Жеңімпаздар есімі анықталды

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістандағы амфитеатрда «Tartyl fest» фестивалі өтті. Сайыстың ашылу салтанатында  Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев пен жоба амбассадоры, жаттықтырушы Айтым Жақыпов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Dara» дарындыларды қолдау қорының ұйымдастыруымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткен дүбірлі сынға 270-ке жуық талапкер қатысты. Олардың арасында 3 егіз спортшы да болды. Жарысты ұйымдастыруға облыстық «Жастар ресурстық орталығы» айрықша үлес қосты. 

Жалпы түркістандықтар арасында турникке ең көп тартылған талапкер 36 рет тартылды. Бұл көрсеткішке 18-30 жас аралығындағы үміткерлер сайысында бақ сынаған Қасымбек Нұржігіт қол жеткізді. 18 жасқа дейінгілер арасында Құдірет Әзретәлі, Шахизинда Берік және Рахматулла Мұстафа топ жеңімпазы болды. Оларға 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылды. 18-30 жас аралығындағы сайыста Зұлқайнаров Жұмадулла, Қасымбек Нұржігіт және Әділов Досболат жеңімпаз атанды. Ал, 30 жастан асқандар арасындағы сында Орынтай Нұрболат, Жанғали Әлжанов және Ерболат Бимырзаевтың мерейі үстем болды. Жеңімпаздармен қатар екінші және үшінші орын алған 18 жүлдегер спортшы да марапатталды. Бірқатар қатысушыға арнайы марапаттар ұсынылды. Мүмкіндігі шектеулі Данияр Мажитов пен сайыстың ең ересек үміткері Дадажан Сүлейменовке және ең жас қатысушы Надия Садықоваға арнайы сыйлықтар тапсырылды. «Алаш прайдтың» Түркістан облыстық филиалының президенті Мұрат Аханов та өз атынан екі үміткерге құрмет көрсетті. Жүлдегерлерді «Dara» дарындыларды қолдау қорының жетекшісі Нұрлан Қоянбаев бастаған азаматтар марапаттады. 
Жалпы сайыста Түркістан өңірінің білекті, жүректі өрендері турникке 4575 рет тартылды. Алты жастағы баладан бастап 70 жастан асқан егде жастағы үміткерлерге дейін қатысқан дода 
4 сағатқа созылды. Сайыстың 9 жеңімпазы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гранд-финалға жолдама алды. Ал, ол сында жеңіске жеткендер Street Workout жаттығулары бойынша әлем чемпионатына қатысады. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған спорттық бәсеке танымал әнші Мирас Жүгінісовтің концертімен түйінделді.

Пікір қалдырыңыз