Жаңа облыстардағы жаңа әкімдер, екіге бөлінген Білім және ғылым министрлігі туралы

Өткен апта қайта құрылымдалған 6 облыстың әкімдерінің тағайындалуымен есте қалды. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі екі министрлікке бөлінді. 
Мемлекет басшысының өкімімен Қайрат Ырзақұлұлы НҰРТАЙ Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі лауазымына тағайындалды. 
Нұртай Қайрат Ырзақұлұлы 1982 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. 2004 жылы Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-механик, 2006 жылы Д.А.Қонаев атындағы университеттің заңтану мамандықтарын тәмәмдаған ол 2015-2018 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. 2018-2019 жылдары Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметінде болды. 2021 жылғы шілде айынан бастап Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының әкімі қызметін атқарды. Ал, 2022 жылы 2 наурызда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бүгінгі күнге дейін сол қызметті атқарып келді. 
Сондай-ақ, Бекбол ОРЫНБАСАРОВ Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Бекбол Орынбасаров әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Саяси экономия және қоғамтану оқытушысы» мамандығы бойынша, Ш.Есенов атындағы Ақтау университетін экономист мамандығы бойынша бітірген. Бұған дейін түрлі лауазымдарды атқарған ол 2019 жылдан бастап 2021 жылдың наурызына дейін «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасы болып жұмыс істеді. 2021 жылдың наурыз айынан бастап, бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары лауазымында болды. 
Апта ішінде ҚР Бас прокуратурасында да маңызды ауыс-түйіс болды. Атап айтсақ, Мемлекет басшысының өкімімен Жандос Жәнібекұлы ӨМІРӘЛИЕВ Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары лауазымына тағайындалды. 
Мемлекет басшысының тағы бір өкімімен Дәулет Рысқұлбекұлы ОСПАНОВ «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалды. 
Сонымен қатар Мемлекет басшысының өкімімен Әли Сапарғалиұлы АЛТЫНБАЕВ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. 
Енді қайта құрылымдалған облыстардың әкімдеріне келсек: белгілі саясаттанушы, Алаш және саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеуші ғалым, қоғам қайраткері Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ жаңадан құрылған Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды. 
Ол 1971 жылы 18 қыркүйекте Қарағанды облысы, Жезқазған кентінде дүниеге келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Саясаттану ғылымдарының кандидаты. 2021 жылдан Парламент Мәжілісінің депутаты. 
Ал, Алматы облысының әкімі болып Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ тағайындалды. 
Марат Сұлтанғазиев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша – экономист-қаржыгер, заңгер, іскерлік әкімшілендіру магистрі бірнеше қызметтік сатыдан өткен ол 2018 жылғы қазаннан бастап қазірге дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. 2021 жылғы 12 мамырда Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі лауазымына тағайындалды. 2022 жылғы 15 қаңтардан бері ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. 
Бұрынғы Семей облысының аумағында қайта құрылған Абай облысының әкімі болып Нұрлан ҰРАНХАЕВ тағайындалды. 
Нұрлан Ұранхаев 1965 жылы 4 мамырда Семей қаласында дүниеге келген. 1987 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-механик, 2001 жылы Қазақ қаржы-экономикалық институтын экономист-менеджер, 2006 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол осыған дейін Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармаларының басшысы қызметінде болған. 
Жетісу облысының әкімі болып сенатор Бейбіт ИСАБАЕВ тағайындалды. 
Бейбіт Исабаев 1962 жылы 4 желтоқсанда дүниеге келген. 1985 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша бітірген. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын халықаралық мамандық бойынша тәмамдаған. 2022 жылдың қаңтарынан ҚР Сенатының депутаты. 
Ал, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК өз қызметін жалғастыра беретін болды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің өкілеті де бір жылға ұзартылды. 
Білім және ғылым министрілігі екіге бөлінді. 
Осыған дейінгі Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ жаңадан құрылған ҚР Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды. 
Ал, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына Саясат НҰРБЕК тағайындалды. 
Саясат Нұрбек 1981 жылы 18 мамырда Семей қаласында дүниеге келген. Маршаллтаун колледжін (АҚШ) саясаттану мамандығы бойынша бітірді, Еуразия ұлттық университетін халықаралық құқық мамандығы бойынша, Ла Сапиенца (Италия) университетін геополитика магистрі дәрежесінде, «Көкше» академиясын психология бакалавры дәрежесінде бітіріп, АҚШ, Сингапур, Бельгия, Жапония, Голландияда тағлымдамадан және біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 2022 жылдың ақпанынан бері Мәжіліс депутаты. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік, итальян, испан, жапон және латын тілдерінде сөйлейді.
Пікір қалдырыңыз