«Әділдік әрқашан жеңеді!»

«Бейбіт күннің өзі майдан мылтықсыз...»

«Әділдік жеңбей қоймайды,
бірақ, ол әдетте кешігіп келеді».
Бауыржан Момышұлы.

«Шегінбеңіз, біз майдан шебіндеміз!»
Айсұлу Қадырбаева.

– Медеу аға, біз өткенде Ермұхан Бекмаханұлы жайлы сұхбатымызды былай деп аяқтаған едік: «...А.Панкратова 1953 жылы наурызда Сталин өмірден өткен соң, мәскеулік 12 тарихшының өтініш хатын қолына алып, 1954 жылы қаңтарда Н.С.Хрущевтің қабылдауына кіреді. Әйгілі академиктің мойын бұлтартпас дәлелді сөзін естіген, әрі оның әлемдік атақ-абыройын ескерген Хрущев сол жерде КСРО Бас прокуроры Р.Руденкоға телефон шалады... Якутияның Бодайбо лагерінде 60 градус аязда ағаш кесіп жүрген Е.Бекмаханов ұшақпен Мәскеуге алдырылып, Бутырка түрмесінен азаттыққа шыққанда оны А.М.Панкратова дербес «Победасымен» қарсы алады. Бір қалта ақша ұсынып: «Судай жаңа, удай қымбат киім алып, бастан-аяқ киініп кел, дұшпандарыңның іші күйсін!» деп дүкенге жібереді. Шарфқа ақшасы жетпей қалған Ерекеңді тағы бір қалта ақша беріп, қайта жұмсайды: «Шарф, галстук, тағы басқа да киім ал! Келіншегің мен балаларыңа базарлық алмасаң еліңе қайтармаймын!» Сол күні хатқа қол қойған 12 тарихшы, барлығы жиылып, Бекмахановтың бостандыққа шыққанын «Арагви» ресторанында таң атқанша тойлайды...
Ерекеңнің елге оралғаннан кейін бұрынғы қызметіне қайта оралуы, жалпы әділдіктің толық салтанат құруы үшін күресі тағы үш жылға созылады. Ол өз алдына бөлек хикая. Тағы бірде әңгіме етерміз оны, інім».
Енді, бүгін әуелі Алла, сосын бір ғана тарихшының ғана емес, бүкіл қазақ тарихшысының қорғаушысы болған академик Анна Михайловна Панкратованың көмегімен жаладан басын арашалап алған Бекмахановтың әділеттілік үшін күресте қалай жеңіп шыққаны жайлы әңгімені аяқтаудың сәті түсіп тұрған тәрізді...
– Бір жарым жылда бостандыққа шыққан, тілеулестерін қуантып, қас дұшпандарын қуартқан Ермұхан Бекмахановты ақпан айының аяқ шенінде Екінші Алматы вокзалынан оның кiшкентай екi ұлын жетектеген енесі Айша, қайынбикесі Хадиша мен қатары сиреп қалған тарихшы достары күтіп алады. Сол күннен бастап сәлем берушілер мен қонаққа шақырушылар көбейген. Солардың бірі – ұйғыр жазушысы, көршісі Қадыр Хасанов. Қадыр Хасенов «Халима ханум маған аманат еткен заттарды ешкімге көрсетпей, көзiмнiң карашығындай сақтадым!» деп қоржын толы ескi кiтаптары мен қолжазбасын, ұсталу алдында өзiне аманат еткен алтын сағатын әкеліп береді. Оның ішінде жаңа еңбегi жоқ болып шығады... «Алтын басың аман болса, қайтадан жазарсың, Ереке. Жазалаушылардың қолына түскен дүние сiрә да қайтпайды, не өздері иемденеді, не өртейді...» дейді жұбатушылар.
Содан бiр күнi үміт жетелеп кауiпсiздiк мекемесіне барады. Тәркіленген кітаптары мен жаңа еңбегінің қолжазбасын кайтаруды өтiнiп, ресми арыз бердi. Қайтармаса сотқа шағынатынын ескертеді.
Сөйтiп жүргенде бір күні екі қоржынды арқалап Ахметжан деген шәкірті, қиын күнде қорған болған шынайы iнiсі келеді. Бір қоржында сәлем-сауқат ет болса, екіншісінен «мiне, аманатыңыз!» деп қомақты бума қағазды шығарады. Сөйтсе, 1952 жылдың қыркүйегiнде, түн iшiнде осы iнiсiне аманат еткен жаңа еңбегі екен. Бас-аяғын парақтап, орта тұсынан да әр жерін ашып, түгел екеніне көзі жетіп, көңілі жайланған соң Ахметжанды қайта құшып, кеудесіне қысады. Жоғы табылған соң айран-асыр қуанып, шат-шадыман күй кешеді. Күнi кеше ата жауын көргендей тіксіне қараған тергеушілерге енді бармайтын болды. Ахметжан інісінің аманатқа адалдығы өзiн үш, әлде бес жылға созылар ауыр еңбектен құтқарды. Қолжазбасын үстел үстiне қойып, мейманын қайтадан құшты. Құшақтап тұрып, көзінен тамшылаған көз жасын да саулатты.
Содан соң қолжазбасын қолтығына қысып ас үйге барды.
– Шешей, Хадиша апай, бері қараңыздар. Ахметжан iнiмнiң сыйлығын көріңіздер! Мені тарих әлемінен қуып тастадық деп жүргендердi есiнен тандыратын еңбегімді Ахметжан інім көзінің қарашығындай сақтап, тәркілеуге түсірмей, міне, өзіме қайтарды! Қане, тездетіп қазан көтерiңiздер, бұл қуанышты жақсылап «жуамыз...»
