Тілдің ұшымен емес, жүректің күшімен айтылған сөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауы еліміздің барлық негізгі салаларын қамтып, қазақстандықтарды толғандырған көптеген сауалдарға тиянақты жауап берді.
Мықты парламенті бар президенттік республикаға біржолата көшу туралы бастаманы жүзеге асыру аса маңызды. Мықты мемлекет пен қоғамның дамуы үшін өз билігін шектеу туралы шешім қабылдау әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Бұл бүгінгі Мемлекет басшысының қолынан келді. Бұл – өте құптарлық қадам. Бір адамның қолына шексіз билік беру елдің саяси жаңғыруына кедергі жасайтынын уақыт талай рет дәлелдеген.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Президенттің өкілеттілігі неғұрлым көп болса, ол солғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады. Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы орындардың дербестігін әлсіретеді. Президентті тым көп өкілеттілігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді» деді.
Мемлекет басшысының бұл ұсынысы елдің әрі қарай экономикалық және саяси тұрғыда дамуында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Саяси жүйені үлкен өзгерістер күтіп тұр, енді Мемлекет басшысының өкілеттілігінің белгілі бір бөлігі Парламентке өтеді. Бұл, сөзсіз, мемлекетте демократияның нығая түсуіне ықпал етеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынып отырған реформалардың негізгі өзегі – шынайы құқықтық, демократиялық мемлекет құру жолында қордаланған мәселелердің шешімін табу. Бүгінде Мемлекет басшысы осыған дейін уәде еткен құқықтық реформалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанына куә болып отырмыз. Ата Заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін Конституциялық сот құру туралы шешім осы бағытта жасалған маңызды қадам болды. Өйткені, қабылданған Заңның дұрыс-бұрыстығын екшеп отыру Конституциялық соттың құзырында.
Бұл жайында ел Президенті өз Жолдауында: «Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда да болған. Сарапшылар Ата Заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін» дейді.
Мемлекет басшысының «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын! Маған жеке адамдардың берген бағасы емес, халықтың берген бағасы қымбат» деген ойлы сөзі қуантты. Қуанған себебім, мен үшін отызыншы немесе елуінші жылдарда көретін игіліктен, бүгінгі уайымсыз-қайғысыз өмір құндырақ. Бір мен емес, күллі адамзаттың да тілейтіні осы болар.
«Бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» деген сөз тілдің ұшымен емес, жүректің күшімен айтылған сөз. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп Абай атамыз айтқандай, «жабуды жаба тоқығаннан» енді еш пайда жоқ. Жалған ұран мен жадағай мадақтың күні өтті. Етек басты ескіліктен арылудың бірден бір жолы Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды жүзеге асыру. Бұл – күллі халықтың белсенділігіне тікелей байланысты. Осыған орай Орталық Азия инновациялық университетінің оқытушы-профессорлары Президент Жолдауында қамтылған мәселелердің іске асуына лайықты үлестерін қосуды өздерінің азаматтық борышы деп санайды.
Бегман ЫСҚАҚ, тіл жанашыры.