Мықты мұғалім қандай болуы керек?

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы». Адам баласы дүниеге келгеннен бастап өмірді танып, білуге ұмтылады. Онсыз өмірді мағыналы сүремін деу мүмкін емес шығар... Осы тұрғыдан алғанда ұстаз деген ұлы есім адамзаттың шырақшысындай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде мұғалімдер мәселесін де қозғай кетті. Президент мектептерде мықты мұғалімдер ортасын қалыптастыру керектігін атап өтті.
Мықты мұғалімдер тобын қалыптастыру мәселесі бір мектептің немесе білім ұйымдарының ғана ісі емес, мемлекеттік тұрғыда қолға алынуы тиіс шаралардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының сөзі дәл уақытында айтылды. Енді сол мықты мұғалімдер тобын қалыптастыру үшін не істеу керек? Мықты мұғалім дегеніміз қандай болуы керек? Осы сауалдар төңірегінде білім саласының дамуына атсалысып жүрген мамандардың, ардагер ұстаздардың пікірін білген едік.

Хамит ЕЛЕМЕСОВ, ардагер ұстаз:

– Мұғалім – мектептің жүрегі. Жас ұрпақты білімге шақырып, тәрбиелеп өсірген мұғалімдердің еңбегі ешқашан өшпейді. Алайда, мұғалім заман дамыған сайын тек шәкірттің қабілетіне қарай талап қоймайды, ендігі жерде өзінің де әдістемелік әлемін өзгертуіне тура келеді. ХХІ ғасыр білім мен ғылымның ғасыры деген күннің өзінде адам баласы бір саланың ғана маманы болып қалмау керек. Яғни мұғалім әмбебап болуы керек. 
Жаңа ғасырдың мұғалімі кез келген проблеманы өзіне қабылдай отырып, тәуекелге баруға дайын болу керек. Оның бойындағы осынау қасиеті өзгелерге үлгі болады. Мұғалім ұғымының өзі өзгеге үлгі болуға үйретеді. 
Мұғалім тек білім беріп қана қоймай, алдында отырған әр шәкірттің психологиясын зерттей білуі керек. Топтан бөлек, әр шәкіртпен жеке-жеке жұмыс істеген ләзім. Өйткені, әркімнің қабілеті әртүрлі. Ал, топтық жұмыс кезінде оқушыны бірін кем, бірін артық көрмегені абзал. 
Педагог сөзінің өзі тәрбие мен ұстаз ұғымына етене жақын. Ендеше, мұғалімнің өзі білікті әрі сауатты педагог болғаны дұрыс. Шәкіртке түрлі әдістер арқылы тәрбие беру, білім нәрімен сусындату ең маңызды мәселе. 
Бүгінгі таңда мұғалімдердің тек қана сабақ беріп, лекция оқумен шектелуі шәкіртті қанағаттандыра алмайды. Мұғалім өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен қоса сол ортада көшбасшы бола білуі керек. Қоғамды соңынан ертуге қауқарлы, ісіне берік әрі тиянақты болғаны жөн. Көш бастау әрине, қиын, дегенмен, бұл жаңа дәуірдің талабы. 
Классикалық кітаптың, қалам мен қағаздың дәурені өтіп бара жатқаны шындық. Дегенмен, кітаптың құндылығын айта отырып, оған шәкіртті қызықтыру үшін бүгінгі мұғалім заманауи инфрақұрылымдарды, техниканы меңгеру керек. Соның ішінде компьютердің ішкі жүйесін, офистік бағдарламаларды, электронды тақталарды игеру арқылы жаңа заманға бейім жастардың көңілін аулап, сабақты қызықты өткізе алады. 
Мұғалім рухани құндылыққа бай болу керек. Ол сол елдің ұлттық болмысы мен табиғатын бала бойына терең сіңіруге, отансүйгіштікке тәрбиелеуге таптырмас құрал. Ұстаздың жан дүниесі рухани тәлімге толы болса, шәкіртке құйған біліме де далаға кетпек емес. 

Әбдіжәлел Асқаров, Келес аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы:

