Оразкүл АСАНҒАЗЫ, мемлекет және қоғам қайраткері : «Атау, бренд дегеннің өзі – идеология»

– Оразкүл Асанғазықызы, зейнетке шықсаңыз да еш тыным таппайсыз, еліміздің түкпір-түкпіріне сапарлап, халықпен жиі кездесіп, дәріс оқисыз. Әсіресе, Сізді қыз-келіншектер көп шақырады. Жиырма бірінші ғасырдың әйелін не толғандырады?
– Отбасының мәселесі. Тұлғалық қалыптасу.  
– Сіздің дәрістеріңізден байқағанымыз, қыздардың арманы – әдемі келіншек болу. Әдемі келін деген қазақтың ұғымында қандай адам?
– Әдемі келіншек беті сырланған келіншек емес, жан-дүниесі терең келіншек. Ең әдемі келін – келіп түскен жерінің салт-дәстүрін сыйлайтын келін. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей,  әр отбасының да ұстанар салттары, ішкі «заңдары» болады. Келін  осылардың бәрін қабылдауға әзір болуы керек. Екіншіден, ата-ененің көңілін табамын деп келу керек. Қыз баланы қазақ кішкентайынан келін болуға әзірлейді. 
– Сіз Жамбыл облысы, Шу өңірінің қызысыз, оңтүстіктің Сарыағаш ауданына келін болып түстіңіз. Өзіңіз келін болуға қаншалық дайын болдыңыз?
– Менімен бірге Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында Сарыағаштың «Дарбаза» және Ленин совхоздарынан екі қыз оқыды, солардан осы елдің дәстүрін сұраймын. Олар мені қорқытқысы келе ме, осы дүние жүзіндегі барлық қиындықты айтады ғой. Жігітімді жақсы көріп тұрмын... 
Мен екі енеге келін болып келе жатқанымды білдім. Бірі алпыста, екіншісі жетпістен асып қалған. Ол кісілерге де абысын-ажындары «Алматыда оқыған қыз саған келін бола ма, сиырыңды сауа ма, сендермен бірге тұра ма, одан да тұрмысымызды білетін жақын жердің қызын алған жөн. Оқыған қыз балаңды қалаға алып кетеді» деп ақыл қосқан екен. 
Бұл әңгіме жолдасыма да айтылған шығар. Бірақ, ол кісі көнбеген сияқты. Содан үлкен енем (енемнің әпкесі) Алматыға барып танысты, көрді, содан соң «ойбай, мына қыздан айрылма» деген ғой. Мен де ауылда өскем. Қойшының қызымын. 4-курста қыздармен пәтерде тұрғанбыз. Бір апта бізбен тұрды, мен істеген тамақты ішті. Оқу бітірген соң құда түсіп, тойымыз Алматыда өтіп, өзім Сарыағашқа келдім. Жүкең оқуын жалғастырды. 
– Мамандығыңыз – физика және математика пәнінің мұғалімі, бірақ, сөзге шешенсіз. Бұл өнер қанмен берілген бе, әлде жүре келе меңгердіңіз бе?
– Иә, мамандығым – физик-математик. Әдемі сөйлеуді бізге кітап үйретті. Мектепте де, институтта да тым белсенді болдым. Оқу орнын үздік бітірдім. Институтта оқып жүрген кезімде Лениндік стипендиант атанып, факультетте комсомол комитетінің хатшысы болдым, сол кезде партия қатарына өттім. Тым белсенділігім ғой, келін боп түскенде мектепке мұғалім болып орналасып, мектеп директорлығына дейін көтерілдім. Он жылдан аса білім саласында қызмет еттім. Енелерім «айналайын, сен бізге келін ғана емес, елдің адамы екенсің. Алдыңды ашық қоямыз, бізді баладан қақпа, туып берсең, өзіміз бағамыз» деп батасын берген. Жүкең отбасында үш қыздың ортасында жалғыз ұл ғой. Тұңғыш қызымды енелерім бауырларына салды, осылай бес баланы өсірдік.
– Сарыағашта мектеп директоры болып жүрген жеріңізден Алғабас аудандық партия комитетінің хатшысы қызметіне көтерілдіңіз. Білім саласынан саясатқа топ ете қалдыңыз...
