КЕРІМ

Жаратқан сыйлаған жарық дүниеге келіп, өмір деген ұлы көшке ілескеннен кейін талай адамдармен танысып, талай адамдармен табысасың. Өмірдің қилы-қилы кезеңдері әртүрлі бағытқа бұрып, кейбірімен арақатынасты үзіп алатынымыз да жасырын емес. Енді бірімен өмір жолың жарасып, жақсы қарым-қатынас орнатасың. Бүгін өмір көшінде кездескен сондай өрелі жандардың бірі Керімқұл Пірімқұлов жайлы әңгіме өрбіткенді жөн санап отырмыз.
Керекеңмен тағдыр бізді елордада табыстырды. Табысқанда да қызметтегі адамдар сияқты жұмыс бабымен кеңсе жағдайында емес, жора-жолдастар арасында қонақ болып жүрген кездері таныстық. Яғни әртүрлі іс-шараларға байланысты кезекті бір дастарқан үстінде біліскен жайымыз бар. Содан бері өткен он шақты жыл бедерінде бұл кісімен жақынырақ араласып, сыралғы болатындай да күйге жеттік.
Осы жылдар ішінде байқағаным, Керекең көп сөзге жоқ, істің адамы екен. Істің адамы болғанда да ақырын жүріп, анық басатын нағыз қайраткер тұлға екенін біреу білсе, біреу білмес. Өйткені, Керекеңнің бетегеден биік, жусаннан аласа бола жүріп, мемлекеттік дәрежедегі небір жауапты жұмыстарды қолмен қойғандай атқара білетініне онымен аралас-құралас бола бастағаннан бері көзім жетті.
Айтпақшы, өзім Сенат аппаратында қызмет істеп жүргенде Керекеңді бірде асханадан, бірде кеңсе дәліздерінен көзім шалып қалатын. Сұрастыра келгенде Керекеңнің Мәжіліс аппаратында бөлім басқаратынын білдім. Ал, одан бұрынырақта оның Жоғарғы Кеңестің депутаты болғанын, министрлікте комитет басқарғанын естігенмін. Керекеңнің осындай жауапты қызметтерді мінсіз атқарғанын жұрт айтпаса, өзі тіс жармайтынына, мен сондаймын деп көкірек кермейтініне, қарапайымдылығына куә болған сайын оны іштей жақсы көріп, еріксіз ілтипат танытады екенсің.
Қарапайым деген ұғымды біреулер қарабайырлықпен шатастырады. Ойланған адам бұл екеуінің өзіндік айырмашылықтары бар екенін ұғар еді. Қарапайым дегеніміз ұлық болса да кішік бола білетін, жолдастарымен, жалпы жұртпен тіл табысып, өмір сүруге бейім, кішіпейіл, көпшіл адам болса керек. Яғни ол – көпшіліктің, халықтың адамы.
Керекеңнің қандай жауапты қызметтер атқарса да әріптестерімен қарапайым да сыпайы қатынаста болғаны еріксіз сүйсіндіреді. Әрине, жұртпен қарапайым да сыпайы қарым-қатынаста болам деп, әркімнің көңіліне қарап, жұмысты ақсатпау керек екендігін Керекең жақсы түсінеді. Әсіресе, Стандарттау, метрология және сертификаттау комитетін басқарған 2000 жылдың басында оған осы ұстанымды қатаң сақтау арқылы комитеттің алдына қойылған мақсаттардың үдесінен шыға білгендігін баса айтқанымыз жөн. Яғни жұмысты да алға апару, қарамағындағы қызметкерлердің де тілін таба білу қажет болды. Керекең осы міндеттерді абыроймен атқарып, комитет жұмысын жолға қоюға қол жеткізді.
– Бұл оңай жұмыс емес еді, – деп еске алады Керекең экономиканың енді- енді аяққа тұра бастаған екі мыңыншы жылдар туралы әңгімелей отырып, – Шынында да, ол кезде қиындықтар мен проблемалар аз болған жоқ. Және ҚР Үкіметі алға қойған проблемаларды ойдағыдай іске асыру үшін түрлі шұғыл шешімдерге баратын.
Біріншіден, комитетті адамдардың жеткілікті санымен қамтамасыз ету керек еді. Бүгінгі күні комитеттің штат кестесінің қаншалықты екенін білмеймін, ол кезде комитеттің штат саны шынында да аз болды, небәрі 16 адамнан құралды.
Екіншіден, стандарттаудың, метрология мен сертификаттаудың бәсекеге қабілетті ұлттық жүйесін құру үшін ресурстар қажеттігі туындады. Оның үстіне өткен жылдардың міндеттемелері орындалмағаны үшін комитеттің есептік шоты жабулы тұрды.
Үшіншіден, аппарат қызметкерлерінің жұмыс орны компьютерлермен ойдағыдай жабдықталмаған-ды. Атап айтқанда, комитеттің екі-үш қызметкеріне бір компьютерден келетін.