Ермұхан жұмыстағы әріптестері өздері келіп сәлем берер деп ойлаған-ды. Алайда, ол рәсiмге бас иген бiр жан шықпаған соң, бiрер аптаны артқа салып, ақыры өзі барды.
Партия тарихы институтында директордың орынбасары болған Иван Степанович Гороховадацкий ендi Тарих институтына директор болып жоғарылапты, ал, ҚазМУ-де өзiнен дәрiс тыңдаған, бiлiмi өз қатарынан едәуір үздiк шәкiртi Бағдат Нұрланқызы Әбішева оның ғылыми істер жөніндегі орынбасары екен, екеуi де ғылым кандидаты. Екеуі де орындарынан тұрып, алыс сапардан аман-есен оралған әрiптесіне қайырлы болсын айтты. Партия ұйымының хатшысы Ақай Нүсіпбеков қана Ермұханды құшағына көмді...
Ақталып келген тарихшыға институт басшылығы кiшi ғылыми кызметкердiң орнын ғана ұсынды. Таңдау еркі жоқ Ермұхан амалсыз көнді. «Қазiргi жағдайымда соған да ризамын, ғылыми атақтарым қайтқанша сол болмашы еңбекақыны да ризық етермін» деп ойлады.
«Сiздерде әлі күнге дейін Әлкей Хақанұлы Марғұланнан өзге ғылым докторы жоқ, ал, ол кiсi – тарихшы емес, археолог. Бес-алты жылдан берiде, сірә, тарихшы доктор бiзде болмайды. Ал, мен сол дәрежеге бұдан сегіз жыл бұрын жетiп, осы ұжымга ғылыми жетекшi болған маманмын...» деген қыжыл көкейiнде сайрап тұрса да, сыртқа шығарып айтпады. И.С.Гороховадацкийдiң қазақ тарихынан бiлiмi таяз әрі ерекше сақ адам екенiн бiлетiн Ермұхан енді «мына шiркiнге бірдеңе демейсің бе?..» деген үмітпен жас орынбасарға қарады. Студент кезiнде белсендi һәм алғыр сияқтанған сүйікті шәкірті тым-тырыс отыр. Сақа жастағы сыйласы, 1948 жылғы айтыста Кенесары қозғалысының халықтық сипатын бұлталақсыз жақтап, азаматтығын айқын танытқан ескi досы, пiкiрлес әpiптесі Ақай Нүсіпбекұлы да ләм-мим демей, төмен қарады. Амал не, екеуі де «Ерекеңнiң бiзде жұмыс iстеуi ұжым үшiн абырой емес пе?! Ғылыми атағын қайтарып алғаннан кейін емес, тап қазiргi кiрiптар жағдайын ескеріп, бұрынгы тарих докторын ғылыми ізденіске тартайық...» демеді.
– Арыз қалдырыңыз, академия президентінен қосымша вакансия сұраймыз. Мәселе оңынан шешілсе, хабар өзiмiзден болады, – дедi Гороховадацкий ақырында.
Тарихшы енді бұдан үш жыл бұрын өзін партиядан шығарып, жазалаушы органның емін-еркін қимылдауына жол ашып берген ҚазМУ-ге барды. Төлеген Тәжібаев ректорлықтан босаған соң осы ұжымда кафедра меңгерушiсi екен. Сырлас та, мұңдас та жан ретiнде ең алдымен соған кірді.
– Саяси қылмыстан ақталдың, бұл сенің – басты көзiрiң, «жұмысқа алмаймыз» деуге ешкiмнiң хақысы жок. Ректордың өзiне бар, КСРО тарихы кафедрасында орын жоқ десе, солай деуi де ықтимал, маған сұран. Сен үшін аға оқытушының вакансиясын табамын, психологиядан дәрiс оқисың, сендей әмбебап бiлiмпазға ол қиын емес, – дедi ескi досы.
ҚазМУ-дің сол кездегі ректоры физика-математика ғылымының кандидаты А.З.Закарин болатын, ол да рабфактың түлегі. Соғыс алдында Мәскеу университетін тәмамдап, ҚазПИ-де окытушы болған. Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан оралған соң ұстаздық енбекпен шұғылданған. Өзі Сiбiрге аттанғанда Асқар Закарияұлы ҚазПИ-дің ректоры едi, ендi мiне, республикадағы жалғыз университеттiң жетекшісі атанып, мәртебесi өсіпті.
Ректор қабылдауды бiрер аптаға созды. Содан-ақ Асқар Закарияұлының өзімен сұхбаттасуға ықыласы жоқтығын сезген, бiрақ барар жерi, басар тауы қалмаған тарихшы ойындағы мәселенi бiр жағына шығаруды жөн көрдi. Үшiншi мәрте телефон соққанда, жұмыс аяғына таман келсiн деген лебiзiн естіді.
– Асеке, мен осы университетте тыңнан кафедра ашып, профессор атағын иелендім. Менiң ұстаздық енбегiмдi, бiлiми деңгейiмдi осындағы әрiптестерім жақсы біледі. Тоқетерін айтқанда, КСРО тарихы кафедрасына мені оқытушылыққа қабылдаңыз, – деп Ермұхан арызы мен қылмыстан ақталғандығы туралы сот анықтамасын ректордың алдына қояды.
Асқар Закарин кадр басқармасының бастығын шақырады. Ол да кабинет иесі ұсынған құжаттарды шұқшия қараған соң:
– Жолдас Закарин, сот үкiмiнде Бекмаханов жолдастың ғылыми атақтарын қайтару туралы ештеңе айтылмаған. Cіз маған кеше аға оқытушының орнын дайында дедiңiз. Одан бөлек партияға мүшелiгi де қайтарылмаған адамды мен ұстаздық жұмысқа рәсімдей алмаймын...
