Жанармай құюдың да құпиясы бар

Істің қыр-сырын білмеген адам әп- сәтте қиындыққа тап болады. Тіпті, көлікке жанармай құю сынды қарапайым тірлікте де тәжірибесіз жүргізуші проблемамен бетпе-бет келіп қалуы ғажап емес. 
Әрбір жүргізуші бактағы жанармай деңгейін арнайы белгілер бойынша қадағалап, жанармайдың 25 пайыздан төмендеуіне жол бермеуі тиіс. Өйткені, отын деңгейі бак сыйымдылығының 25 пайызынан төмен болған кезде бак түбіндегі қандай да бір тұнба немесе ұсақ бөлшектер жанармайға араласып кетіп, бұл автокөліктің жұмысына кері әсер етуі ықтимал. 
Негізі тәжірибелі жүргізушілер жанармай құю бекеттеріндегі отынның сапалы не сапасыз екенін біледі. Сондықтан көлік тізгініне жаңадан отырғандар тәжірибесі толысқан жүргізушілермен осы тақырып аясында аз-кем ақылдасқандары дұрыс. Сондай-ақ, рөлді жаңадан ұстағандар кейде жанармай багының қай жақта орналасқанын білмей, көлікті жанармай бекетіне дұрыс қоймай жатады. Ол артық жүріс жасауға мәжбүрлеп, өзіңіздің де, өзгелердің де уақытын алатынын ұмытпаңыз. Яғни кез келген жүргізуші бензин багы көліктің қай қапталында орналасқанын жаттап алғаны жөн. 
Жанармай құю бекетінің аумағына кіріп, қажетті жерге тоқтағаннан кейін қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, көлікті өшіру керек. Егер қозғалтқышты өшіруге мүмкіндік болмаса, тұрақ режимін қосу керек, әсіресе, автоматты берілісті көліктерде. Одан кейін жүргізуші жанармай багының сыртқы қақпағын ашады. Заманауи автокөліктерде мұны салоннан шықпай-ақ орындауға болады. Ал, жанармай құю «тапаншасының» түрі көп. Мәселен, кей бекеттерде «тапаншаны» бакқа кіргізіп қою жеткілікті болса, енді біреулерінде «тапаншаны» жанармай құйылып біткенше ұстап тұру қажет болады. Көбіне мұндай қызметтерді жанармай құю бекетінің қызметкерлері атқарады. Бірақ, бүкіл жұмысты өзіңіз істеуге тура келетін бекеттер де бар. Сонымен қатар, мамандар жанармай багын аузы-мұрнына дейін толтырмауға кеңес береді. 
Сондай-ақ, мына кеңестер жадыңызда болсын: 
• Көліктің бензобагы құрғап қалғанша жүре бермеңіз. Әйтпесе, жанармай жүйесі істен шығуы мүмкін;
• Жанармай құю бекетінен шығар кезде өзіңіздің және айналадағы барлық қозғалысты бақылауда ұстаңыз;
• Жанармай құярда қозғалтқышты өшіріп, түтікті бакқа тыққаннан кейін ғана ақша 
төлеңіз;
• Егер, жанармай құю бекеті тегіс емес жерде орналасса, көліктің «қол тежегішін» қосып қою керек. 
Жалпы, автокөлікке жанармай құю қарапайым процесс. Бірақ, қандай да бір қателік орын алса, дәл содан үлкен проблема туындайтынын ұмытпаңыз.

Пікір қалдырыңыз