Жұлдызшылар қалай жаңылмаған?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Бағзы замандардан-ақ бабаларымыз уақытты жұлдыздардың тууы, батуы, қозғалуы арқылы есептеп отырған. Мұны – тоғыс есебі деп атаған. Ай мен Үркер жұлдыз шоғыры әр 28 күнде бір «тоғысып» отырады. Осыдан барып есепшілер осы құбылысты негізге алған. 
Біріншіден, Үркер жұлдыз шоғыры түнде шоқтай болып жарқырап тұрады. Екіншіден, 14 мамыр мен 21 маусым аралығынан басқа уақыттарда Үркер жұлдыз шоғыры түнгі аспанда үнемі көрініп тұрады. Үшіншіден, Ай батыстан туып, шығысқа қарай қозғалғанда, Үркер шығыстан туып, батысқа қарай қозғалады. Бір-біріне қарай аспан денелерінің кездесуін қазақ «тоғысты» дейді.
Бүгінгі ғылымда мұндай уақыт мөлшерін Жұлдыздық ай есебі деп атайды. Оның мөлшері шамамен 
27 күн мен 7 сағат 43 минутқа тең. Әрине, ертеде сағат болмаған. Сондықтан есепшілер Жұлдыздық ай мөлшерін 28 күн етіп белгілеген. Ай мен Күн жылына 13 рет тоғысады. Ертеректе қазақ күнтізбесі 13 айдан болғаны осыдан барып шығады. 
Ай мен Үркердің тоғысуын есепшілер үш түрлі атайды. 
Бірінші. Ай мен Үркер жақын келген күнді «ауыл-үй қонды» деп атайды. 
Екінші. Ай орағының немесе тасасында Үркердің көрінбей қалуын «тоғамдасу» дейді.
Үшінші. Айдың Үркерді басып өткен үшінші күнін «өріп шықты» деп атайды. 
Бұл тоғыс «бес тоғыс» деп аталады.
Осы тоғыстан бастап жер көктеп, ағаштар бүр  жара бастайды. 
Ай мен Үркердің тоғысуының да түрлі атауы бар. Мәселен, «Ақпан мен қаңтардың тоғысында» Ай шалқасынан қып-қызыл болып жатып алады. Сосын Үркермен алыстан тоғысады. Мұндай тоғысты «жұт тоғыс» деп атаған. «Білсең – хұтпын, білмесең – жұтпын» деген сөз де есепшілерден қалған. Хұт – ақпан айының атауы. 
Үркер шоқжұлдызы бойынша уақытты есептеу – Тоғыс есебі деп аталады. Сонымен бірге байырғы есепшілер аспан аясында Аймен кездесетін жұлдызды тапқан. Ол – Қамбар жұлдызы. Бұл жұлдыз күз айларында туып, көктем айларында батады. Қамбар жұлдызы Аймен бес рет кездеседі. Алғашқы тоғыс қазан айында өтеді.
Жұлдызшылар Үркер шоқжұлдызына ерекше көңіл аударған. Жазда өтетін 40 күндік шілде Үркердің Құралай (мамырдың 17-24 арасы) өткеннен кейін жерге кіруінен 10 күннен кейін басталған. Осы 40 күнде Үркер аспан әлемінде көрінбейді. Шілде ыстығы – Сарша (июль) айының ортасында Үркердің тууымен бітеді. 
Қыс шілдесі – Сары аяз. Текебұрқыл өткен соң басталып, Үркердің қаңтар айында (27-29 күндері) төбеден ауған шағымен бітеді. Айдың бесінші тоғысуы Наурыз күніне дәл келетіні де тегін болмаса керек. Бұл қазақтың байырғы жұлдызшыларының ғарыштық түйсігінің тереңдігін көрсетеді. 
Сәуір айын қыр қазағы «Отамалы» деп атаған. Сәуірдің 5-6 күндері қыс қайырмасы – бұрқасын, суық өтеді. Осы амалды қазақ «Отамалы» деген. Үркер Құралайдың салқыны өтісімен мамыр айның 29-30 күндері жерге түсіп, бір жарым ай бойы аспан әлемінде көрінбей кетеді. 
Ақпан айын ертедегі қазақтар «Үт» деп атаған. Үт деген сөзден қашпауымыз керек. Қазақ «үт кірді – құт кірді» деп те мақалдатқан. Сонда үт атауы қайдан шығып отыр? Осы айда жабықтан, түңліктен, терезеден түсетін күн сәулесінде аппақ тозаң тәрізді ұшқын жүреді. Сол сәуледегі ұшқынды қазақ үт деген. Бұл тек осы айда ғана болатын құбылыс. Осы айда аспан әлемінде көрініс беретін Балықтар атты шоқжұлдыз да сәуледегі ұшқын тәрізді тізбектеліп көрінеді. Содан соң қазақ сүтті ақ деп те атайтыны бар ғой. Ақ тозаңды ертеде «үт» деп атаған екен. 
Осы жерде тағы бір мысал айта кетелік. Қазан айын қазақ Ақыраб деп те атайды. Бұл бізге араб-парсыдан еніп, сіңісіп кеткен. Ертедегі есепшілер ақыраб айының құбылыстарына қарап қыстың алты айындағы ауа райын болжаған. «Ақыраптың алты күні» деген сөз содан қалған. 
Қазақтың классик жазушыларының бірі Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» атты әңгімесі «Ақыраптың ұзақ түнінде Махамбеттің ұйқысы шала болды. Әлденеден көңілі алағаржақтанып, жүрегі өрекпіп, дөңбекшіп шықты. Құлқынсәріден төсектен тұрып, тысқа шығып еді. Үйінің жанында біраз тұрып қалды» деп басталады. Осыдан көріп отырғанымыздай, ақырап айының түні ұзақ болады екен. 
