Театрға барасыз ба?

Жиналыстан шыға сала, редакцияның тапсырмасымен Шымкенттегі оқу орындарына қарай бет алдым. «Сіз театрға барасыз ба?» деген сауалды студент жастарға қоюға асығып келемін. Сол сәтте өзім бірнеше күннен бері хабарласып жүрген ОҚМПУ-дағы жастар бөлімінің меңгерушісі Бекдәулет Тасболат қоңырау шалып қалып еді, оған да: 
– Бека, осы сен театрға барасың ба? – дедім.
– Иә, барамын. 
– Онда айтшы, соңғы рет қай спектакльді көрдің?
– «Сыған серенадасы». Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры қойды. Жай сұрап жатырсыз ба?
– Жай-жай. Сүйікті әртісің кім?  
– Руслан Нұрманов пен оның жұбайы Жәудір Сарыпбекова. Олар қазіргі таңда бірнеше қысқаметражды фильмдерге түсіп үлгерді. 
– Бека, тағы бір сұрақ қояйын. Режиссерлерден кімді білесің?
– Мақсат Айтжанов. 
– Ааа. Жақсы. Университетке театр билеттері келіп тұра ма? Оны студенттерге таратасыңдар ма?
– Әрине. 
– Шыныңды айтшы, бүгінгі студенттер театрға бара ма? 
– Негізінен филология факультетінің студенттері барады. Бізден билетті де сұрайтын солар, –  деді.
Мақсатым театрға ерікті түрде баратын жастарды табу болғандықтан, бірнеше аялдаманы артқа тастап, жаяулатып М.Әуезов атындағы ОҚУ мен ОҚМПУ-дың маңына жақындадым. «Гарант» сауда үйіне қарсы беттегі аялдамада екі студент қыз автобус күтіп отыр екен. Қастарына келіп:  
– Қыздар, сендерге сабақ болмай ма? Сағат әлі 10.00 бола қойған жоқ. Университеттен қайтып бара жатқандарың қалай?
–  Бізде сессия біткен. Жатақханадан біраз заттарымызды алып қайтып барамыз. Өткенде елде болған жағдайға байланысты қалаға жақын аудандарда тұратын студенттерді үйлеріне ертерек жіберді ғой. Біз жолға енді шығып жатырмыз.   
– Ааа, солай ма? Қыздар, сендер театрға барасыңдар ма?
– Қай уақыт екені есімде жоқ. Бір рет универден жіберген еді ғой, – деп бірі екіншісіне сұраулы жүзбен қарады. Ал, осы кезде оның маған жалт бұрылып: 
– Қай театрға? Билет бересіз бе?, – демесі бар ма? Езуіме еріксіз күлкі үйірілді. Өкінішке қарай, бүгінде өз қалталарынан билет сатып алып, спектакль көріп, рухани байып қайтатын жастардың көп емес екенін осыдан-ақ байқағандай болдық. 
Жасыратыны жоқ, қазір театрлар оқу орындарымен, мекемелермен, кәсіпорындармен байланыс орнатып, көрермен тартып жүр. Одан қалса, «Facebook», «Instagram» сияқты әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларына да репертуарларын салады. Біздің айтпағымыз бұл емес. Жастардың театр қойылымдарын көруге деген құлшыныстарының қандай екенін білу болатын. Студенттерге демалыс уақыты болғандықтан, көшеден жастарды көп кездестіре қоймадым. Сондықтан  ендігі бағытым Шымкенттегі көрікті аймақтың бірі – «Арбатқа» қарай жол тарттым. Көзім қол ұстасқан қос ғашыққа түсті. Әдемі әңгімелесіп отыр. 
– Сізді мына бозбала театрға шақырды ма? – дедім, амандасып болған соң бойжеткенге қарап. Ол жылы жымиып: 
– Жоқ, – деп жауап қатты. Оларға мұны сұрағандағы мақсатымды айтып едім: 
– Оған уақыт болмайды менде. Қай театрға? – деді бозбала баяғы сабырлы қалпынан айнып, қабағы қатайыңқырап. 
– Міне, мына, – деп қол созымдай жерде тұрған афишаларды нұсқап көрсеттім. Онда «Шымкент қалалық опера және балет театрының», «Шымкент қалалық орыс драма театрының» және «Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының» қаңтар мен ақпан айларына арналған репертуарлары ілінген екен. Осыны көрген бойда бозбала:     
– Жұмыстан соң, театрға барып демалып, спектакль көріп қайтсақ болады екен ғой шынында да. Бірақ, біз кеш шығамыз, – деді. 
– Қайда жұмыс істейсіңдер?
– Балаларға арналған ойын-сауық орталығында. 
– Жалпы театрға барып көрдіңдер ме?
– Жоқ. Бірақ, онда қалай болатынын елестете аламын, – деді бозбала.  
– Достарың ше? Олар да театрға мүлдем бармаған ба? 
– Ой, сіз де қоймайды екенсіз! Олар да бармаған. Сабақтан соң бәріміз өз жұмысымызға кетеміз. Біріміз кафеде, екіншіміз дүкенде жұмыс істейміз. Бос болсақ, бармаймыз ба театрларға? Бірақ, автобустарда, аялдамаларда эстрада жұлдыздарының концерті, әзіл-сықақ театрларының қойылымдары жайлы ғана афишаларды көреміз. Ондайларды интернеттен-ақ тамашалаймыз ғой. Бізге қызық емес. Мынадай мазмұнды, ой саларлық дүниелер неге жарнамаланбайды осы? Болды, енді мен сені театрға шақырамын, – деді бозбала бойжеткенге бұрылып. Бір мақсатым орындалып, екеуі театрға кіріп бара жатқандай қуандық.    
Театр – мәдени орта. Адамдарды ізгілікке тәрбиелеп, олардың ойын ұштап, рухани өрісін кеңейтетін жер. Сондықтан Арбатта біраз уақыт аялдап, ары-бері өткен жастардың «Театр репертуарлары» деген жазуы бар тақтайшаға қаншалықты назар аударып жатқандығын бақыладым. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясынан шыққан үш-төрт студент «Арбатқа» қарай бет алды. Өзара әңгімелесіп бара жатқан олар афишаға көз қиығын да салған жоқ. 
Театр туралы айта бастағаннан бетіме бір қарап өте шыққан жастар да болды. Менің сұрағым қызық болып көрінгенімен, астарында бірнеше мәселенің қылаң беріп тұрғаны анық-ақ... Оны енді өзіңіз, пайымдай беріңіз, оқырман!
Пікір қалдырыңыз