– Ерекең маған ол мәселені ВАК жуықта қарайды деді. Партияға мүшелігі де, сірә, жуықта шешiліп қалар.
– Асқар Закарияұлы, мені тәртіп бұзуға итермелемеңіз, алдымен әлгі айтқандарыңыз шешілсін...
Асқар Закариннің атағына, одан да бұрын азаматтық болмысына сеніп келгені бекер болғанын, мемлекеттік биік деңгейге көтерілген, от пен судан өткен замандасының әлдекімдерден сескеніп отырғанын ұққан Ермұхан шыдамай, шырпыдай тұтанып кетті.
– Жаратылысымда мен ұстаздыққа бейім адаммын. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да, Асеке, күндердiң күнiнде мен университетке қайтып ораламын. Менің қазіргі жағдайымды ескеріп, өзiңiз шешер деген үмітпен келіп едім. Енді, амал жоқ, әділдікті жоғары жақтан іздеймiн, – деп орнынан тұрды.
Қазақ қауымын сол кезде жаппай жайлаған «дерт» – шектен тыс сақтық тағы да алдынан шықты. Кімге шағынады, жұмыс сұрап қай төреге барады? Шынайы достарының бәрi де бұрынғы мансаптарынан жұрдай болған, кейбiрi жұмыссыз, біразы төмен құлдилаған: Қаныш Имантайұлы Геологиялық ғылымдар институтына ғана ие болыпты, ғылыми жиын, дәстүрлі мерекелерге шақырылмайды деседi; қиын-қыстау күндерде өзiне қол ұшын беруден тайынбаған Әмір Қанапияұлы ақпан кіргелі үйiнде бос отыр; жалғыз үміт – студент күнінде құшағы айқасқан досы Жақыпбек Жанғозинде, бiрақ ол Сауда министрі, Сібірден қайткан кезде-ақ «қай жерде демалғың келеді, бiрер айдың жолдамасы – менiң мойнымда» деген, сол уәжiне қарағанда одан өзгеге шама-шарқы жоқ...
– Дегенмен, дәрігерлер әрбір удың күшін қайтаратын оған қарсы у да болады дейді, қазақ та «удың зәрін у қайтарады» дейді, сол секілді шығатын жол да тұйық болмауы тиіс емес пе?
– Дұрыс айттыңыз! Мәскеудегі мейрамханада бостандыққа шығуын тойлаған кеште А.М.Панкратова құттықтап тұрып, «Ермұхан, сенi қылмыстан ақтаған үкіммен мен Бас прокурордың кабинетiнде таныстым. Үкiм қысқа әрi тұжырымды. Саған Алматы заңгерлерi байлаған қылмысты жоққа шығарған. Қорытындысы тіпті тамаша: ғылыми қателесу қылмысқа жатпайды депті. Бірақ, сенің «Кенесары қозғалысын талдауда қателестім» деген сөзіңді пайдаланып, ВАК саған ғылыми атағыңды қайтармауға тырысады. Біздің институт та жәрдем бере алмайды, себебі сондай «қателестік» деген қаулыны біз де қабылдағанбыз» деп ағынан жарылған Анна Михайловна ақыр аяғында әділетсіздікті түзетудің жолын да өзі нұсқаған-ды: «Меніңше, бұдан шығар екі жол бар. Біріншісі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Кенесары Қасымов қозғалысы туралы қаулыны өзгертіп, тарихи ақиқатты қалпына келтіруі тиіс. Бұл, бірақ, ерекше қиын мәселе, әйтсе де үмітіңді үзбе, Қазақстанды басқаруға жаңа қайраткерлер барды... Екінші жол, бұл біріншіден әлдеқайда ұтымды: «Қазақстанның Ресейге қосылуы» монографияңды қайта қарап, докторлық диссертацияға айналдырып, атағыңды қайта қорғайсың...»
Тарихшы достарының бәрі сол жерде бұл ұсынысты құлай құптаған-ды. Ермұхан да «амандық болса, бес-алты айда алдарыңа алып келемін!» деген болатын.
Алайда, айтуға оңай болғанмен, бұл істі жүзеге асыруға айлар емес, жылдар керек. Ол үшін ең алдымен күнкөріс мәселесі шешілуі тиіс. Өзі, әйелі, екі үйдегі бес бірдей бүлдіршіннің ішер асы, киер киімі...
«Үлкен үйдің» көмегінсіз ештеңе бітіре алмайтынын сезген ғалым ғылым бөлімінің меңгерушісі мен осы саланы басқаратын хатшыға сұранды. Бірақ, естігені «ендігі аптада хабарласыңыз» деген жауап болып, екі ай да өте шықты. Бос отыра алмай, монографиясын қайтадан қарауға кірісті, қыза келе өндіре жазатын болды.
«Алдағы дүйсенбіде Орталық Комитеттің ғылым бөлімінің меңгерушісі қабылдайтын болды» деп жазды Ермұхан Бекмаханұлы 21 мамырдағы Ташкенттегі келіншегіне жолдаған хатында. Айтқандай, айдың соңғы аптасында ол Нұрымбек Жанділдинге кірді. Оны бұрыннан танитын, Жоғары партия мектебінде оқытушы болған ол, 1951 жылы Орталық Комитетке шақырылып, ерекше қатаң жүрген науқанның басы-қасында болған саясаткер...
