Құрманбектің мәлім де беймәлім қырларын көрсетті

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының репертуары тағы бір тың туындымен толықты. ҚР мәдениет қайраткері, театр директоры Б.Сраилов бастаған ұжым осы театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ө.Пістебектің «Қынсыз қылыш Құрманбек» атты драмасының тұсауын кесті.
Халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты Т.Ахметтің режиссерлығымен көрермендерге жол тартқан «Қынсыз қылыш Құрманбек» драмасында белгілі өнер тарланы, ұлы актер, талантты режиссер Құрманбек Жандарбековтің өнер жолында көрген қиындықтары, қуанышы мен қайғысы суреттеледі.
Театр әртістері сталиндік зұлмат заманында өмір сүрсе де ардан аттамаған, 1936 жылы Қазақстанның халық әртісі атанып, еселі еңбегі үшін Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталып, үлкен театрларды басқарса да өн бойынан адамгершілігін, қарапайымдылығын, ізгілігін жоғалтпаған Құрманбек Жандарбековтің жарқын бейнесін көрермендерге шынайы жеткізе білді.
Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.