Тоқай–Темір

Тоқай-Темір – Шыңғыс хан немересі. Қазақ хандарының əулет атасы. 
Үлкен ұл Жошыдан туған. Анасының есімі – Қағры-қатын, бастапқыда саны мол, кейінгі сарқыты қазаққа қосылған жауынгер меркіт руынан. Құма деп айтылады, бірақ барлық деректе қатын мəртебесімен жүр, есебі, құма емес, бас бəйбішелер қатарынан. Жошының, жинақтап келгенде, отыз тоғыз ұлы болған екен. Рəшид-əд-Дин он төртін атап көрсетеді. Тоқай-Темір он үшінші болып тұр. Осыған орай, кейінгі бір тарихшылар он үшінші перзент деп санайды. Шындығында, тумыс ретімен емес. Махмұд ибн Вали – төртінші ұл деп таныған. Ал, Əбілғазы бахадүр хан бойынша – үшінші. Қайткенде, Жошының кездейсоқ қазасы кезінде ержеткен, кəмелетке толған жағдайда. 
Бұдан соңғы кезеңде – Бату ханның Батыс жорығына (1236-1242 жж.) қатынасқан. Түмен бастаған ірілер қатарында емес, тəрізі, мыңған ноян дəрежесінде. Жəне қабілетті əскербасы ретінде көзге түссе керек. Бату мейлінше риза болып, қайтып келген соң, жеке жасақ құрып береді жəне билігіне Маңғышлақ, Хажы-Тарханмен қоса, Терістік Қапқаздағы Ас аймағы бұйырыпты. 
Жошы ұлысындағы Сайын-Бату ханнан соңғы ең атақты тұлға – кейінде тақ иесі Берке хан болғаны белгілі. Жошы ұлдарының ішінде осы екеуіне жалғас, белгілі, беделді ханзадалар – Орда, Шəйбан, Беркешар аталады. Тоқай-Темір де осы қатарда. Əмəнда Бату ханның үлкен сенімінде жəне айрықша жауапты шаралардың бір жағында жүреді. Тіпті, Батыс жорығынан бұрын, 1229 жылы, Бату хан Өкетай қағанды таққа отырғызу рəсіміне үлкен ханзадалармен бірге аттанарда, ұлыс тізгінін осы сенімді ініге тапсырып кетті деген дерек бар (Т.Сұлтанов). Кейін, 1246 жылы, Күйік қағанды бекітерде Бату аяғының сырқатын сылтау етіп, Қара-Қорымға бармай қалғаны белгілі. Өзінің орнына ең атақты алты ханзаданы бағыттайды: Орда, Шəйбан, Берке, Беркешар, Таңғұт жəне Тоқай-Темір. Бұл – рəсім жөні десек, кейінде алмағайып, шешуші міндет артқаны бар. Күйіктен соң, Шыңғыс ханның кенжесі Төленің ұлы Мөңкені қаған сайлау – бірталай шырғалаңға түсті. Өкетай мен Шағатай əулеттерінің қарсылығын жеңу керек еді. Ресми құрылтай уақтылы жиналмай, ұзаққа созылып барады. Ақыры, Бату хан отыз мың аламанмен кемеңгер, шешімтал Беркені аттандырады. Мезгілін нақты белгілеп, сауын айтасың, бүткіл Шыңғыс хан əулетін құрылтайға шақырасың, Мөңкені қаған көтересің, келмей қалғандар Жасақ заңын бұзған қылмыскер есепті, басынан айрылуға тиіс деген қатқыл нұсқау жасалады. Беркенің қасына, тəрізі, əскербасы ретінде жауынгер Тоқай-Темірді қосып беріпті. Ақыры, Ұлыстың тұтастығымен қатар, тыныштығы да сақталып, Мөңке биік мəртебеге жетеді (1251). Рəшид-əд-Дин бұл тайғақ істе шешуші қызмет атқарған Берке мен Тоқай-Темір жаңа қаған тарабынан айрықша сияпат көрді деп жазады.