Бөлім меңгерушiсi тарихшымен сыпайы амандасып, хал-жайын тәптіштеп сұрағанымен нақты сөзге баспады. Тарихшы кабинет иесінің өзі өтінген мәселеге араласқысы келмей отырғанын көрген соң ашық кетті:
– Мен сiзден жұмысқа орналасуға нақты көмек сұрап отырмын. Бұл болса сіз ғана шешетін іс. Өйткені мен бес жыл ұдайы ғылым докторы, профессор атағын иеленген адаммын. Ғылымнан өзге менде кәсiп жоқ, болмайды да!.. Бұл өтінішіме де жоқ десеңіз – бірінші хатшыға сұранамын.
Бөлім меңгерушiсi:
– Ереке, хатшымен ақылдасайын. Өтiнiшiңiзге хабар өзiмнен болады, – дедi.
Біз Ермұханның Ташкенттегі келіншегі Халимаға 1954 жылдың мамыры мен маусымы арасында жазған сағынышқа, махаббатқа толы хаттарынан оның күзге қарай университетке жұмысқа тұратын болғанын, парткомиссия мүшелігін қайтару керек деп шешім қабылдағанын көреміз. Бірақ, сол жылы Н.С.Хрущев бастаған «жылымық» Қазақстанға жетіп қарық қылмады. Оны біз Е.Бекмахановтың тағдырына немқұрайды қараудан байқаймыз. Ақталып Алматыға оралған мыңнан аса адамға пәтер берілетін болған, Бекмаханов сол тізімнің жуан ортасында. Партияға мүшелікті КОКП-нің бақылау комитеті шешеді, бұл енді жарты жылға баратын шаруа.
Бекмаханов болса монографиясын қайта жазып бітіріп, екі данасын Мәскеудің Тарих институтына жолдап, үшінші данасын қолтықтап, Н.Жанділдинге әкеліп тапсырды. «Орталық Комитеттің ғылым бөлімі танысып, толық мақұлдады» деген бір ауыз ресми хат берсеңіздер» деді. Жанділдин өтінішін қабылдаған жоқ. Ермахан бірінші хатшыға барамын деген ойын айтты және Жанділдиннің «алдымен жаңа идеолог хатшыға кіргеніңіз жөн емес пе?» деген ұсынысын да қабыл алмады. Жанділдин:
– Біріншінің әр минуты есептеулі, қабылдауына жете алсаңыз... – деп шығарып салды.
Айтқанындай, қабылдау созыла берді. Сөйтіп жүргенінде жаңадан танысқан досы Бердібек Соқпақбаев Нарынқол ауданына, өзінің ауылына барып, қымыз ішіп, сергіп қайтуға шақырды. Бұлар Нарынқол мен Кегеннің қою қымызын ішіп, оннан аса марқаның басын мүжіп, қоң жинап қалған кезде бірінші хатшы шақырып жатыр деген хабармен қаладан шабарман де жетті...

Пономаренкомен парасатты сұхбат

«...Мен бір шарға ұстаған қара балта едім.
Шабуын таппай кетілдім,
Қайрасаң тағы жетілдім»
Махамбет.

– Сiзбен сұхбатты, Ермұхан Бекмаханович, әртүрлі себеппен кейінге шегерген едiм, сөйткенім үшiн бұдан үш күн бұрын академик Панкратовадан катаң сөгіс естідім, – деген келбетті кабинет иесіне Ермұхан аңыра қарады. Қарады да, «қайран, Анна Михайловна, тағы да сіздің қамқорлығыңыздың арқасында мына кабинетке тап болдым, менi балаңызша өбектеуден ешқашан жалықпайсыз!» деп сүйсіне ойлады. Тарихшының таңданған әлпетін хатшы да аңғарды. – Анна Михайловна менен «менің шәкiртiме қандай жұмыс бердiңiз, пәтерi бар ма, екi қалада паналап жүрген үй-ішінің басын қосты ма?.. – деп бастырмалата сұрағанда, мен не айтарымды бiлмей сасып қалдым. Ақыры, үш-төрт күнге мұрсат алып, сізбен кездескен соң телефон соғуға уәде еттім. Қысқасы, сіздің демалысыңызды бұзуға тура келді. Ал, жай-күйiңiздi баяндаңыз!..
– Абай атамыздың «істің қалай болмағы аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан білінеді» деген даналық сөзін бесінші класта жүргенімде оқыған мен соны қашан есейгенше түсінбеп едім. Бекмахановтың Пономаренкомен сұхбаты да көңілге бірден үміт отын тұтатып, ерекше басталған екен...
– Дұрыс айтасыз, Пономаренконың өзі отырыстың тізгінін қолына алып, ыстық ықыласпен сөз бастағаны Ерекеңді қанаттандырып жіберген ғой. Сол себепті ол сөзін жеке басының қамын айтудан емес, П.К.Пономаренконың тамыздағы республикалық жиында «Қазақстан табиғи байлыққа ғана емес, ұлттық тұлғаларға да бай. Ал, сіздер, бұрынғы басшылар, әлемге әйгілі академик-ғалым Қ.Сәтбаев, жазушы М.Әуезов, академик-композитор А.Жұбанов, т.б. аса дарынды перзенттеріңізді қамқорлыққа алып, жұмысқа жұмылдырудың орнына күн көрсетпей, туған елінен безуге мәжбүр еткенсіздер. Бұдан соң сіздерден қандай жақсылық күтуге болады?» деген жалынды сөзіне айғыс айтудан бастады. «Сол себепті өзіңізге кейбір мәселені егжей-тегжейлі баяндау үшін сұрандым» деді. Маған «Кенесары ханды шексіз дәріптеді» деп жала жапты. Дәйекті түрде ақталған сөзімді екі жыл бойы бір де бір газет баспады. Сосын «Қазақстанның Ресейге қосылуы» деген жаңа еңбек жазып, оған Мәскеу тарихшыларынан қолдау алып қайтқан күні мені тұтқындады. Ал, сол адамдар екі жылда не бітірді екен сұраңызшы, бір де біреуі менікіндей монография жаза алмаған. 12 ғылым докторын Сібірге айдауға қолдау көрсеткендер осы үйде әлі отыр. Бұрынғы әдетін ашық болмаса да астыртын түрде жалғастыруда.
