Басты мақсат – сапалы қызмет көрсету

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылдық округіндегі «АРМАН-2» тұрғын алабында «Аяла-мед» медициналық орталығы ашылып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. 

Жаңа ашылған мекемеде тұрғындарға қажетті барлық жағдайлар жасалған. Мұнда 2 жалпы дәрігер, гинеколог, невропатолог, ЛОР, эндокринолог, стоматолог сияқты 7 жоғары білімді дәрігер, 
10 орта буынды маман жұмыс істейді. 
Мұндағы невропатолог, гинеколог дәрігерлер тұрғындарды  дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері таңғы сағат 9.00-ден 12.00-ге дейін қабылдайды. Атап өтер болсақ, жоғары санатты дәрігерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында 15 санатқа кіретін азаматтарға тегін қызмет көрсетеді. Емханадағы стоматология кабинетінде 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге, ҰОС ардагерлеріне тегін қызмет түрлері қарастырылған. 
Аурухананың бас дәрігері Аяжан Зұлпыхарованың айтуынша, «Аяла-мед» медициналық орталығы бастапқыда пациенттердің шағын тобына ғана лайықталған еді. Ендігі кезекте  олар медициналық орталықты кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Бүгінде қосымша үлкен аурухананың құрылысы жүргізілуде. Жаңа ғимаратты биыл пайдалануға берсек деп отырмыз. Оларға МРТ, КТ аппараттарын орнату жоспарланған. Қазір МРТ, КТ, УЗИ аппараттары үшін науқастар Шымкент қаласындағы бізбен келісімшарт жасасқан ауруханаларға баруға мәжбүр. Шымкент қаласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті бар науқастар жолдама арқылы жіберіледі» дейді басдәрігер Аяжан Серіжанқызы. 
Скринингтік зерттеулерден өтушілер қатары көбеюде. Жатырдағы, сүт безі және тоқ ішек қатерлі ісіктерін өзіміздің дәрігерлер анықтап жатыр. 
Коронавирус індетіне байланысты вакцина салу қарқынды жүргізілуде. Мектеп жасындағы балаларға «Pfizer» вакцинасы емханадағы процедуралық кабинеттерде егілуде. Екпе алған азамат 30 минут аралығында дәрігердің бақылауында болады. Денсаулығы жақсы болса, үйлеріне қайтарылады. Наурыздың 20-нан бастап ревакцинация жүргізілмек. 

1 пікір

  • Ермурзаева Меруерт
    Ермурзаева Меруерт

    Саламатсыз ба, біз шұбар ауылында тұрамыз біщді неге осы аяла мет өздеоіне тартып алған мағаникері байланыс дасауларыңызды сграймын

Пікір қалдырыңыз