Батудан соңғы Берке хан заманында да Тоқай-Темір үлкен беделде болса керек. Бұрнада, хақ дінді Берке бауырдың ықпалымен, мұсылман дінін қабылдаған. Əбілғазы бахадүр ханның айтуы солай. Ал, Берке – хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхамедтің қызы Хан-Сұлтаннан туған, бала кезінен бастап ислам жолында. Дəп осы жағдай – бір əкенің қойнынан шыққан туыстық, Тоқай-Темірдің өзінің дара бітімі ғана емес, дінқарындас бірлік – ағайынды екеуінің риясыз жақындығын бекіте түссе керек.
Тоқай-Темірдің қалай, қай жылы дүниеден өткені туралы нақты дерек жоқ. Көзінің тірісінде бой көрсете бастаған, «Хан ұлдары» дейтін тақ мұрагеріне жалғас мəртебеге жеткен балалары айрықша жігерлі жəне алымды болыпты. Əкеге тиесілі аймақтармен қатар, Мөңке-Темір қағанның тұсында (1266-1280) қазыналы Қырымда өкім құра бастайды.
Ақыры, ХІV-ХV ғасырлар шегінде Тоқай-Темір əулеті Алтын Орда мемлекетінде алдыңғы қатарға шығады. Ұлыстағы шат-шəлекей Бұлғақ кезеңінде (1359-1380) бұл əулеттен үш кісі, қысқа болса да хандық дəрежеге жетіпті. Осы жəне жалғас кезеңде Орыс хан үлкен тақ иесі болады. Ақыры – Бұлғақты тыйып, Алтын Орданы қайта көтерген, бірақ түптің-түбінде доғал саясатымен ұлы мемлекеттің қирап, тозуына себепкер болған Тоқтамыс. Орыс хан сияқты, бұл Тоқтамыс хан да Тоқай-Темір əулетінен.
Түптің түбінде Алтын Орда ыдырады. Бұдан соңғы кезеңде жеке хандық болып ту көтерген Қырым – Тоқай-Темір əулетінің арқасында айрықша қуатқа ие болады. Бұрнағы Ұлұғ Ұлыстың орнын басқан Қырым хандығының ең алғашқы атаулы əміршісі Қажы-Герейден (1420-1466) тартып, ең ақырғы Шағын-Герейге дейінгі (1777-1783) барлық хандар – түгелдей осы Тоқай-Темір ұрпағы. 
Тек Қырым ғана емес. Тоқай-Темір əулеті Алтын Ордадан соңғы бүткіл Еуразия кеңістігінде зор, үлкенді-кішілі тағы қаншама өкімге жетіп, біздің туыстас түрік халықтары тарихында бедерлі із қалдырғанын көреміз. 
Алтын Орда тағына неше келіп, неше кеткен Ұлұғ-Мұхамед хан түптің түбінде астана Сарайдан қуылған соң, Бұлғар уəлаяты, Қазан қаласын басып, жаңа, Қазан хандығын ұйыстырады. Кейінде əйгілі, сырлы, мұңды, ақыры бақытсыз Қазан ұлысы – 1437-1552 жж. 
Осы ақырында қисынсыз қазаға ұшыраған Ұлұғ-Мұхамедтің бір ұлы, анық ажалдан аулақтап, теміртек жасағымен Орыс жеріне кіреді, мұнда Ока бойында, əуелде дербес, кейінде Русияға вассал Хан-Кермен – Қасым хандығын (1452-1678) негіздейді. 