– Дәл айтасыз! – деді хатшы кенет. – Кейбір жолдастар маған Жамбыл Жабаев туралы небір қауасет айтты. Мен оларға: «Ау, оның хатшылары соншама күштi ақын болса, Жамбылдың «Ленинградтық өрендерiнен» асып түсер, әсерi жойқын, ғажап жырларды қазір де неге толғамайды? Енді қарт ақын арамыздан кеткен соң оның биік рухын төмендетіп, асыл жырларынан қалайша бас тартамыз?..» дедiм. Меніңше, өрескел қаралау. Өз басым бар болмысыммен қарсымын бұған!.. (Бұл турасында П.К.Пономаренко біз жоғарыда атаған республикалық жиындағы төрт сагатттық сөзiнде күйiне айтып, «Жамбыл Жабаевтың дүлдiл ақын еместiгiн әшкерелеудi өтiнген адамдар бүгiн осы залда отыр, сол жолдастар осы әрекетiмен күллi қазақ халқының ділі мен рухына, өткен тарихына шабуыл жасап, өзiн- өзі масқаралағанын қалайша ойламаған? Түсiнбеймiн, түсiнгiм де келмейдi» дегенде залда отырғандар дүркiрей қол соғып, хатшыны қостапты. Ө.А.)
Ермұхан да осы сөзді естігенде бей-жай қала алмай, делебесi қозып, «апырай, жақсы айтқан екенсiз, Пантелеймон Кондратьевич, Тәңір жарылқасын сізді, халық көкейіндегі сөздi дөп басқансыз! – дедi. – Менiң де ашына айтып отырғаным осыған ұқсас ахуал – бiзде қазiр өздері ештеңе бiтiрмейтiн, ал, іс тындырғандарды көре алмай, неше түрлі дау-дамайға душар етiп, ғылыми ізденістен алыстатар пысықтардың жолы болып жүр...
– Жаңа монографияңызды ғылым бөлiмiне тапсырғаныңызды бiлемiн. Оның да ғылымға деген құштарлық пен енбексүйгіш қабiлетiңізден туған дүние екенін Анна Михайловна да ескерткен, – деп Пономаренко ǝңгіме өрiсiн тағы да өзіне аударды. – Сiздiң әлгi ақпарыңыз, жел сөз қуғандар туралы пiкiрiңіз түрлі ой туғызып отыр. Шынында да, Бекмаханович, шынайы тарихшы дау-дамайға үйір болмай, тарихи енбек жазумен шұғылданғаны жөн емес пе? Айтыс-тартыстан iс өне ме, қоғамға да залал... Жарайды, бұл жағын қоя тұрайық, сiз маған турасын айтыңыз, «Қазақстанның Ресейге қосылуы» еңбегіңізді Алматыда басқыңыз келсе, биыл-ақ жарыққа шығарамыз...
– Пантелеймон Кондратьевич, ілтипатыңызға рахмет! Бұл еңбегiмдi мен Мәскеуге ұсындым. Өйткені, саяси мәні зор монографиямды сонда шығарып, әрi докторлык атағымды қайтару үшiн соны көзiр етпек ойдамын. Бұл турасында мен сiзден көмек сұрамаймын. Ал сiзге, жолдас хатшы, мен бұдан гөрi қиынырақ мәселемен келiп отырмын...
Тарихшы келесi лебiзiн салмақтап жеткізу үшін сәл аялдап, кабинет иесiне байыптай карады. Хатшы ләм-мим деген жок. Сірә, қабылдауын сұрап, жаз бойы күткен, ақыры соған Мәскеу арқылы мәжбүр еткен тарихшыдан оп-оңай кұтылмайтынын аңғарған тәрiздi.
– Жағдай біршама оңалды, нақақ құрбандыққа шалынғандардың тірілері елге қайтып, дағдылы жұмыстарына кірісті. Тәубә дейміз!.. Әйтсе де, күрмеулі қалпында жатқан мәселе аз емес, – деп бастады Ермұхан түпке сақтаған мүдделі сөзін. – Әлгінде мен сізге көптеген асыл мұрамыздың құлыпқа түскенін ескерттім. Өткен тарихымыздың көпе-көрiнеу бұрмаланып, ағымдағы саясаттың бодауына тап болуы да сонымен сабақтас. Шындығында ақты – ақ, қараны – қара дейтін уақыт туды. Ол үшiн бұрынғы ұрдажық қаулылардың күшiн жою қажет. Өйтпейінше жағдай түзелмейдi, әрi бұл іс сол жел сөз қуғандарға тыйым болады...
– Соңы өзара кек қайтаруға ұласса қайтеміз?
– Мұны iстемесек, біз, кешегі науқанда қиянат көргендер, саяси қылмыстан ақталмаған «күнәһар» қалпымызда қаламыз... Анығын айтқанда, рухани арылуды күллi халық күтуде. Әсіресе зиялы қауым. «Тарих», «Қазақ әдебиетi» оқулықтарының неше мәрте күзелiп, тәркіленіп, мейлiнше жұқарғанын сiзге ешкім айтпаған... Қандай да ащы шындықтың жабулы қалмайтынын бiлесiз, соны сiз бен бiз түзетпесек, уақыты туғанда басқалар жасайды. Ғaфy етiңiз, мен тарихшымын, мәселені сізге тарихи тұрғыдан ескертуді парызым деп бiлдiм.