– Қазіргі заман мұғалімі бұрынғы мұғалімдерден ерекше деп айтуға болмас. Мақсат пен мүдде өзгермейді. Қай кезде де мұғалім, ұстаз білімімен, болмыс-бітімімен  үлгі және осы киелі  ұғымға кір келтірмеуге тиіс. Киелі деп айтуға толық құқылымыз, себебі, қай ел, қай заманда болмасын, білімді адамға және сол білімді өзгелердің бойына егуші адамға құрмет көрсеткен. Сондықтан ұстаздық  – ол бойға қанмен сіңген игі қасиет болуы тиіс.
Мұғалім – тек қана білім беруші ғана емес, дұрыс жолды бұрысынан айыра білуші, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беруші. Кез келген ақпаратты мақтадай сіңіруші жас буынға дұрыс ілім беріп, жол көрсететін, мәнсізден мәндіні саралап көрсететін, қажетті ақпаратты нұсқаушы – осы мұғалімдер.
Ал, осындай сенім артылған мұғалімдеріміз осы үдеден шығып жүр ме? Осы сұрақ қойылғанда педагогтардың көпшілігі «жер шұқып» қалады. Мемлекет тарапынан мұғалімдерге жасалынып жатқан жағдайдың ауқымы орасан. Әр жарты жыл сайын жалақылары өсуде. «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданып, ұстаздарды қоғамдық жұмыстан, басы артық шаруалардан босатты.
Сол заңды өзіне қалқан етіп алған ұстаздар «мұғалім сенбілікке шықпасын, мұғалімдер газетке жазылмасын» деген сияқты ұрандарды жиі көтеріп жүр. Айналайын-ау, сенбілікке шықса, жұмысынан тыс уақытта, түптеп келгенде, өзі тұратын ауланың, көшенің, мекеннің аумағын тазалайды емес пе?! Өз мекенінің тазалығына 1-2 сағатын қимаған ұстаздар оқушыларға қандай тәлім-тәрбие береді? «Қоршаған ортаны, табиғатты таза ұстайық, балалар» деп қай бетімен айтады?
Ұстаз – ұлттың интелигенциясы. Ал, газет-журнал ашпаса, ізденбесе, оқымаса, ол қалай интелигенция өкілі болады? Телеарнадағы түрлі шоулар мен әлеуметтік желідегі өсек-аяңдарды аңдып жүргендер де интеллигент бола ма екен?!

Ержан КЕРІМБЕКОВ, ОҚМПУ-дың ғылыми және инновациялар жөніндегі проректоры:

– Баршаңызға белгілі, Президентіміз елімізде орын алған оқиғаға байланысты Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына қатысып, бірақтар мәселелерді қозғаған болатын. Оның ішінде мықты мұғалімдер қалыптастыру керектігін де атап өткен. Меніңше, дәл осы қаңтар оқиғасына байланысты мәселелер сөз болған жиында Мемлекет басшысының мұғалімдер жайлы сөз қозғауы тегін емес. Негізінен әлеуметтік проблемалардан басталған шерудің соңы бұзақылық әрекеттерге ұласып жатты. Бұл біздің әлеуметтік салада ғана емес, білім саласында да уақытқа есе жіберіп алғанымызды көрсетеді. Неге дейсіз ғой? Еліміздің әр өңірінде көшеге шеруге шыққандардың көпшілігі жастар екені айтылуда. Ал, сол жастар қандай мұғалімнен тәрбие алды? Оларға мектеп кезінде қандай мұғалім бағыт-бағдар берді? Осы сұрақ алдыңғы қатарға шығуы керек деп ойлаймын. Мықты мұғалімнен білім алған, тәлім терген, тәрбие көрген жас мемлекетінің мүлкіне қол салмайды, өртемейді, қиратпайды. Мықты мұғалім шәкіртін отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуі керек қой. Біздің білім саласында жіберген негізгі олқылығымыз осы болып тұр.
Өткен іс өтті. Енді не істемек керек? Мықты мұғалімдер тобын қалай қалыптастырамыз? Осыны ойланбақ керек. Қазіргі таңда мұғалімдердің біліктілігіне қатысты түрлі сын айтылып жүргенін білеміз. Ол сыннан министрлік тиісті қорытынды шығарып жатыр ма? Меніңше ілгерілеу қадамдары бар. Мәселен, көпбейінді жекеменшік жоғары оқу орындарының білім беру сапасына терең зерттеулер жүргізілді. Соның нәтижесінде бірқатар ЖОО-лар сынақтан өте алмай, лицензияларынан айырылды. Яғни саннан сапаға көшу жолдары байқалады. 
Айта кетерлік тағы бір жайт, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр Жолдауында педагогикалық оқу орындарының мәселесіне тоқталып жүр. Оның ішінде педагогикалық оқу орындары тек бір бейінде болуы керек деген мәселені алға тартады. Расымен де ұстаздарды даярлайтын оқу орны көпбейінді болмауы керек. Тек бір іспен, педагогтарды даярлау ісімен айналысуы керек. Ал, ол үлкен жауапкершілікті талап етеді. Болашақ ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар десек, ол ұстаздар осындай педагогикалық оқу орындарында тәрбиеленеді. Яғни мұндай білім ордаларының жүгі екі есе ауыр.
Ұстаздардың сапалық көрсеткішіне келер болсақ, Білім және ғылым министрлігі былтырдан бастап «Ұлттық біліктілік тест» жүйесін енгізді. Мектепке мұғалім болып орналасқысы келетін кез келген педагог осы тесттен өтуі қажет. Бұл педагог даярлайтын ЖОО-лар арасында да бәсекелестікті арттыруға сеп болды.
Отандық, халықаралық озық тәжірибелерді пайдаланып, білім сапасын арттыру ісі де қолға алынған. Мемлекет тарапынан мықты мұғалімдер қалыптастыруға деген алғышарттар жасалынған. Тек пісіп-жетілуі тиіс мәселелер бар. Олардың бәрі уақыт еншісімен шешіледі деп ойлаймын.

Сауалнаманы жүргізген Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Ońtústik Qazaqstan».

1 пікір

  • Қадамбай Айсезім
    Қадамбай Айсезім

    Мұғалім болу қиын емес

Пікір қалдырыңыз