Әлем қазақ көркем ойының қуатын «Абай жолы» арқылы таныды

 Мұхтар Әуезов үш қоғамдық формацияны, яғни феодализм, капитализм және социализмді бастан өткерді. Шығармаларының тарихи тынысы кең болатыны да содан. Мұның сырын өзі. «Мен жеткіншек күнімнен бүгінгі егде тартқан таңыма шекті аралықта тура  ғасыр жатқандай шежіре – адам бола алар едім. Көріп, байқап, бастан кешіп, білгеніме қарасам, ХІХ ғасырдың бел ортасына сонау қиыр алыстағы, еуропалық та емес, азиялық орта ғасырдан келіп түскендеймін» деп жазды.

Жазушы шығармашылығында осы тарихи кезеңдер нақты, шынайы суреттеледі. Ол «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы қазақ әдебиетінің потенциалын бүкіл әлемге танытты. Әлем ақыл-ойының алыптары «Абай жолы» роман-эпопеясын Гомердің поэмаларымен, Сервантес, Дефо, Гете және Шекспир трагедияларымен  теңестіруге болады деп бағалады. М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясын жазу арқылы өзін әлемдік деңгейдегі жазушы ретінде көрсетті және қазақ әдебиетіндегі абайтану ғылымының негізін қалады.
Жазушының қызы Ләйла Әуезова өзінің «М.Әуезовтің шығармашылығындағы Қазақстан тарихы» атты зерттеу еңбегінде әкесінің шығармашылығы туралы былай деп жазды: «Эпопеяны жазу барысындағы М.О.Әуезов жүргізген зерттеушілік еңбектің жай-жапсарын бағдарлағанда, шығармаға тірек болған тарихи концепция ғылыми кітаптардан көшіре салмай, негізінен ұзақ жылдарға созылған тынымсыз ізденіс, қисапсыз деректерді шығармашылық тұрғыдан қорыту, дербес ой електен өткізу нәтижелері екенін аңғарамыз».
Осындайда адамзаттың Айтматовы айтқан мына сөз де еске түседі. «М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын жазғанға дейін-ақ «Қилы заман» повесінде кең тынысты, ауқымды эпикалық сарынды игеріп алғанын байқаймыз. Маған «Қилы заман» болашақтағы М.Әуезов эпопеясының таусылмас су тасқынының қуат көзін елестеткендей болады». Орыс жазушысы К.Федин: «Ұлт туралы толық та тұтас түсінікті бізге жазушының өнері  береді... Мұхтар Әуезов өзінің «Абайымен»  менің қазақ халқы туралы түсінігімді толықтырды, мен енді ғана хош иісі самал ескен даланың жұпар ауасын жұтып, қазақ боп кеткен тәріздімін»...» деп жазды. Ал, неміс жазушысы әрі аудармашы Альфред Курелла  шетел оқырмандарының пікірін былай жеткізеді: «Сіз әлі «Абайды» оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағансыз. Бұл – таңғажайып, бұл – керемет! Далаға жан бітіп,  дүние алғаш жаралғандағы мөлдір табиғатымен, бар тіршілік-тынысымен, тәуелсіз тұлғалы жандарымен сіздің көкірегіңізге кеп орнайды. Олардың бойындағы  қызулық пен құмарлық қандай, дәл Шекспир суреттеген  бейнелердің өзі. Сіз сол дәуірді көзіңізбен көргендей айна-қатесіз танисыз. Ешбір ғылыми еңбек мұндай дәл жеткізіп бере алмайды. Қандай тұнық поэзия! Проза формасымен басылған осынау қалың-қалың екі томның өн бойында  бір жол қара сөз болсашы!» 
Мұхтар Омарханұлының бала кезінде Абай өлеңдерімен танысуына атасы Әуездің ықпал еткенін әдебиеттерден білеміз. Ол немересіне Абай өлеңдерін оқуды міндеттеп,  күнделікті қадағалап отырады. Жастық шағында М.Әуезов мұғалім болып, халықтың көзін ашуды армандайды. Алайда, тағдыр оған үлкен жазушылық талант сыйлайды. Жастайынан Абайдың поэзиясымен сусындауы, халық ауыз әдебиеті нұсқаларымен танысуы және Пушкиннің Абай аударған «Евгений Онегин» романының үзінділерін оқуы, Лермонтовтың «Қашқын» поэмасындағы тұтқын монологі оның көкжиегін одан әрі кеңейте түседі. Ондағы жаңа кейіпкерлер жан дүниесіне әсер етіп, басқа  жұрттың әдебиетіндегі кейіпкерлердің қилы мінездерімен, рухани өмірімен, болмысымен және дәстүрімен танысуына жол ашады.  Абай  өлеңдерін жинап, зерттей бастайды. Жас Мұхтарды Абай поэзиясы өзінің терең, даналық, философиялық  иіріміне бірте-бірте тарта береді. Осылайша ол жазушылық жолға түседі.