Жылдың он екі айындағы табиғат құбылыстарына байланысты халықтық қағидаларға қалыптасқан болжамдар мен оның атаулары және реттері наурыз айынан басталады. 
Өлара – екі айдың ортасы. Осы арқылы алдағы айға болжам жасалады. «Өларада жауын-шашын болса, жаңа (келесі) ай жауынды-шашынды болады» дейді халық. Бұл болжам әрқашан қатесіз келіп 
отырған. 
Амал. Жыл он екі айда айналып соғып тұратын ыстық пен суықты, қар мен жаңбырды, жел мен боранды халық бір сөзбен «амал» деп атаған. Яғни жылдың әр мезгіліндегі табиғат құбылыстарының өткінші әрі тосын, аз уақытта болып өтетін өзгерісі мен көрінісін және оның бірнеше түрлерін айтқан. Ұлттық сандық ұғымда жеті амал бар. Олар: 1.Күннің тоқырауы. 2.Қарашаның қайтуы. 3.Үркердің батуы. 4.Мұздың қатуы. 5.Киіктің матауы. 6.Қыс тоқсан. 7.Ай тоғамы.
Құс қанаты. Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары ұшып келе бастайды. Құстардың келуімен қар аралас жаңбыр жауып, уыз жел тұрады. Мұны ел «құс қанаты» деп атап, амалға жатқызған. 
Аласапыран. Көктемде, наурыз айында, кейде сәуір айында қар күрт еріп, жер лай болып, шаруашылыққа қиын күндер туады. Осындай жайсыз, қолайсыз мезгілді «аласапыран» дейді. 
Бесқонақ. Жыл аяғында, яғни наурыз айының 17-21 күндері аралығында болатын жауынды-шашынды күндер. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт бесқонақтан қатты сақтанып, күтініп отырған. 
Қызыр қамшысы. Сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттердегі найзағайдың жарқылын халық «Қызырдың қамшысы шыртылдады, қыс кетті» деп есептейді. 
Тобылғы жарған. Сәуірдің соңғы күндерінде екі-үш күнге созылатын суық жел соғады. Бұл – тобылғы бүршік жарды, яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз. 
Қызыл жұмыртқа. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала (су) құстары балапан шығара бастайды. Халық тілінде қызыл жұмыртқа деп аталатын, осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады.
Құралайдың салқыны. Мамыр айының ортасында болатын суық жел. Осы желге қарсы киік өз құралайын аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киік қанша көп болса да олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады. Киіктің тағы бір айта кетерлік ерекше қасиеті – оның аналығы кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмауы осыдан. 
Үркердің батуы. Маусым айының басында Үркердің мүлде көрінбей кетуі. Кейде мұны үркердің жерге түсуі дейді. Осыдан кейін 40 күн шілде басталады. «Үркер жерге түспей, жер қызбайды» дейді халық жұлдызшылары мен есепшілері. 
Қырық күн шілде. Маусым, шілде айларында 40 күнге созылатын ыстық. Осы аптапты күндерге орай халық арасында қырық күн шілде деп аталатын халықтық күнтізбелік атау пайда болған. 
Үркердің толғағы. Мал-жанға жайлы кезең, шілде айының орта кезінде басталады. Бұл кезде Үркер туады, жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды. 
Таразының тууы. Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны біліне бастайды. «Таразы туса – таң суыр» деген мәтел осыдан шыққан. 
Мизамшуақ. Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталады, жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі. Ұзыннан-ұзақ мизамдар шұбатылады. Мұндай жылы мезгілдерді мизамшуақ  деп атайды.
Сүмбіленің тууы. «Сүмбіле туса – су суыр» дейді халық. Яғни қыркүйектің онкүндігінде күз келеді, суық күндер, жауын басталады. 
Міне, қазақ жұлдызшылары мен есепшілері осылардың барлығын жадында түйіп, ауа райына болжам жасап отырған. Олар алдағы бір-екі айға ғана емес, тұтас төрт-бес жылға да болжам жасаған деседі. Мұрын жырау, Мәшһүр Жүсіп сияқты әулие аталарымыз алдағы жүз жылға дейін не болып, не қоятынын дәл айтып кеткен.
Енді қазақты дана демей көріңіз! 

1 пікір

  • Нысанбай Бекбасар, этноастроном
    Нысанбай Бекбасар, этноастроном

    Осы журналистер естігенін жаза маі әлде білгенін жаза ма? Естігенге сене беруге болмайды! Білу үшін зерделеп зерттеу қажет мәселені! Жалған қисыны жоқ мәселеоер білместіктен туады: Үркер мамырдың баснда батады; Таразының Тамыз айының ортасынд емес шілденің аяғында;Сүмбіленің қыркүйекте емес тамыздың ортасында туады! Қамбар тоғыс филологтың миында туған мүлде өтірік әңгіме!

Пікір қалдырыңыз