– Түсінікті, ұғар құлақ болса жеткілікті ескерттіңіз. Өте күрделі мәселе, қайтсем де түзетемiн, ақиқатқа жүгiндiремiн деп уәде ету қиын... Мәскеудегi жолдастардың кейбiрi «жолдас Пономаренко, Қазақстанға сiздi ескi қаулыларға ревизия жасап, жаппай теріске шығару үшін жіберген жоқпыз» деуi де мүмкін деп хатшы зорлана жымиды. – Бұл мәселелер турасында, шынымды айтайын, түйсік-түсінігім мүлдем басқаша еді, соған сіз айтарлықтай түзету жасадыңыз. Ермұхан Бекмаханович, рахмет сізге!..
Әйтсе де Е.Бекмаханов сөз еткен көкейкесті мәселе турасында П.К.Пономаренко бұдан кейін де бұрынғы қаулының күшiн жою турасында нақты шараға бармаған. Өзі де ескерткендей, шамасы жетпесе керек деген түйiн жасаймыз.
Соның зардабын ең алдымен Е.Бекмаханов тартты: Кенесары Қасымұлы «кертартпа қайраткер» қалпында қалған соң ғылыми атақтары қайтарылған жоқ; тарихшыға университеттегі аға оқытушының мардымсыз еңбекақысын күнкөріс етуге тура келдi; пәтер мәселесi де келер жылға ауысты.
Дегенмен, қайраткер Пантелеймон Кондратьевичтiң қазақ халқының біртуар перзенттерiн қадiр тұтып, оларға қолдан жасалған қиянаттарды жаппай түзеткенін ескерту парыз: мысалы, Қ.И.Сәтбаев жаладан ақталып, бұрынғы орнына қайта оралды: Төлеген Тәжібаев Қазақ КСР-ның Сыртқы iстер министрі әрі Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары міндетін атқаруға кірісті: Мұхтар Әуезов пен Ахмет Жұбанов та елге кайтып, бұрынғы ұстаздық және шығармашылық кәсіптерiне қайыра кiрiстi. Ә.Қ.Қанапин де бәз-баяғы Мәдениет министрлігіне оралды...
Ермұхан Бекмаханұлынын өтінішін КСРО Жоғары бiлiм министрі В.П.Елютин қалайда оңды шешуге тырысқанымен, ғылыми атағын қайтару туралы мәселені шеше алмады. Өйткені, сол қарсаңда ВАК ережесіне диссертацияны қорғаудан бұрын сол еңбек кітап болып жарық көруге тиiс деген қосымша тармақ қосылған. Сондықтан да ендi жаңа монографиясын тезірек жариялау жолын қарастыруға тура келген. Еңбегiн тек қана Мәскеуде жариялауға құлшынған Ерекеңе бұл ол күнде оңай шаруа емес.
Сөйтіп жүргенде 1956 жыл келді, ақпанның 14-25 аралығында дүниені дүр сілкінтіп КОКП-нiң ХХ съезі болып өтті. Ұран ғана емес, кеңес ғылыми әлемiне айнымас нұсқа болған И.В.Сталин еңбектерi әншейін жай дүниеге айналды. «Өзіме де сол керек, бейсаясат қалпымда қалғаным жөн едi, менi ендi тарихтың өзi жазалады...» деген бейнетқор тарихшы 900 бет монографиясын түзетіп, ол «Наука» баспасының 1957 жылғы жоспарына кiрдi.

Ақиқат үшін айқас

«Ішімде кетті арманым,
жау қолынан өлмедім!»
Ақтамберді жырау

Ерекең әрі батыр, әрі жыраудың өсиетін дәл қайталай алмаса да, өмірінің соңғы күндеріне дейін өз жаратылысына сай әділетсіздікпен күресумен өтті. Соның жарқын бір мысалы ҚазМУ-де істейтін, КСРО тарихы кафедрасының ассистенті Р.Ф.Смирнованың Қазақстан тарихы тақырыбынан кандидаттық диссертация қорғағаны болды. Үміткерге Днепропетровск қаласынан Л.И.Брежневтiң арнайы шақыруымен Алматыға қоныс аударған, онымен әскери бiр бөлімде болған делінетін, ұлты тәжік, тарих ғылымының докторы, профессор А.Әлиев ғылыми жетекшiлік еткен.
Диссертация қорғаушының баяндамасынан соңғы талқылау мадақтауға айналады. Профессор Әлиев те, оппоненттер де диссертант еңбегiн жаппай жоғары бағалайды...
Сыпыра мадақ шектен асып, жұртты мезі ете бастағанда КСРО тарихы кафедрасының аға оқытушысы Ермұхан Бекмаханов сөз сұрайды.
– Мәселенiң тоқетерiн айтайын, жолдастар. Смирнованың еңбегiн мен мұқият окыдым, кемшiлiгi өте көп, кандидаттық атаққа лайық емес дүбәра дүние. Диссертанттың өз пікірі мәтiнде бар-жоғы – көмескi. Ең шатағы, Руфина Филиповна еңбегiн ертеректе жария болған мынадай-мынадай ғылыми жұмыстардан сыпыра көшiрген... – деп көсіле сейлейдi.