М.Әуезов «Абай жолы» романын жазуға кіріспес бұрын Абай туралы ұзақ уақыт материал жинастырудың  қиындығын былай жеткізеді: «Жалпы, бұл кезеңдегі романға байланысты жұмыс сипатымды мен әлдеқашан көшіп кеткен керуеннің жұртына келіп, сөнуге айналған ошақ орнынан әлсіз қызуы бар соңғы шоқты тауып алып, оны демімен үрлеп қоздатып, жалынды алауға айналдырмақ болған кешеуіл жолаушының харакетімен салыстырар едім. Көнекөз қариялардың  күңгірт тартқан зердесі мені Абайдың жас дәуіріне жетелеп, жол көрсетіп отырды, алпысты алқымдаған Әйгерімнің жүзінен мен оның ақын жүрегін жаулаған балғын заманындағы сұлу ажарын елестетуге тырыстым».
Мұхтар Әуезов болыстардың  халқына жасаған қиянатының, байлардың кедейлерге көрсеткен зорлық-зомбылығының, патша шенеуніктерінің жүргізген әділетсіз саясатының шет жағасын өзі де көзімен көріп өсті. Ол қазақ аулындағы барымтаны, жайылым мен мал суаратын құдық үшін болған талас-тартыстарды, қарындасын күйеуге ұзатардағы қалың малды қалай алғанын жастайынан көріп, санасында өшпестей болып қалды. Осы оқиғалардың барлығы роман жазу кезінде қаламгерге көмегін тигізді. 
«Абай жолы» романының бірінші кітабы 1942 жылы басылып шықты кітап шыққан соң, қызу талқылауға түсті. Ол туралы әртүрлі сыңаржақ, асыра сілтеген қисынсыз пікірлер де көп айтылып, жазушы  кереғар сынның астында қалды. Осындай да өресі биік жазушы Ғ.Мүсірепов:  «Әдебиетіміздің көркем қара сөз, поэзия, драматургия сияқты барлық саласын түгел алғанда «Абайдай» шығарма бұл күнге дейін болған емес. Бәріміз де жазушымыз, бәрімізде де күндеушілік сезім жоқ емес, жамандағанды ешкім жақсы көрмейді. Бірақ, үлкен істің үстінде, қараулық етіп, көз жұмсақ, ол барлық әдебиетімізге  содырын тигізетін қылық болады» деп әділдігін айтып,  араша түсіп, романды қорғап қалды.  «Абай жолының» екінші кітабы 1947 жылы жарық көрді. «Абай» деген атпен басылған алғашқы екі кітап қазақ әдебиетінің ірі табысы деп қабылданды. Бұл роман орыс тіліне аударылып,  бүкілодақтық оқырман игілігіне айналды.
«Абай жолы» роман-эпопеясының толық жинағы жарық көрген соң М.Әуезовтің  жазушылық таланты толық мойындалып, еңбегі  жоғары бағаланды. Көрнекті сыншы М.Қаратаев  роман-эпопея туралы мынадай пікір білдіреді: «...қазақтың тұңғыш эпопеясы деп отырған қолымыздағы төрт кітап еңбекті ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы бүкіл қазақ өмірінің айнасы, яки энциклопедиясы десек артық болмас. Неге десеңіз, мұнда сол тарихи кезеңдегі елу жылдық өмірдің терең  шындығы бейнеленеді, толып жатқан оның маңызды салалары суреттеледі. Абай осы үлкен шындықтың тетігі, түйіні тәрізді».
М.Әуезовтің Ленинград университетінде білім алуы, Ташкенттегі Орта Азия университетінің аспирантурасында оқуы, басынан өткен оқиғалардың бәрі, сөз жоқ, жазушының дүниеге деген көзқарасын қалыптастырды. Бұл оның қазақ  фольклорын ғылыми түрде  зерттеуге бет бұруына ықпал жасайды. Өткен ғасырдың 20–30-жылдары фольклорды зерттеумен  айналысады. Бұл тақырыпта сөз қозғаса, пантюркизмді дәріптеді деп, қудаланатынына, өміріне қауіп төнетініне қарамастан, зерттеулерін одан әрі жалғастыра береді. Сондықтан  М.Әуезовтің әлемдік оқырманға қазақ әдебиеті мен фольклорын терең және байыпты зерттеп таныстырудағы еңбегі ұшан-теңіз. Халық ауыз әдебиетін түбегейлі зерттеуі оның әдеби шығармалар жазуына ұйытқы болды. Бірқатар пьесаларының тақырыбы – ел аузындағы  аңыз оқиғаларға құрылған.  «Еңлік – Кебек» пьесасы 1917 жылы жазылды. Осы жылы пьеса тұңғыш рет Абайдың әйелі Әйгерімнің киіз үйінде қойылды. Кейінірек, 1926 жылы бүгінде М.Әуезов есімімен аталатын тұңғыш қазақ драма театры «Еңлік – Кебек» пьесасымен ашылды. Пьеса театр репертуарынан тұрақты орын алған классикалық туындыға айналды. 
«Қорғансыздың күні» (1921) әңгімесі арқылы жазушы қазақ әдебиетіне үлкен   жаңалық әкелді. Әңгімеде қоғам бойын жайлаған дерттің бір көрінісі өте көркем бейнеленеді. Мұнда Ғазиза деген панасыз жетім қыздың адам айтқысыз озбырлық, зорлыққа шыдамай, боранға ұрынып, үсіп өлгені айтылады. Әңгімеде Ақан сияқты қара ниет билік өкілінің зұлымдық әрекеті әшкереленеді. Осы әңгіме туралы Сәбит Мұқанов мынадай ой қозғайды: «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесімен Мұхтар шын мағынасындағы еуропалық прозаның дәрежесіне көтерілді. Осыдан бастап өрбіген қазақтың көркем прозасы... уақ жанрда да, повесть, роман сияқты көлемді  жанрда да көптеген шығармалар туғызып, көп тілді кеңес прозасының алдыңғы қатарынан орын алды».
Жазушы әңгімелеріне  орыс классиктері Гогольдің, Достоевскийдің, Толстойдың  шығармаларының әсері тигенін аңғарамыз. Осылайша, ол алғашқы шығармашылық іздену жолынан өтіп, тәжірибесі молығып, күрделі жанрды игере бастайды.
Бүгінде М.Әуезовтің оқырманға беймәлім 400-ден астам хаттары, жазбалары, баяндамалары, жарыссөздерінің стенограммалары  табылған. Ол дүниелер ұлы жазушының бізге беймәлім өмірінен хабар береді. Солардың бірінде 1920 жылы оның партия мүшелігі қатарынан шығу себебі туралы дерек кездеседі.  Ол тоталитарлық жүйенің жандайшабы болғысы келмеген. Оның қатарында болса, адамдардың сезімі мен іс-әрекетін ашық  жаза алмайтынын жақсы түсінеді.  Екінші жағынан, Орал және басқа қалаларды аралау кезінде аштыққа ұрынған, күйзеліске ұшыраған халықтың жағдайын көріп,  биліктің халықтың әлеуметтік  проблемаларына жаны ашымайтынын сезіп біледі. Бұл оқиға жазушының эволюциялық көзқарасын қалыптастырып, ары қарай коммунистік партия қатарында болуды жөн көрмегені байқалады.
Алаш қозғалысына қатысқаны үшін М.Әуезовте отызыншы жылдары қудалауға түседі. Тіпті, біраз уақыт түрмеде де жатып шығады.  Ақын досы Ілияс Жансүгіров саясатпен айналысуды қойып, біржолата шығармашылықпен айналысуға кеңес береді.  Сосын ол Мәскеуге кетіп, орыс жазушысы Леонид Соболевпен бірге шығармашылықпен айналысады. Соғыс алдында елге оралады. 1942 жылы М.Әуезов «Абай» романының бірінші кітабын шығарады. 1945 жылы Абайдың жүз жылдығына «Абай» либреттосын, «Абай әні» кинофильмінің  сценарийін және Абай өмірі мен поэзиясы туралы бірнеше мақалалар жариялайды.
Абайдың әдеби өмірі мен шығармашылығын зерттеу, арқылы М.Әуезов әлем жұртшылығын қазақ халқының болмысымен, рухани өмірімен,тұрмысымен, дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, оның қайғы-қасіретімен, арман-үмітімен, қуаныш-бақытымен таныстырды.
Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ,
Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер.
Пікір қалдырыңыз