– Институтта жүргенде партия қатарына өттім дедім ғой. Партия қайда жұмсаса, сонда бару керек. 1985 жылы Алғабас аудандық партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалдым. Өмірімнің біраз жылы осы ауданда өтті.  Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болдым, халық депутаттары Алғабас аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрайымы болып сайландым. Саясаттағы жолым осылай басталған. 
– Алғабас ауданында қызметте жүргеніңізде біраз елді мекендердің атауының қазақшалануына жұмыс істедіңіз. Бұл жұмысты облыс орталығы Шымкент қаласына қызмет ауыстырғанда да жалғастырдыңыз. Жүсіпбек Аймауытовтың ұлын елге шақырып, әкесінің атындағы көшені аралаттыңыз. Орысша Ақмоланы қазақша Астанаға айналдыру жолындағы еңбектеріңіз ақталды ма?
– Әрине, еткен еңбегіміз ақталды деп ойлаймын. Бұрын астананы Ақмолаға көшіргенге дейін көше аттарының барлығы орысша болатын. Бүгінде еліміздің бүкіл қалаларының арасында көше аттары мен нысандарын  қазақылауда көш бастап тұр десек артық айтпаймыз. Санға шағып айтсақ, 96 пайызы қазақша. Осының бәрі сол атқарылған, жасалған еңбектің өтеуі деп ойлаймын. Өте ауқымды жұмыстар атқарылды. Мыңға тарта көшенің атауын, 700 нысанды қазақшаладық. Атауды өзгертіп қана қоймай, көше мерекесін өткізіп, сол көшеге есімі берілген тұлғаның кім екенін не болмаса, сөздің қайдан алынғанын таныстыру жұмыстарын ұйымдастырдық. 
2002 жылғы бір кездесуде  Тұңғыш Президентіміз «Ел жүрегін Арқа төсіне көшірудегі мақсатымыз – орыстанып  бара жатқан солтүстік аймақты қазақыландыру емес пе еді!» деп «Синема сити», «Европа  Палас», «Сити маркет» деген атауларға шүйлігіп, қатты сын айтты. 
Әншейінде тіс жармайтын орыс басылымдары, соның ішінде «Казахстан-ская правда» газеті  бұл мәселені көтеріп, «По Астане как по Бродвею»  деген тақырыппен сын мақала жариялады. Бұл тіл жанашырлары үшін жақсы қолдау болды. Газеттің он шақты данасын сатып алып, сол кездегі қала әкімінің орынбасарына барып, сын айтылды, енді нысандарды қазақшалайық деп  едім, қолдай қоймады. «Олар  көп уақыттан бері солай тұр, маңдайшалары солай ілініп, имидж қалыптастырып қойды. Оларды жазуға, жасатуға  біраз қаражат жұмсалады» деп бұлталақтады. Бірақ, мен  мойымадым, бір сәті түсер, бұл мәселе қалайда шешіледі деген сеніммен әлгі газетті сақтап қойғанмын.
2006 жылы Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы – қалалық ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары қызметіне келгенде Президент төрт жыл бұрын сынаған үш мекеменің басшысын шақырып, газеттегі материалды оқыттым. Олар «имидж қалыптастырып қойдық, жарнамаға қаншама ақшамыз кетіп еді» деді. Мен де табандап тұрып алдым. Қипақтаған жігіттер келісімге келіп, әдемі, айшықты ат қойып беруді өзімнен сұрады. Сөйтіп, әлгі нысандар, «Еуропа палас» – «Ақсұңқар», «Синема Сити» – «Самұрық», «Сити Маркет» – «Қазына» болып өзгертілді. Ол кезде жаңағы аталған нысандар Астанадағы ең беделді, алыс-жақыннан келген қонақ бір соқпай кетпейтін орындар болатын. Жақын және алыс шетелден келетін қонақтар тоқтайтын жерде қазақша атаудың болуы үлкен жетістік еді. Өйткені, атау, бренд дегеннің өзі  идеологияның бір құралы ғой. 
Міне, осылай елордада сол кезде  бас- аяғы 700 нысанның атауын өзгертіп, қазақшаладық. Бір қуанатыным, елордадан бастау алған айшықты атаулар басқа өңірлерде де қойылып жатты. 
Ал, енді, қазіргі жағдайға келетін болсақ, ілгерілеуден гөрі іркіліс басымырақ сияқты. Үгіт-насихат  тоқтап қалды. Тіл басқармасының басшысы қанша мықты болса да, қала әкімі қолдамаса болмайды. Менің бағыма сол тұстағы Астана қаласының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев керемет қолдады. Ал, Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов қала әкімі болған кезінде «ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс болды» десем де болады. Осындай басшылардың болмауынан да кейінгі кезде елордада қазақ тілінің өрісі тарылып,  деңгейі төмендеді.
Біздің кезімізде таза орыс мектептері аралас мектепке, аралас мектептер қазақ мектебіне айналды. Қазақтар ғана емес, өзге ұлттың өкілдері де баласын қазақ мектебіне бере бастады. Соңғы кезде мұндай қарқын өкінішке қарай, бәсеңсіп барады. Қарқынды үдету үшін халықтың санасы, рухы оянып, қазақ тілін барлық салада қолданысқа енгізуіміз керек. 
– 1995 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 2012 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайландыңыз. Бүгінде қоғамдық бірлестік төрайымысыз. Бірлестік қай бағытта жұмыс жүргізеді?
– Зейнетке шыққан соң тәрбие мәселесіне бет бұрдым, тіл туралы да айтып жүрмін. Instagram алаңын баста жеңіл-желпі, әнші-бишілердің қызылды-жасылды жастар қызықтайтын әлемі деп қабылдағанмын. Депутаттық корпуста жүргенде әлеуметтік желілерден парақша ашып, халықпен жақын, етене байланыста болу керектігі тапсырылғанда «не қажеті бар соның» деп үрке қарағаным бар. Байқасам, олай емес екен. Бұл – үлкен аудитория. Аллаға шүкір, өмірлік тәжірибе бар, қызбен қыз болып сырласа аламын, ұлға ұлағатты сөзімді арнаймын. Өнегелі отбасына келін болып түстім. Бес бала тәрбиелеп өсірген анамын. Отбасы құндылықтары, шуақ шашқан шаңырақтың жылуы жайында, жалпы, өзімнің көрген-білгенімді, өмірлік таным-білімімді жастармен бөлісейін дедім. Қазір, шүкір, оқырманым артып, күннен-күнге аудиториямның арнасы кеңіп келеді. Байқап отырсам, тіл туралы лекция-сұхбаттарымды да, отбасы құндылығы туралы әңгімелерімді де аудитория қабылдап, бағалауда. 
Тікелей эфирлер өткізіп жүрмін. Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжанмен тікелей эфир жүргіздім, эфирден кейін Динараның парақшасына жазылған базбір орыстілді отбасылар балаларын қазақ мектебіне бере бастады. Осының өзі – жеңіс. Осының өзі Instagram желісінің күшті құрал екенін көрсетеді. Осы әлеуметтік желідегі әңгіме-сұхбаттардың әсерінен кейін «тірі», оффлайн кездесулер басталды. Оқырмандар статусың жай ғана зейнеткер болғанына қарамай, құрметтеп, бару-келу жол шығыныңды төлеп, өздері ұйымдастырып жатады. Көрсеткен  құрмет-қошеметтері депутат кезімде көрген құрмет-қошеметтерден кем емес. Халқымның алақанына салып аялағанына алғыстан басқа айтарым жоқ, әлбетте.  Қоғамдық ұйымның мақсаты осы.
– Қайсар мінезді, қайраткер қазақ қызының отағасы туралы айтпай кетуге болмайды. Отағасын оқырмандарымызға жақсылап таныстыра кетсеңіз?
– Отағасы – Алмантай Жора Тойлыбайұлының мамандығы – зооинженер. Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері.  Ұзақ жылдар бойы партия, совет қызметінде болды.  Аудан әкімінің орынбасары, Шымкенттегі «Асыл» мекемесінің басшысы, республикалық «Асыл – түлік» АҚ басшысы қызметтерін атқарды. Қазір зейнеткер. Бес баламыз, жиырма немереміз, бір шөбереміз бар.
– Тағлымды, мазмұнды әңгіме-сұхбатыңызға рахмет! Жетпіс жасқа келген мерейтойыңыз құтты 
болсын!

Сұхбаттасқан 
Бейсенкүл НАРЫМБЕТОВА, журналист.
Пікір қалдырыңыз