– Смирнова жолдас, сіздей арсыз жанды өз басым бұған дейiн кездестірген емеспін. Ең болмағанда әлгі сөздерді сыпыра көшiрмей, орыстың бай тілімен бүркемелеп баяндасаңыз неттi?! Жоқ, тiптi абзацтарына дейін қотара көшiргенсіз... Жә, ғылыми қауым, өздерiңіз айтыңыздаршы, плагиатпен жазылған жалған еңбектi жорта мадақтап, ғылыми атаққа ұсынуға бола ма? Мен өзiм бар болмысыммен бұған қарсымын. Ғылымға мұндай сұғанақтарды жолатуға болмайды! Смирнованың масқара қылығын жаба тоқудын орнына, жолдастар, партия жиналысына салып жазалау керек!..
...Ғылыми кеңес мүшелері мен осы мәжiлiстiң төрiнде отырған биiк лауазым иелері де (естелік иесінің куәлігіне қарағанда, кеңес төрағасы А.З.Закарин, Қазақ КСР ҒА-ның Химия институтының директоры Д.В.Сокольский және басқалары) не дерiн бiлмей абыржып калғанда, профессор Әлиев сөз сұрапты. Сөйлегенімен бір ауыз дәлел айта алмай, оның орнына ашу шақырумен болады.
Профессор әріптесін алдыңғы қатарға келiп түрегеп тұрып тыңдаған Ермұхан Бекмаханұлы екінші мәрте мінбеге көтеріледі. Әлиевті «жалған оқымысты» деп айыптап, ит терісін басына қаптайды.
Үзіліс жарияланып, мәжілiстiң жалғасы ректордың кабинетінде өтіп, қысқасы, ғылыми кеңес мүшелері Р.Ф.Смирнованын жұмысына ...оң баға береді. Демек, ұрлықшы үміткерге қолдау көрсеткен ғалымдар жергiлiктi тарихшыны күні өткен, бақ-жұлдызы сөнген бейшараға санаған. Басқалай тұжырым жасау мүмкiн емес...
Ары қарай – тіпті шатақ. Университет парткомының бюросы профессор А.Әлиевтің арызы бойынша, Е.Бекмахановтың жұрт алдында оны жалған тарихшы деген ғайбат сөзі үшін партия мүшелігінен екінші рет шығарып, жұмыстан да аластау туралы төтенше қарар қабылдаған. Мәселе сөйтіп ойда жоқта насырға шауып, университет коммунистерiнiң жалпы жиналысына түседі: партбюро ұсынысы көпшілік тарапынан қолдау тапса, жиналыс хаттамасы Мәскеуге жолданады, демек, Ермұхан Бекмахановтың ғылыми атақтан үмiтi бiржола үзілмек...
Сонымен «тәртіпсіздігіне» түсінік беру үшін Е.Бекмахановқа сөз тигенде ол қорғанудың орнына шабуылға шығады: «Жолдастар, мені қайткен күнде кінәлі етуге тырысқан пасық әрекеттеріңізден тап бүгін ештеңе өнбейді. Компартия жаңғыру кезеңіне бет бұрды, бұл жол – әділдік жолы. Сіздер партияның XX съезі жариялаған жаңа ұстанымға қарсы шығып отырсыздар. Бұл жайтты университет коммунистерi әдiл талқылап, ақиқатты жақтайды деп сенемін».
Әділдікті талап еткен жастар жағы Ерекеңдi катты қорғап, ақыр аяғында жиналыс: «Осы талқы екеуiне бiрдей сабақ болсын, қазақ тарихшысы Әлиев жолдастан кешiрiм сұрасын» деген сипатта екiнші қаулы қабылдайды. Ермұхан «кешірім сұрамаймын» деп жиналыстан кетіп қалады.
А.Әлиев «Бекмаханов сияқты содырмен бiр кафедрада істей алмаймын, не мен, не ол қалсын» деген арыз жазады. Партком асау тарихшыны ұмытпастай етiп жазалауға қамдана бастайды.
Сол кезде тарих факультетiнде оқитын бiр топ студент ұстаздарын жазықсыз қудалауға жол бермеуге сөз байласады. Ол iске ту баста екі адам: бастаушы – Ұлы Отан соғысына қатысушы, білімін көтеруге сақа жiгiт кезiнде ден қойған жігерлі азамат Қойшығұл Дартаев болса, оны қостаушы аспирантурада оқитын, орысшаға жүйрiк, жас білімпаз Рамазан Сүлейменов мұрындық болады. Сірә, әлгі екеуi өздерімен бір бөлмеде тұратын алты студентке (Баймұрат Сәрсенов, Әнуарбек Әмiнов, Асылбек Сәдуақасов, Темір Кiшiмов, Кеңес Дәулетияров және Садыбай Исаев) «жігіттер, заман өзгерді, ештеңеден қорықпай, Н.С.Хрущевтің атына «мына келеңсіздікті түзетiңiз» деген сипатта ұжымдық хат жазу керек. Жүз шамалы студент қол қойса, бiттi шаруа! Никита Сергеевич бұл қиянатты бір-ақ сөзбен тоқтатады. Тек біз екеуміз хатқа қол қоймаймыз, өйткені партия мүшесi ретiнде мұндай iске қатысуға хақымыз жоқ. Ал, сендерді қорғауға қажеттілiк туса, сөз жоқ қорғаймыз. Хатты әрi кетсе екi-үш күнде жөнелту керек...» дейдi...
– Медеу аға, мына оқиғаны бүгінгі күні саяси белсенділікті ұмытқан студенттерге көрсетсе «хитқа» айналатын дайын сценарий болып тұр ғой...
– Қысқасы, студенттер көлемі он шақты бет хат жазады. Тек екінші нұсқаға қол қойдырып жүргенде ұсталып қалады. Сірә, Қауiпсiздiк комитетінің студенттер арасындағы тыңшыларының бiрiнiң көзiне түскен. Хаттың бір данасы дереу «Үлкен үйге» апарылған...