Қадағалауына біздің сала да кіретін сол кездегі министр Ж.Күлекеевтің күнделікті қолдауымен және сол кездегі ҚР Премьер-министрі Қ.Тоқаевтың тікелей қатысуымен ісіміз біртіндеп жолға қойыла бастады. Сапаның ұлттық жүйесін құру және халықаралық стандарттарға көшу жөніндегі істің жағдайы мен проблемалары туралы ақпаратпен Премьер-министр мені екі рет қабылдады. Нәтижесінде біз бюджетті кезекті нақтылау кезінде бюджеттік жағдайымызды жақсартуға және штат санын көбейтуге қол жеткізе алдық, – дейді Керімқұл Пірімқұлұлы.
Айта берсек, Керекеңнің әңгімесінен сол кезеңдегі ол басқарған ұжымға міндеттелген жұмыстың өте күрделі болғандығы аңғарылады. Ал, егер ғылымда, техникада, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісінде, құрылыста, көлікте, мәдениетте, денсаулықта, халық шаруашылығының басқа да салаларында, сондай-ақ халықаралық саудада сан мәрте қолданылатын және пайдаланылатын нақты өнімнің, нормалар мен талаптардың, әдістердің, терминдердің, атаулардың және басқалардың стандарттаудың объектілері болып табылатынын ескерсек, комитетке жүктелер жұмыстың еселене түсетіні өзінен-өзі түсінікті.
Міне, осындай күрделі саланы басқарудың үдесінен шыға білген және қай жерде, қай салада еңбек етсе де істі үндемей жүріп тиянақты атқаратын қасиет Керекеңнің бойына қайдан жұқты десеңіз, оның балалық шағын, ата-анасынан көрген тәрбиені еске алуға тура келеді. Бір қызығы, қазақы ортада өскен баланың орыс мектебінде білім алуы адамды елең еткізеді. Бұл қалай деп ойлағаныңмен, Кеңес өкіметінің тәрбиесінде өскен ата-ананың бала болашағына қамданғаны аңғарылады. Осылайша Керекең жастайынан екі тілде де таза сөйлейтін маман болып қалыптасты.
Жалпы, Керімқұл Пірімқұлұлы еңбек жолын 1970 жылы Шымкент фосфор өндірістік бірлестігінде жұмысшы болып бастады, кейіннен осы кәсіпорында шебер, инженер-механик, цех бастығы ретінде табаны күректей 20 жылдан аса тер төкті. Нәтижесінде осы ұжымның қолдауымен 1990 жылы еліміздің алғашқы Конституциясын және Тәуелсіздігіміздің негізін қалайтын бірсыпыра заңдар қабылдаған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды.
Ол осында Сауық Тәкежанов, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шахмардан Есенов, Әбіш Кекілбаев, Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова тәрізді еліміздің біртуар азаматтарымен бірге қызмет ете жүріп, сол кісілердің мектебінен өтіп, құқықтық мемлекет құрудың негізін қалауға, еліміздің нарықтық экономикаға көшуіне мұрындық болған алғашқы экономикалық заңдардың жарық көруіне белсене араласты. Мысалы, академик Шахмардан Есеновпен бірге егемен Қазақстанның «Жер қойнауы және оны тиімді пайдалану туралы», «Қоршаған ортаны қорғау туралы» және басқа заң жобаларын әзірлеуге қатысып, олардың ойдағыдай қабылдануына қол жеткізе білді.
Керекеңнің Жоғарғы Кеңестің бақылау палатасы төрағасының орынбасары ретінде атқарған жұмыстары да ауыз толтырып айтарлықтай. Сол жылдары еліміздің нарықтық экономикаға көшуіне жол ашатын қаржылық жүйені құруға, сондай-ақ республикалық бюджет қаржысының жұмсалуын бақылауға құқықтық негіздер қаланды.
Жоғарғы Кеңес таратылғаннан кейін де Керекең өзінің депутат кезіндегі заңмен жұмыс істеу тәжірибесін тиімді пайдалана білді. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Қазына» компанияларында жауапты қызметтер атқарған жылдары Парламент Мәжілісінің депутаттарымен қоян-қолтықтаса қызмет атқарды. Мысалы, депутат Қайролла Ережеповпен бірге «Мұнай туралы», «Жер қойнауы және жерқойнауын пайдалану туралы» және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы мұнай, газ, тас-көмір өндіретін шетелдік компаниялардан Қазақстанның үлесін қайтарып алуға және үлес мөлшерін ұлғайтуға заңдық негіз жасауға атсалысты. Нәтижесінде аталмыш заңдарға енгізілген өзгерістер негізінде
100 пайыз Ресейге өтіп кеткен Екібастұздағы «Богатырь» тас-көмір кен орнының 50 пайызы Қазақстанға қайтарылды. Батыс Қазақстандағы «Қарашығанақ» газ-конденсат кен орнынан, «Петро Казахстан Ойл Продактс», «Қаражанбас» кен орындарынан елімізге үлес алуға мүмкіндік туды, ал, «Қашаған», «Теңіз-Шеврон» сияқты алып кен орындарынан еліміздің үлесін ұлғайтуға заңнамалық негіз жасалды.
