Командирі жазған кітаптың кейіпкері

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Иә, тірі болғанда майдангер Рәзия Ысқақованың туғанына биыл күзде 100 жыл толады екен. Марқұмды еске алу үшін қандай іс-шаралар өткізу жоспарлануда? Осы мақсатта Шымкент жоғары медициналық колледжіне арнайы бардық. 2016 жылы Рәзия Ысқақоваға арнап орнатылған ескерткіш тақта көзімізге оттай басылды. Арнаулы орта оқу орнының директоры Ғалым Әбіш, директордың орынбасары Мұхтар Әбдіханов, әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлмира Дәрібаеваға жолығып, алда атқарылар іс-шаралар жоспарымен таныстық. Халықаралық Қызыл Крест қоғамының «Флоренс Найтингейл» медалінің иегеріне арнап арнайы стенд қойылыпты. Рәзия Ысқақова туралы ғылыми-конференция, оның көзін көргендермен кездесу, «дөңгелек үстел» мәжілісі ұйымдастырылмақ. Бұрынғы медколледж директоры, қазір ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Сейітжамал Пәкеевтің Рәзия апай туралы естелігін тыңдап, көп нәрсеге қанықтық. Сонымен, бүкіл мейірбикелерге майдандағы ерліктері мен бейбіт кезеңдегі өмір жолы үлгі-өнеге болатын Рәзия Ысқақова кім еді?
Ел басына күн туғанда ер азаматтармен қатар қыздар да өз еріктерімен майданға аттанып, неміс фашистерімен шайқасқа түсті. Солардың бірі — Рәзия Ысқақова. Ол 1922 жылы 26 қазанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Төменарық стансасында (кейбір дерек бойынша Жайылма ауылында) туған. 1936 жылы жетіжылдық мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы медициналық училищені бітіріп, фельдшер мамандығын алады. Еңбек жолын ауылдан бастағалы отырған кезде Ұлы Отан соғысы басталады. Рәзия майданға өзі сұранып, 1941 жылдың қазан айында әскери фельдшер ретінде соғысқа кіреді. Он тоғыз жасар қазақ қызы І Украина майданындағы генерал-полковник П.Рыбалко қолбасшылық еткен атақты танк армиясының құрамындағы 55-танк бригадасында фельдшер болып жүріп, ажал бүркіп тұрған оқ пен оттың ортасынан жараланған талай аман алып шығады.
Фельдшер Рәзияның бір ерлігі жөнінде дәрігерлік қызмет бригадасының бастығы, майор Багусловский былай депті:
«Медицина қызметінің лейтенанты Ысқақова нағыз ерлік көрсетті. Ол жанып жатқан танктен батальон командирі Федоров пен оның экипажын алып шықты. Оның есебінде өлімнен аман қалған 4 экипаж мүшесі мен айқас алаңынан сүйреп алып шыққан жаралы 15 адам бар». Бұл Сандомир шайқасында болған оқиға еді.
Майдандас достары Рәзия Шәкенқызын кейде «Қазақстанның раушан гүлі», «Қазақтың гүлі» деп еркелетіп атайтын. «Қазақтың бұл гүлінде он адамдық жігер бар» деп мақтан тұтатын. 1943 жылдың жазында Курск доғасындағы Прохоровка елді мекенінің маңында Рәзия төрт бірдей жауынгерді от оранған танктен аман алып шықты. Лаулап жанған киімдерін сөндіріп, төртеуінің жарасын таңып, бәрін медсанбатқа жеткізеді. Дәл сол күні Рәзия фельдшер жиырма танкисті ажал аузынан арашалап алған екен.
Киев қаласы түбіндегі үлкен ұрыс алаңы. Фельдшер жаралы жауынгердің жанына еңкейе бергені сол еді, жақын жерде жойқын жарылыс болды. Рәзия есеңгіреп қалды. Ал, жерде жатқан жаралы сарбазға снарядтың жарықшағы тиіп, екінші рет жараланды. Басы айналып, жүрегі айнып, құлағы тас бітіп қалғанына қарамастан, жаралы жауынгерді арқалап, медсанбатқа жеткізді. Осы ерлігі ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Бірде ротаның старшинасы Иващенко ұрыста қатты жарақаттанады. Хирургтердің айтуынша, оның өмірін тек қан құю арқылы ғана сақтап қалуға болады екен. Сол кезде қазақ ойланбастан жаралы старшинаға қан береді. Сөйтіп, майдандас серігін ажалдан аман алып қалады.
Рәзия Ысқақова Сталинградтан бастап Харьковті, Киевті, Варшаваны азат етуге қатысты. Құзғындардың ұясы — Берлинге дейін барды. Праганы азат етуде де от пен оқтың ортасында жүрді. Ол осы шайқастарда қан кешіп жүріп, дұшпанның қарша боратқан оғының арасынан тағы да 44 жаралы жауынгерге медициналық көмек көрсетіп, майдан шебінен алып шықты. Қазақтың қаракөз қызы соғыс жылдарында бір өзі 400-ден аса жауынгерді ажалдан құтқарған екен. Ол әскери фельдшердің жауынгерлік бет есебінде жазылған. Рәзия Шәкенқызы соғыс кезіндегі осы ерліктері үшін 1975 жылы халықаралық Қызыл Крест қоғамының «Флоренс Найтингейл» медаліне ие болды. Жалпы медицина саласының арғы-бергі тарихына кө жүгіртсеңіз мұндай медальмен Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес Одағы бойынша барлығы 26 медбике, ал, Қазақстаннан 5-ақ фельдшер марапатталған. Сол бестің бірі – Рәзия Шәкенқызы Ысқақова еді.
Рәзия Ысқақова майдандағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» және басқа 17 медальмен марапатталды. Ал, бейбіт өмірде «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Рәзия Ысқақова соғыстың басынан аяғына дейін 55-танк бригадасында болды. Танк бригадасының командирі, генерал-полковник, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Давид Абрамович Драгунский соғыс аяқталған соң Рәзия Ысқақованың ерліктері жайлы «Роза – дочь казаха» деген повесть жазғанын екінің бірі біле бермейді.
Қазақтан шыққан батыр қыз соғыстан кейін Қызылорда, кейін Шымкент қалаларындағы ауруханаларда мейірбике болып жұмыс істеді. 1957 жылдан бері облыстық клиникалық ауруханада аға мейірбике болып жемісті еңбек етті, осы мекемеден зейнеткерлікке шықты. Құрметті демалыста жүрсе де өзі түлеп ұшқан қазіргі жоғары медициналық колледждің және облыстық клиникалық аурухананың құрметті қонағы ретінде кездесулерге жиі келіп, жас буынға өнегелі өмір жолынан сыр шертетін. Ол 2011 жылы 88 жасында қайтыс болды. Рәзия Ысқақованың суреттері мен өмір жолдары жайлы және ерліктері туралы құжаттар Лондон мен Мәскеудегі, Көкшетау мен Шымкенттегі музейлерге және аудандағы тарихи-өлкетану музейіне қойылған.