Оларды «қазақстандық немістер» деп атайды

Баян Дарғожина, «Ońtústik Qazaqstan».

Бүгінде Қазақстанда 120-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті тіршілік етуде. Олардың арасында неміс ұлтының азаматтары да бар. 2014 жылғы санақ бойынша Қазақстанда тұратын неміс ұлты өкілдерінің саны 181 мыңнан асып жығылған. 
Ғалымдардың айтуынша, немістер Қазақстанға соғыс жылдарында емес, одан да ертерек келген көрінеді. «Отызыншы жылдары Қазақ-станға Украина, Қырым, Поволжье, Ленинград облысының, тіпті Әзірбайжанның немістері келе бастады. Көшіп келушілердің негізгі құрамы қудалауға ұшыраған шаруалар болатын. Қазақстанда бір жерге шоғырланып, өмір сүруінің арқасында ресейлік немістер өз мәдениетін, әдет-ғұрпын сақтаған шағын ұлт ретінде қалыптасты» делінген  ақпарат көзінде.
Ал, 1945-1946 жылдары Қазақстанда жалпы саны 530 мыңға жуық неміс халқының өкілдері тұрған деген дерек бар. Сол бір кездердегі солақай саясаттың кесірінен олар қудалауға ұшыраған, Қазақстанға депортацияланған немістердің басым бөлігі Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қоныстанған. Қазақ халқы олармен барымен бөлісті.
Қайта құру кезеңінде және Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары неміс ұлты өкілдері Германияға үдере көше бастады. Қазақстаннан 1992 жылы – 80 мың, 1993 жылы – 100 000, 1994 жылы 120 мың неміс көшкен. Көші-қон тек 1997 жылдары ғана саябырсыпты.
Қазақстандық немістер десе, есімізге бірінші талантты жазушы, аудармашы Герольд Бельгер түседі. Бүкіл жанымен қазақ болып кеткен, шығармаларын қазақша жазған Герағаң тарихи Отанына қайтпады. Қазақтың елін, жерін қимады. Осы өлкеде мәңгілік тыныс тапты.
Ал, кезінде үдере көшіп кеткен немістер әлі күнге Қазақстанды сағынышпен еске алады. Тіпті, көбісі Қазақстанға қайтқысы да келетіндей. Өйткені, олар осында туып-өсті, достар тапты. Қазақстан олар үшін жайлы қоныс қана емес, атажұртына айналды. Олар осында өздерін қоғамның толыққанды мүшесі сезінді. 
Қазақстаннан 15 жасында көшіп кеткен Гаукс Вальтер қазіргі уақытта Германияға көшіп келіп жатқан немістердің жастар ұйымын басқарады. «Біздің немістер Германияда қазақ даласы туралы естеліктерді ұмытпайды. Немістердің бәрі Қазақстан халқы қандай жақсылық жасағанын біледі. Қазақстанды сүйеді. Көбі Қазақстанға қыдырып келіп, қайтарларында жусан алып кетеді. Жусан иісі – біздің есімізге даланы түсіреді. Қазы мен ет – біздің әлі күнге дейінгі сүйікті асымыз. Ал, қымыз Германияда да өндіріліп жатыр. Қазақстан халқына бақыт пен гүлдену жолын тілейміз» дейді Гаукс Вальтер.
– Қазақ халқына мың алғыс, – дейді ол. – Бізді Германияда қазақ-стандық немістер деп айтады. Ал, Қазақстанда 180 мыңнан астам неміс Қазақстан халқының бір бөлшегіне айналды. Біз немістердің тілдерін, мәдениетін қолдағандарыңызға рахмет айтамыз.
Әлеуметтік желіні қарап отырсаңыз, Германияда тұрып жатқан қазақстандық немістердің түрлі бейнежазбаларын көруге болады. Соның бірінен қазақтың ұлттық киімдерін – оюлы камзол, шапандарын киіп, «Қамажайға» билеп жатқан немістерді көрдік. Ортадағы үстел үстінде тұтастай отқа қақталған қой еті. Көңілді шарада тілектер қазақша айтылып жатыр. Мұның өзі олардың өткен өмір жолдарына деген риясыз сағыныштарын көрсетеді. Ал, бір бейнежазбада неміс отбасы қазақ Туын ауласына биік бағана басында желбіретіп, Әнұранымызды қосыла шырқап, құрмет көрсетіп жатыр. «Жерлестерге сәлем» дейді қолдарын бұлғап. Осындай құрметтің бәрі қазақ еліне деген алғыстан тұрады. 

Пікір қалдырыңыз