Содан не керек, ректорат пен партком алты жігітті қанша қорқытып-үркіткенімен, ештеңе шығара алмайды. Бас кезінде қорғанғанмен, өздерінің ісі ақ екеніне кәміл сенген студенттер шабуылға шығады. Олардың сөзі барған сайын үстем болып бара жатқанын көрген партком хатшысы Ә.Сембаев «Жастар, бiршама қызбалық жасадыңдар, енді қойыңдар» деп ректорға да «бұл мәселені осы кабинеттен шығармай тоқтатайық» деген ұсыныс жасайды.
Ойда жоқта өрбіген осы жанжал университетті ғана емес, «Үлкен үй» дөкейлерiн де, Н.Жанділдинді де қатты абыржытып, ерекше дүрліктіреді, бірақ, іле-шала бәрi де сап тиылыпты. Оның себебін маған Халима апай айтты. Сөйтсе, олардың туысы, Н.Жанділдиннің бұрынғы орнында ОК-тің бөлім меңгерушісі болып істейтін Серікбай Бейсембаев бұлардың үйіне келіп «студенттердің шағым хаты Хрущевтің тура өзiне жетiптi, ал ол: «Елютину, разобраться!» деп нұсқау жазыпты. Одақтық министр бүгiн бiздiң хатшыға телефон шалып, түсінік сұраған, Нұрымбек жағдайды анықтап, өзiм хабарлайын деп құтылған. Қысқасы, хатшы бұрынғы әкіреңінен айнып, қатты қиналып отыр. Ректорыңды шақырып, соншама неге шулаттыңдар деп менiң көзiмше сазайын берді. Саған ол ендi тиiспейді, сұраған командировкаңды аласың, шәкірттеріңнің де шашының бір талы түспейді, оқуын жалғастырады...» деп сүйінші сұрайды... Ерекең тіл қатпай біршама уақыт үнсiз отырды да, «жарайды, келістім. жастарға дау емес, диплом алу керек...» деп басын сипайды...»
Мен пайдаланған Садыбай Исаевтың бұл естелiгi мынадай ақпармен аяқталыпты: «Сол iс бiздiң жеңісімізбен біткен соң сүйікті ұстазымыз Мәскеуге аттанып, сәуірдің 10-ы шамасында қайтты. Бұлай дейтінім: бiз диплом жұмысымызды сәуірдің 16-ы күні қорғағанда Ерекең аудиторияда отырып, демеу көрсетті. Соңынан өзі іздеп келіп, «жігіттер, сендерге көп рахмет! Арыздарың маған да септігін тигізді. Әділдік үшін күрестен таймаңдар, әділдік әрқашанда жеңедi!» деп Мәскеуде болған әңгіменің жай-жапсарын мәлімдеді. Министр өзін кідіріссіз қабылдап, біздің хатымызды көрсетіпті. Бірінші бетіне Н.С.Хрущевтің қызыл сиямен жазған бұрыштамасын нұсқап тұрып, «студент жастардың қорғауы – сіздің ұстаздық еңбегіңіздің әдiл бағасы» депті...
– Енді Халима апайдың уәж сөзіне тоқтап, жазуға отырған кітабыңызды қалай баспадан шығардыңыз, сол жайлы бір-екі ауыз сөз айтсаңыз.
– Мен ол кітапты алдымен қазақша жаздым, сосын өзім орысшаға аудардым. Бірақ, орысшамның кедір-бұдырын тегістетіп алу үшін семейлік жолдасым Алексеевке бердім, ол маған оны тақтайдай етіп дайындап берді. 2012 жылы ҚазМУ-дің кітапханасында тұсаукесерін өткіздік. Халима апай, мен, тарих факультетінің деканы, университет ректоры, төртеуміз президиумда отырмыз. Ерекеңе қарсы болған академиктерді де, бірінші әйелінен туған қыздарды да шақыртқанмын. Екі қызы келіп рахметін айтып кетті. Бір кішкентай шал шығып, «жазғаныңның бәрі өтірік, біз кезінде 18 тарихшы қарсы болып, Бекмахановтың быт-шытын шығарғанбыз» деп айқайлады. Жұрт шулап кетті. Мен сөз алдым да «жасыңыз үлкен адам екенсіз, мен сізге былай жауап берейін: ендігі жылы бұл кітап тағы басылып шығады, сонда мен кітапқа әлгі «он сегізіңіздің» айтқан, жазғандарыңыздың бәрін кіргіземін» дедім. Сөйтіп едім, «ақсақал» деп тұрғаным, табан астында айтқанынан айнып шықса бола ма?! Жұрттың бәрі күліп, айқайлап, мазақ қылды, ақырында масқара болып, залдан зып беріп, шыға жөнелді.
18 ақпан күні Халима апай кітаптың шыққанын атап өту үшін ресторанда қырық шақты адамға дастарқан жайды. Апай: «Он екі жыл жазсаң да, еңбегің соған татыпты» деп маған ризашылығын айтты. Ертесіне Павлодар облысының мәдениет басқармасы шақырды. Баянауылға да апарды. Күндіз Мәдениет үйінде жиын өтсе, кешке таман қонақасы берді. Оның ертеңіне Екбастұз тойлады. Үшінші күні тойды Павлодардағы университетте өткізіп қайттық...
– Үш арыстың – Қ.Сәтбаев, Е.Бөкетов, Е.Бекмаханов – ерлік жолын, қайтпас қайсарлық үлгісін елге таныстырудағы еңбегіңіз ерекше, аға. Енді сол еңбектің жемісін жеңіз. Қайрат-күшіңіз қайтпаған күйде жүзге жетіңіз!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз