенет бір оқушы жылап жіберді. «Өй, не болды? Неге жылайсың?» дедім сасқанымнан. «Мамам келмеді» деді. 
– Оның орнына кім келді?
– Көрші апай келді.
– Анаң қайда?
– Бесік тойға кетіп еді.
– Онда мамаңа Мақтау қағазыңды үйге барғанда көрсетерсің, – деп әрең дегенде алдандырдым. 
Қай бала болмасын осындай сәтте ата-анасынан мақтау, қолдау күтеді емес пе? Жалпы бізде мектепте өтетін іс-шараларға белсенді түрде қатысып, жетістікке жетіп жатқан перзентінің маңдайынан құшырлана сүйіп, арқасынан қағып, оған жылы сөздерін арнайтын ата-аналар көп емес. 
Кейде семинарларда ата-аналар «біздің 15 минут қана уақытымыз бар. Айтарыңды тез-тез айтшы» дейді. Мұғалім қанша жерден баланың біліміне, тәрбиесіне әсер еткенімен, оның ең бірінші ұстазы – ата-анасы. Сондықтан бала үшін оның әрбір әрекеті маңызды болуы керек. Ал, олар өз балаларының болашағы үшін қажетті ақпараттарды тыңдағысы келмейді. Мұны былай қойғанда, мұғалімдеріміздің де тренингтерге қатыспай, егіс алқабының арамшөбін жұлуға кетіп қалған кездері болған.
«Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ата-аналардың балаларымен бірге уақыт өткізуі үшін арнайы лагерь ашпақ. Ол қаланың шетіндегі Қасымбек Датқа елді мекенінде орналасқан. Онда 10 киіз үй тігілген. Кез келген ата-ана балаларымен барып, 5 күн табиғат аясында демала алатын болады. 
Өскелең ұрпақтың зейінін ашу үшін бұл жерге көптеген жануарлар әкелінді. Балалар олардың түрлерімен танысып, жас ерекшеліктеріне қарай қалай аталатынын білетін болады. Сосын ұлттық ойындар ойнайды. Қазақ халқының ұлттық ойыны тек ойын-сауық емес қой. Ол – спорт, ол – өнер, ол – тәрбие құралы. Сондықтан бұған да көп көңіл бөлінген. Қысқасы, отбасылардың демалыстарын көңілді әрі пайдалы өткізуі үшін барлық жағдай жасалып отыр.
Еліміздің ата-ана болған әрбір азаматын Отанын сүйетін кемел ұрпақ өсіруге жұмылдыру үшін мұнан басқа да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетейін. «Балалар жылына» орай республика көлемінде «FAMILY STEAM CHALLENGE 2022» атты отбасылық сайыс өтті. Ол балалардың техникалық ғылымдарға деген қызығушылығын арттыруға арналды. Ата-аналар мен балалар өздеріне берілген балмұздақтың 150 таяқшасынан 90 минут ішінде көпір жасады. Көпірдің беріктігі гір тасымен өлшенді. Атырау облысынан келген отбасының көпірі 61 келі гір тасын көтеріп, бірінші орынды жеңіп алды. Нұр-Сұлтандық отбасының көпірі 58,5 келі салмақты көтеріп, екінші орынды иеленді. Ал, шымкенттік отбасының көпірі 45 келілік гір тасын көтеріп, үшінші орыннан көрінді. Айта кетейік, бұл сайысқа республика бойынша 500 отбасы қатысты. Солардың ішінде жеңіске жеткен шымкенттік отбасының отағасы – Серік Айтуаров.  Көпірді құрастырған оның қызы – Кәусар Әліпбек. Жеңіске жеткендерге ақшалай сый-сияпат жасалды. 
Алдағы тамыз айында бірлестіктің ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» тақырыбында республикалық тамыз кеңесі өтпек. Ата-ана балаға қанша жақын жүрсе, баланың білім алуға, өмірге деген құлшынысы да жоғары болады. Сондықтан баламызға жақын болайық, әр кез оның жанынан табылайық дегім келеді. 
– Уақыт тауып, әңгімелескеніңіз үшін көп-көп рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз! 

Сұхбаттасқан Дилара БИМЕНОВА,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз