Құрасбектің сырлы саздары

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».


Танымал сазгер, байырғы металлург, қоғам қайраткері Құрасбек Байтоқаев еңбек жолын Кентау қаласынан бастаған екен. Іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған ол Кентау қалалық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайланады. Осыдан кейін оның өрлеу жылдары басталады. Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде жауапты қызметтер атқарады.

Алайда, оның бойындағы тума талант бәрібір қауызын жарып шықты. Құрасбектің алғашқы өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда  жарық көріп тұратын. Ал, «Темірлан вальсі», «Қыздар-ай» әнін ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жазды. Бірақ, партиялық жұмыс, толып жатқан шаруалары оны тежей беруші де еді.

Ән оның көңілінің көктемі еді. Қ.Байтоқаев Қадыр Мырзалиевтің, Мұқағали Мақатаевтың, Фариза Оңғарсынованың, Жүрсін Ерманның, Гүлнар Салықбаеваның, Күләш Ахметованың, Аманжол Шамкеновтың, Тұманбай Молдағалиевтің, Төлеген Айбергеновтің, Қалқаман Сариннің, Әкім Ысқақтың өлеңдеріне ән шығарды. «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Әнуарбек Әуелбектің жазуынша, Құрекеңнің әндерін тебіренбей тыңдау мүмкін емес, сырлы саздары көңіл тербетеді, толғандырады.

Ал, Қазақстан Композиторлар одағы Түркістан облыстық филиалының төрайымы, талантты композитор Құралай Сәтмұхамбетова әріптесінің әндерін республикаға танымал белгілі әншілер орындап жүргенін айтады.

Міне, осы Құрасбек Байтоқаевтың кеншілер қаласында «Кентауым – ару әнімсің» атты шығармашылық кешін өткізуінде өзіндік сыр бар. Құрекең үлкен өмірге талпындырған туған қаласына қарыздар екенін ұмытпаған. Ол сағынышын әнге орап әкеліпті. Керемет кештің «Кентау», «Кентау еркесі», «Кентауым – ару әнімсің» атты әндермен басталуы да жүрек тебірентті. 

Шәмші Қалдаяқов атындағы Мәдениет үйінде өткен шығармашылық кеште Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, танымал композитор Құралай Сәтмұхамбетова, ҚР мәдениет қайраткері Садық Жақып, жергілікті заңгер Жұпаркүл Бекшораева, әншілер Айжан Әбілжанова, алматылық Қарлығаш Қалыбаева, тағы басқалары Құрасбек ағаның әндерін нақышына келтіре орындады. 

Кешке Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова қатысып, шығармашылық кеш иесіне «Кентау қаласына сіңірген еңбегі үшін» медалін табыстап, иығына зерлі шапан жапты. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласынан Парламент әкімшілігінің жауапты қызметкері, композитор, ақын, сатирик Әкім Ысқақтың құттықтау хаты табыс етілді.

Сол күні Кентау қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Гүлнар Кокулованың ұйымдастыруымен «Құрасбек Байтоқаевтың әндері» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Оған Құрекеңнің Кентау қаласында бірге еңбек еткен үзеңгілес достары, студенттер мен оқушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Кентау қаласы.

Пікір қалдырыңыз