Керекеңнің өзі ешкімге тіс жармайтын тағы бір қыры жөнінде айта кетейін. Әңгіме оның өнерге жақындығы, ақынжандылығы туралы болып отыр. Осы арада оқырманның көкейінде мемлекеттік қызметті адал атқарған кейіпкердің ақынжандылыққа қандай қатысы бар деген сауал туындауы мүмкін. Әрине, орынды сауал. Бүкіл өмірі өнеркәсіппен (ол Шымкент қаласындағы атақты фосфор зауытында ондаған жыл еңбек еткен), одан қала берді қоғамдық жұмыспен, мемлекеттік қызметпен (Жоғарғы Кеңестің депутаты, Мәжіліс аппаратының бөлім меңгерушісі, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жауапты қызметкері, соңғы жылдары Химия және мұнай-химия өнеркәсібі салалық қызметкерлері кәсіподағының төрағасы) байланысты адамның ақын болмаса да, соған жақын болуы еріксіз ойландырады.
Ақын адамның, жалпы өнер адамының өз шығармалары арқылы адамгершілікті насихаттайтынын ескерсек, Керекеңнің өлеңге жақындығы оның өмірге деген көзқарасының, ала жіптен аттамайтын адалдығының, айналасындағы адамдар да сондай болса екен деген ниетінің айқын көрінісі деп пайымдаймыз.
Мәселеге осы тұрғыдан келсек, Керекеңнің істің ретіне қарай көңілін толқытқан ойларын сирек те болса қағаз бетіне түсіретін әдеті барын білеміз. Мысалы, дүниедегі ең қымбат адамдары – ата-анасына, балаларына, жақындарына арналған жан сырлары Керекеңнің жанының нәзіктігімен қатар, оларға деген жүрек дүрсілін, махаббатын айқын аңғартады. Бұған мысал ретінде Керекеңнің анасына арнаған өлеңінің бір шумағын келтірсек те жеткілікті деген ойдамыз:
Қосамын деп қатарына Тұлғаның,
Өзіңнен де биік қойдың ұл қамын.
Менің әрбір сапарыма сәт тілеп,
Мейірленіп қолды талай бұлғадың.
Қорыта айтқанда, Керекеңнің көрегенділік мәдениеті, адалдығы, сұлулық пен көркемдікті үйлестіре білетін ақыл-парасаты қайраткердің елі үшін атқарған қызметтерінен де, ел-жұртпен рухы бай адамға тән қарым-қатынасынан да айқын аңғарылып тұрады. Ол – көп оқыған, білімді, өмірден көргені, санасына түйгені мол, зерделі, көкірегі ізгілікке толы жан. Сертке адал, сөзіне мығым. Қазаққа тән мәрттігі, уәж сөзге құлақ аса білуі, еңбекқорлығы мен ізденгіштігі – табиғатынан жанына серік еткен мінезі. Сондай-ақ, өмір сүрудегі принципті қасқа жолы мен берік ұстанған қағидасы да ерекше.
«Адам бойында үш қасиет айрықша жаралған, олар – дене құрылысы, жан құмарлығы мен ой-парасаты» деп ой түйіндеген әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың салиқалы тәмсілі Керімқұл Пірімқұлұлының бүкіл табиғатынан хабар беретіндей. Бұл орайда өзінің замандасы, атақты сатира сардары Көпен Әмірбектің ол туралы: «Оңашада ойына ие болатын, тіршілікте тіліне ие болатын, жиғанына емес, иманына арқа сүйейтін азамат» деген түйіндеуі Керекеңнің болмыс-бітімін аша түсетіндей.
Қоғам өміріндегі оңтайлы бетбұрыстарға дер кезінде икемделіп, өнімді еңбектің үлгісін көрсетіп келе жатқан Керекең, бірлігі жарасқан, берекелі отбасының отағасы. Жұбайы Кәрібаева Шырай Есіркепқызымен бірге екі қызы – Ләззәт пен Гүлшатты қияға, үш ұлы – Бекжан, Нұрлан, Бауыржанды ұяға қондырып, он шақты немеренің ата-әжесі атанып отыр. Өмірі өнегемен өрілген Керімқұл Пірімқұлұлының мемлекет және қоғам қайраткері ретінде атқарған әр ісі өзгеге үлгі тұтуға тұрарлық екені ақиқат.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстанның құрметті журналисі.