Тоқай-Темірдің тағы бір ұрпағы Махмұд хан, Алтын Орданың Батыс бөлігінде құрылған Ұлы Ноғай Ордасының билігінен шеттеген соң, Еділдің төменгі ағысы, Хажы-Тарханды алып, тарихта Астрахань хандығы аталатын жаңа бір патшалық құрады. Милəди 1460 жыл екен. Жəне Махмұд ханға жалғас заманда бұл ұлысты да Тоқай-Темір əулеті билейді. Арада тұтас ғасыр өткенде, 1456 жылы Астрахань хандығын Русия жаулап алғаны белгілі. Бірақ, əулет тарихы үзілмепті. Соңғы хан Дəруіш-Əлі Азауға өтіп, түрік дəргейінен пана тапса, ағайындас ЯрМұхамед сұлтан, Жан дейтін ұлымен бірге, Бұхар хандығына жетеді. Жəне құрметпен қарсы алыныпты. Көп ұзамай, Жан Бұхар ханы Абдолланың қызына үйленеді. Ақыры, осы тиімді некеден туған БақиМұхамед, 1599 жылы, Қазақ Ордасынан жеңіліп, қирай бастаған Бұхар хандығының алтын тағын иеленеді. Бұл – біздің Тəуекел, Есім хандардың заманы. Қолма-қол, туыстас бір тұқым – екі топ арасында бітім жасалған. Бұдан бергі заманда, 1785 жылға дейін, осы Аштархан немесе Жан əулеті Бұхар ұлысында берік билік құрады.
Түйіндеп айтқанда, қаhарлы Қырым, Еділ дарияның ұзына бойы, бүгінде үш-төрт республика сыйып отырған байтақ Орта Азия – қаншама жер, қаншама жұрттың кейінгі ғұмыр кешуі осы Тоқай-Темір əулетінің тарихы мен тағдырына тікелей байланысты. 
Біз үшін ең бастысы, Тоқай-Темір – Қазақ хандарының Шыңғыс хан мен Жошы ханнан кейінгі түп атасы. 
Тоқай-Темірдің бір ұлы – Ұрұңбаш (Ұрұң-Темір), оның ұлы Ашық, оның ұлы Тақтақ, оның ұлы Өз-Темір, оның ұлы Темір-Қожа, оның ұлы Бадақұл, оның ұлы Орыс хан. Орыс хан – қазақ хандарының ортақ əулет атасы. Бұл Орыс ханның жеті ұлының үлкені – Тоқтақия хан, ортаншысы – Құйұршық хан. Тоқтақия ханнан Болат, Болаттан қазақтың Керей ханы; Құйұршық ханнан Барақ туады, Барақтан – қазақтың Жəнібек ханы. Сонымен, Қазақ Ордасының туын көтерген Керей мен Жəнібек хандар – Көк Орданы билеген Орыс ханның шөберелері. Түптеп келгенде, Шыңғыс хан немересі Тоқай-Темірдің оныншы ұрпақтары. Шыңғыс ханға дейін он екі ата. 
Бұдан соң, əрине, Қасым хан... Есім хан... Салқам Жəңгір... Абылай... Ең ақыры – Кенесары хан. Кенесары қазақтың ең соңғы ханы ғана емес, жеті ғасырдан астам ұзақ заман бойы Еуразия кеңістігінде салтанат құрған Шыңғыс хан əулетінің хандық дəрежеде дүниеден өткен ең соңғы тұяғы. 
Қалай айтсаңыз да, біздің Алаш жұртының дербес қалыптасу, өсіп, өркендеу тарихы Шыңғыс ханнан бастау алып, Тоқай-Темір əулетімен түйінделеді екен. 
Осы арада айта кетер бір кілтипан бар. Қазақ хандығының тарихы ғылыми тұрғыдан сараптала бастаған кезден екі дай пікір туған: Керей мен Жəнібек Тоқай-Темір ұрпағы ма, əлде үлкен ұл Ордадан тарай ма деген. Мəселенің түп төркіні – кейінгі замандағы тарихи нұсқаларда Орда есімі қосанжарласып жүреді. Басты себеп – Қыпшақ ұлысының шығыс қанаты Көк Орда жерінің негізгі бөлігі əуелде Орданың билігіне берілген еді. Сондықтан да кейінгі бір тарихшылар қазақ хандарын Ордаға телиді. 
