Баспана мен жол мәселесі талқыға түсті

Биыл Түркістанда жаңа қала аумағында салынып жатқан 5313 пәтер пайдалануға берілмек. Пәтерлердің жалпы ауданы – 345 мың шаршы метр. Оның ішінде 4039 пәтер кредиттік, ал, 1274 пәтер үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Әкімшілік-іскерлік орталықта 7, 9 және 12 қабатты жалпы 82 тұрғын үйдің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. 10 көпқабатты үй мамыр айының соңына дейін тапсырылады.
Бұл туралы облыс әкімі
Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық жиында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков баяндады. Барлық құрылыс алаңдарында абаттандыру жұмыстары қатар жүріп жатыр.
Күн тәртібінде облыстағы жол мәселесі де сарапталды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Роллан Ибрагимовтың айтуынша, биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 700-ге жуық нысан немесе 1632 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарланған. Оның ішінде жергілікті маңызы бар 4 көпір және 1500-ден астам шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Сонымен қатар елді мекендердегі 1000 шақырымға жуық көше жөнделмек.
Бүгінде Түркістан–Шәуілдір бағытындағы жолдың 35 шақырымында қайта құру жұмыстары басталып кетті. Түркістан қаласына Кентау қаласы жағынан кіреберіс 24 шақырым жолды қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Нысан 2023 жылға өтпелі. Сауран ауданы тұрғындарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын Майдантал, Жүйнек, Бабайқорған, Үлгілі, Серт, Қарнақ, Шекербұлақ, Қарашық елді мекендерінен өтетін 100 шақырымға жуық облыстық маңызы бар жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімінің тапсырмасымен Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік елді мекендеріндегі туристік нысандарға баратын жолдарды салу да қарқынды жүруде.
Өмірзақ Шөкеев өңірді дамытуда жол сапасы аса маңызды рөл атқаратынына тоқталып, жұмысты өз уақытында әрі талапқа сай атқаруды тапсырды.
Пікір қалдырыңыз