Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының ҮНДЕУІ



Құрметті отандастар! Қадірлі жерлестер!

Елімізде болып жатқан оқиғаларға Түркістан облысындағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері де қатты алаңдаулымыз.

Қазіргідей күрделі уақытта парасаттылық, саналылық қажет екенін күн сайын түсініп отырмыз. Ең бастысы, елдің бірлігі мен тыныштығы ауадай қажет.

Еліміздегі қалыптасқан ахуал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті бақылауында екенін телеарналардан көріп-біліп отырмыз. Құқық қорғау органдары да ел тыныштығына іріткі салған лаңкестермен белсенді күрес жүргізуде. Ел тағдыры сынға түскен сәтте ерікті азаматтар да қолынан келген көмегін беріп жатыр.

Президент халыққа арнаған Үндеуінде ахуалды тұрақтандыру үшін нақты тапсырмалар бергенін және жағдайдың тұрақталып келе жатқанын айтты. Еліміздің даму жолында алдағы уақытта қажетті іс-шаралар мен реформалар ұсынатынын алға тартты. Бұл өзгерістер ел азаматтарының әлеуметтік жағдайын жақсартатыны анық. Осы орайда, Президенттің шешімдеріне қолдау білдіріп, елдің береке-бірлігін бекемдей түсу аса маңызды.

Ел тұрғындарына айтарымыз, қазіргідей беймаза шақта жұрт арасына кірген лаңкестерден сақ болайық. Арандатушылық пен төбелес мәселені шешпейді, керісінше тығырыққа тірейді. Мұны халық түсінуі керек. Мемлекет мүлкін өртеп, дүкендерді тонап, қиратып жүргендердің мақсаты бөлек. Сондықтан арандап қалмайық, тәртіпсіздікке жол бермейік!

Ардақты әлеумет!

Тәуелсіз Қазақстан – әлемге береке-бірлігі жарасқан көпэтносты және көпконфессиялы қауымдастықтың өзіндік үлгісі ретінде танымал. Бұл ретте, Тәуелсіздігіміздің тұтастығын көзіміздің қарашығындай сақтау – әрбірімізге абыройлы міндет.

Халқымызда «Бақыт, қайда барасың? Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген ұлағатты сөз бар. Ынтымақ кеткен жерден байлық кетеді, бірлік кеткен жерден береке кетеді.

Отаны бірдің, тілегі бір, жүрегі бір. Көп ұзамай бейбіт өмірге ораламыз деген сенімдеміз. Басқа түскен сынақты бірге еңсерейік, отандастар! Ортақ шаңырағымыздың беріктігі мен елдің тыныштығынан асқан бақыт жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның тұғырының нық болуына баршаңызды жұмыла үлес қосуға үндейміз.

Біз әрқашан да Президентпен біргеміз!

Пікір қалдырыңыз