Ел қорғаны – қуатты әскер

Биыл айбынды әскеріміз – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толды. Осынау жылдар ішінде еліміздің әскері заман талабына сай дамып, жауынгерлердің біліктілігі артқанына баршамыз куәміз. 

Иә, бәріміздің де есімізде, тәуелсіздік ала салысымен біздің мемлекетімізге қуатты әскер жасақтау оңайға соқпады. Жаңадан құрылған Қарулы Күштер қаншама күрделі процестерден өтіп, 1992 жылдың 22 желтоқсанында ғана ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік билік пен басқарушы органдарға күш беретін «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» заң қабылданды. Мұның барлығы бір күнде біте салған тірлік емес.
Бүгінде Отан алдындағы борышын өтеушілердің саны да, сапасы да артып, әскер қатары жоғары оқу орнын бітірген мамандармен толығып жатыр. Қорғаныс саласының жұмысы жолға қойылып, «Жалпы әскери міндет және әскери қызмет», «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау» заңдары қолданысқа енгізілді. Аталған заңдар аясында әскери борышты өтеудің негізгі ережелері, сарбаздардың міндеттері, жауапкершілігі мен құқықтары нақтыланған. Қазіргі уақытта әскери қызметкерлердің отбасыларына арналған әлеуметтік тұрғыдан қолдау бағдарламалары да жүзеге асырылып келеді. Қарулы Күштердің отыз жыл ішіндегі осынау жетістіктерін ел болашағы үшін жасалып жатқан нық қадамдар десек, қателеспейміз. Ал, бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігі шексіз, білімі мен білігі мол, ержүрек жауынгерлеріміз – Тәуелсіз Қазақстанның арқасүйер азаматтары екені айқын.
Тағы бір айта кетерлік жәйт – біршама уақыт бұрын «Оңтүстік Қазақстан» газетіне «Кентаудан неге әскери мектеп ашпасқа?!» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақала авторы өз сөзінде «облыста жастарға әскери-патриоттық бағытта тәрбие беретін мектептер жоқтың қасы. Ал, бұрынғы әскери мектептердің Шымкент қаласының құрамында қалғанын ескерсек, еңсесін енді тіктеп келе жатқан облыс үшін әскери білім беретін оқу орнының қажет екендігі анық. Жоба бойынша жастар мектепте 3 жыл әскери білім алады. Бұл бағыт бойынша тәжірибеміз де жеткілікті. Осы кезге дейін қалада қарттар үйін, балаларға арналған арнайы мектеп-интернат, содан кейін Кентау политехникалық колледжін Кентау қазақ-неміс колледжі ретінде қайта ашу секілді бастамалардың басы-қасында жүрдім. Ендігі мақса-
тым – жастарды әскерге баулитын мектеп ашу. Оқу орнының материалдық базасы ретінде қалада бос тұрған экскаватор зауытының әкімшілік ғимаратын пайдалануға болады» деген болатын. Расында жыл сайын әскер қатарын толықтыруға елеулі үлес қосатын өңірімізге бір әскери оқу орны керек-ақ. Саналы оқырман да бұл сөздердің төркінін түсінген шығар. 
Осы орайда бүгінгі жастарға өз ерліктерімен үлгі-өнеге көрсетіп келе жатқан ардагерлерімізді де құрметпен атап өтуіміз қажет. Олар бейбітшілік үшін қан майданда кеудесін оққа тосып қана қоймай, қазіргі қоғамның дамуына да өзіндік үлестерін қосып келеді. 
Ал, сондай ардагерлерден үлгі алған жастарымыз болашақта еліміздің болат қалқаны бола алатынына сенімдімін.

М.ӘУЕЗҰЛЫ, 
Отырар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник.

Пікір қалдырыңыз