Алайда, көп ұзамай-ақ, Тоқай-Темір нұсқасы алға шықты. Жəне біржола қабылданып, бекіген. Бұл тараптағы ең соңғы, дəлелді, дəйекті байлам – қазақстандық демейік, орыс тілді Алаш тарихшысы Вениамин Юдиннің түйінді пікірі. Қазақ хандарының Орда нұсқасын ең алдымен көтерген – шартты түрде «Ескендір анонимі» аталған еңбек болатын, дейді. [Хижраның 816 санасы, милəди 1413-14 жылдарда] Дəшті-Қыпшақтан тыс, Иран жерінде жазылған. Содан бергі, Ордаға тірелетін барлық еңбек осы шығармадан ғана бастау алады, қосымша ешқандай тиянағы жоқ деген. Бұдан басқа тағы қаншама нақты дəйек. Ешқандай күмəн, таласқа жол қалдырмаса керек еді. Алайда, осы соңғы жылдары ешқандай негізсіз, бұра тарту елесі байқалады. Жəне келтіріліп жатқан айғақтар мүлде қисынсыз. Негізгі бір дəлел – ілкіде айтқанымыздай, Бату хан тұсында қазіргі қазақ қонысының басым бөлігі Орданың иелігінде болуы. Бұдан соң, осы үлкен ұлдың ұрпақтары. Қандай да патшалықта мəңгілік бекіп қалатын əулет жоқ. ХІV-ХV ғасырлар тоғысында біздің тарапта да ел билігі ауысса несі бар. Оның үстіне, қазақ хандарының Тоқай-Темір ұрқына жататыны өзара дербес қаншама əдебиетте нақты айтылады. Оның бəрі ештеңе емес екен. Шығыс Дəштіде билікке талас Шəйбан əулеті Орыс хан ұрпақтарын кеміту үшін, олардың түп атасын Жошының үлкен ұлы Орда емес, көп ұлдың қатарындағы, тіпті кемшін біреуі Тоқай-Темірге теліпті-міс. Бақталасты мұқату үшін атасының атына дейін өзгертіп жіберген. Міне ғажап. Бұрынғы-соңғы халықтар тарихында болмаған жағдай. Оның үстіне, тұңғыш есебіндегі мəртебесі демесек, өз кезінде Орданың ағайын-бауыр арасында, жалпы жұрт ішінде оза шапқан ерекшелігі байқалмаған. Керісінше, талассыз Беркеге жалғас ханзадалар арасында Батыс жорығынан соңғы кезеңде мүлде атаусыз қалатын Шəйбаннан мынау Тоқай-Темірдің бір де кемдігі жоқ, ілкіде атап көрсеткеніміздей, атақты, абыройлы. Хан алдында ғана емес, жалпы, аламан жұрт ішінде зор беделге жəне əжептəуір билікке жеткен. Кейінде Шəйбан əулеті кеміте айтса бұл – əдепкі бақталастық қана. Қайткенде, Шəйбан ұрпақтары өздерімен тайталас Орыс хан əулетінің Тоқай-Темір тұқымы екенін жақсы білуге тиіс. Біздің тарихшыларымыз айтып отырған жағдай – қисынсызы өз алдына, мүлде сорақы мəселе. Біз бұл ретте В.