48 мың жыл бұрынғы тіршілік анықталды

Бәйдібек ауданы, Боралдай шатқалындағы Тұттыбұлақ үңгірінде 48 000 жыл бұрынғы тіршілік анықталды. Қазақстан жеріндегі ежелгі үңгірлердің бірі саналатын, қойнауы қазынаға толы бұл мекен өткен ғасырдың орта тұсында табылған. Бұған дейін ғалымдар үңгірден алынған топырақ пен күл қалдықтарының  41 000 жылдық тарихы бар деп топшыласа, Германияда жүргізілген сараптама  48 000 жылдық тарихы бар екенін нақтылады. Бұл әлемдік сенсациялық жаңалық  әрі қазақ археологтарының нағыз ғылыми жетістігі. Жалпы, ерте дәуірдегі топырақ қалдықтарының жасын цифрландыру тәжірибесі әлемде ең алғаш рет жүзеге асып отыр. Ғылыми жаңалықтың нәтижесіне қол жеткізу бір жыл бойы жүргізілді.

 

«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік  табиғи паркінің қорғау аймағында орналасқан Тұттыбұлақ үңгірін зерттеу барысында археологтар алғашқы қауымдық құрылысқа тән адамның жақ сүйегі және аюдың тісі мен өзге де аңдардың қаңқа қалдықтарын тапқан. 

Осы сенсациялық жаңалықты жария ету үшін ҚР Ұлттық музейі Боралдайдағы Тұттыбұлақ үңгіріне баспасөз-турын ұйымдастырып, оған Бәйдібек ауданы әкімдігі қолдау танытты.

ҚР Ұлттық музейінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетовтің айтуынша, Тұттыбұлақ үңгіріндегі зерттеу жұмысы 1959 жылы басталған. Қазақстандағы тас дәуірі археологиясының негізін қалаушы, алғашқы қазақ археологтарының бірі ғалым Хасан Алпысбаевтың бұл  үңгірді тапқанымен, жалғыз өзінің қазуға мүмкіндігі болмаған.

   2018 жылы «Palaesilkroad» жобасы  аясында Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде күлдің қалдығы, тас құралдар және адамның жақ сүйегі табылды. Жақ сүйегі  алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінде тіршілік кешкен адамдікі болуы да мүмкін. Германия зертханасы күлдің қалдығын тексере келе  48 000 жылдық тарихы бар екендігін нақтылап берді. Ал, жақ сүйегі әлі тексерілуде. Тұттыбұлақтың Қазақстанда алғашқы қауымдық құрылыс адамдары тіршілік еткен ең көне үңгір екені анықталып отыр. Бұл әзірге нақтысы ғана. Әрі қарай зерттеген сайын одан да терең сенсациялық табыстарға қол жеткізуіміз мүмкін, - дейді Жәкен Таймағамбетов.

 

Бұған дейін де бірқатар әлемдік деңгейдегі экспедицияларға қатысып,  ғылыми жаңалықтардың ашылуына атсалысып жүрген Германиядағы Тюбинген университетінің докторы Раду Йовита соңғы кездері Орталық Азияға қызығушылығы арта бастағанын айтады.

 

   Үңгірлерді зерттеу біз үшін өте маңызды. Үңгірлерде адам мен жан-жануар қалдықтары жақсы сақталады. Біз сол жерден алынған үлгілер арқылы дезоксирибонуклеин қышқылына сараптама жасаймыз. Осылайша онда қандай адамдар өмір сүргенін анықтаймыз. Қазақстандағы үңгірлер қаншама тарихи орындарды қойнауына жасырып жатыр. Бір ғана Қаратау жотасының әрбір тасы тұнған тарих, - дейді германиялық археолог Раду Йовита.

 

Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызәлиев тарихи, киелі орындарға бай ауданның туристік бағыты алдағы уақытта тағы да бір жаңа орынмен толығатынына сенім білдірді.

 

   Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата, Домалақ ана, Қос ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі сынды тарихи орындар бүгінде ел азаматтары ғана емес, шетелдік туристер келіп тамашалайтын мекенге айналып отыр.  Тұттыбұлақ үңгірі де болашақта алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінде өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігі мен жүріп өткен жолдарын нақты деректермен танытуға лайық орын ретінде көптің қызығушылығын тудырады деп ойлаймын. Бұл жоспар болашақтың еншісінде. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын толық аяқтап, ғылыми деректерге көптеп қол жеткізген соң музейлендіру жобасы жүзеге асады, - деді Б. Қырғызәлиев.

 

ҚР Ұлттық музейі мен Германияның Тюбинген университеті арасындағы «Palaesilkroad»  халықаралық келісім-шарт негізінде 2017 жылдан бері Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру мақсатында   архоелогиялық зерттеу жұмыстары жүргізіп келеді.  Сондай-ақ, бұл зерттеу жұмыстарына да Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Ғылыми-зерттеу орталығының да зор үлесі бар. Олар көптеген ғылыми жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік сенсациялық жаңалықтарға жол ашты. Археологиялық қазба жұмыстары халықаралық жоба болғандықтан, мұнда Ұлттық музей қызметкерлерімен қатар,  Испания, Грекия, Германия, Америка елдерінің зерттеушілері, ғылым докторлары бар. Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері де белсене атсалысуда. Екі археолог осы жүргізілген зерттеу жұмыстары бойынша палеолит дәуіріне қатысты докторлық диссертациясын шетелде қорғайды. ҚР Ұлттық музейі мен Тюбинген университетінің археологтарынан жасақталған экспедиция Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарын Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шығыс Қазақстанда жалғастырмақ.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен музейдің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетов бастаған қазақ-орыс, қазақ-неміс , қазақ-жапон халықаралық экспедициялары Қаратау жотасынан бұрын-соңды белгісіз боп келген палеолит дәуіріне тиесілі 85 үңгір анықтаған.


Ұлас Үсенбай,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз