Бүгінгі Медеяларға сабақ болса екен...

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында француз драматургі Жан Ануй мен неміс драматургі Хайнер Мюллердің (аударған – Өтен Ахмет) «Медея–Филоктет» драмасының премьерасы тұсауын кесті. Оны режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов сахналады. Сахнаға әр берген сценограф – ҚР мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмағұлов.

«Медея–Филоктет» оқиғасы қанды шайқастардан көз ашпаған көне грек елінде өтеді. «... Мөлдіреген сәби көздер – қандыауыз қақпандар! Адам басты кішкентай жыртқыштар. Тоңдыңдар ма? Жүріңдер, аналарыңның құшағына кірсеңдер болды, қорқуды ұмытасыңдар...» деп Медея күйеуі Язонның сатқындығын кешіре алмай, өз балаларын өлімге қияды. Басты рөлді ҚР мәдениет саласының үздігі Б.Қожамұратова мен Ж.Баймұрзаева сомдады. Әртістер Медеяның махаббатын, ішкі жан азабын, ызасын көрерменге сенімді де шебер жеткізе білді.  
Шынында да, Медеяны тамашалап отырған адам оған не ашуланарын, я болмаса оны не аярын білмей дал болады. Әсіресе, ішінен шыққан баласын өз қолымен тұншықтыра бастағанда тұла бойың бір ысып, бір суиды. Осы эпизодтың өзі-ақ нәрестесін әжетхана мен қоқысқа лақтырып тастап кетіп жатқан бүгінгі Медеяларды көз алдыңа әкеледі. Олардың қатыгездік танытудан кешегі Медеядан бір мысқал да қалмайтыны жүректі сыздатады.
Медея қойылым басталғаннан соңына дейін сахнадан түспейді. Жан Ануй мен Хайнер Мюллердің екі бөлек туындысының желісі бойынша біріктіріліп қойылған дүние арқылы режиссер көрерменге сатқындықтың соңы неге апарып соқтыратынын түсіндіруге тырысады. 
Келесі кейіпкер – бүгінгінің Одиссейін О.Мұсабеков пен Е.Аманғалиев сомдады. Ол соңынан ерген аңғал Неоптелемді (оның рөлін Н.Орынбек пен А. Төленов ойнайды) жауы Филоктетке айдап салады. Бұл дүниеде Филоктеттің көзі тірі тұрғанда өзіне күн жоқтығын түсінген Одиссей одан өш алуға бекінеді. Бірақ, ол өзгеге құрған айласының түбінде өзін іздеп табарын ойламайды. Филоктет қапыда Одиссейдің қолына түскеніне күйінгеннен:
«...Тірі күйде қуып жетпес болған соң.
Қанша жерден тырнасаңдар, қан-жынымды тастағы
Одан бәрібір түк шықпас.
Итке ит өлімі, деп айтады сендейлерге» деп ашынады. Жауыздың азғыруына алданғанын кеш түсінген Неоптелем әділдіктен аттап кеткісі келмей:  
Мен бойымдағы бар қасиеттен айырылдым,
Сенің кесіріңнен, қанішер, өтірікші, қарақшы. 
Басқаша болғанда ғой бәрі де... – деп Одиссейге қанжарын сілтегенде  сатқындық пен опасыздық түп тамырымен жойылғандай күй кешіп, терең тыныстайсың. Автордың айтар ойы да осы. Қатыгез адамдардың өздері құрған қақпанға түбінде өздері түсетіндерін жеткізу болатын.  
2022 жылды шаниндіктер әлемдік драматургиядан бастады! Сахна – Сіздермен көрікті. Келіңіздер, көріңіздер! 

Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлім меңгерушісі, драматург.
Пікір қалдырыңыз