Юдинді ежіктей қайталап бас ауыртпай-ақ қоялық. Бəрін жинап, түгел ескерусіз қалдырған жағдайдың өзінде, жалғыз Əбілғазы-бахадүр ханның куəлігі жетіп жатыр. Біздің кейінгі бір тарихшылар мұны да теріске шығарады. Əбілғазы шатыса береді, дейді. Ал, Хиуа ханының əйгілі «Шежіре-и түріктегі» бар дерегі жаңсақ болған күннің өзінде, дəп осы Тоқай-Темір мəселесінде қателесуі мүмкін емес. Міне, кереметі. Əбілғазы ханзада таққа талас, ағайынды бауырлар өзара қырқысып, туған əкесін өлтіріп жатқан сұмдықтан бас сауғалап Түркістанға өтіп, Есім ханды паналайды. Есім хан көбіне жорық жолында, өз кезегінде Əбілғазыны Ташкент ханы Тұрсынға табыстайды. Енді қуғындағы ханзада біршама уақыт Тұрсын ханның дəргейінде болыпты. Ақыры, 1627 жылы Тұрсын хан қазаға ұшырағаннан соң, Есім ханнан рұқсат алып, Бұхар ханы Имамқұлының ғұзырына кетеді. Енді қараңыз, кейінде хандыққа жеткен Əбілғазы-бахадүр, қысылтаяң заманда пана болған, бес күн, бірер ай емес, екі жылдан астам сарайында құрмет көрген Қазақ хандарының тегін қалай шатыстырмақ?! Қазақ хандары – Тоқай-Темір əулеті деп анықтап жазады. Жəне Шыңғыс ханға дейінгі аталар жөнін нақты тізбелеп көрсеткен. 
Сонымен, Қырым хандарының əулет атасы, Хажы-Тархан, Бұхар хандарының əулет атасы, Қазан хандығын, Қасым хандығын негіздеген елеулі тұлғалардың атасы, ең ақыры – Қазақ Ордасының туын көтерген Керей мен Жəнібектен тартып, Абылай, Кенесарыға дейінгі төрт ғасырлық қазақ хандарының атасы Тоқай-Темір туралы шағын ақпаратымыз тəмам болды.
Енді ең соңғы бір түйін. Осыдан тура алты ай бұрын  Тəңірі жарылқап жəне бір немере сүйіп едім. Едігенің бесінші перзенті. Жарық дүниеге асығып, жеті жарым айлығында туды. Əрине, шалабай, азды-көпті қатері бар. Мен сол алғашқы күні есімін Тоқай-Темір қойдым. Кейінгі қазақта атаусыз қалған Тоқай-Темір бабасының әруағы жар болсын, үлкен кеңіске жетелесін, деп. Тəуба, қырық күнде оңалып, қатарға қосылды, қазір үлкен жігіт есепті. Алдыңғы немерелерімнің ізін басып, ержетіп, ақыр түбінде Алаштың Америкада туып-өскен бір азаматы болып шығуға тиіс. Оған ерекше есімінен бастап, нəсіл тегі де, ата шаңырағы мен өсетін ортасы да – бар жағдайы келісіп тұр. Тағы да тəуба. 
Бұл Тоқай-Темір – есім, сой жөнінен жалғыз емес. Біздің əулетте, алды үлкен азамат болып қалған, түп негізі ұлы қаған Шыңғысқа барып тірелетін таңбалы есімді бірнеше немере бар: Бату, Байдар, Тоғым, Бөкей, Барақ, Берке, Тоқты... Жəне Жағанбике, Бөрте мен Жебе. Енді осы қатарға Тоқай-Темір қосылды. Ұлысқа ұйытқы, халқына пана болған Шыңғыс хан əулетіне тəн қастерлі есім-тұлғаларды жаңғыртатын тізбек – алдағы жылдарда кейінгі буында, менен соң да жалғаса беруге тиіс. Жəне бар қазаққа үлгі...
Осы, өз кіндігімнен тараған балаларыма, бүткіл Алаштың қазіргі, кейінгі мың-сан өспірім ұрпағына Тəңірі жар болғай, ата-баба әруағы дем беріп, желеп-жебеп жүргей!.. 

Мұхтар МАҒАУИН.
26-28.ХІ.2020, Күміс Бұлақ, Мэриленд, АҚШ. 
Пікір қалдырыңыз