«Алаңдайық, алайда, арандамайық»



Айналайындар, Ағайындар!
Ашу-араздыққа бой алдырып, қанқызулыққа салынып, сабырдан айырылып, қасқа жолдан қайырылып қалмайық.
Дүние дүрліккен, әлем әуекіленген мына заманда еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығы ең басты құндылық. Абай данышпан: «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай, тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай? Қазақтың шын сөзге нанбайтұғыны несі?» деме пе еді?!
Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық», - деді емес пе?! Талай да талай тағылымды тірліктер жасалып-ақ жатыр ғой. 
Кешелі-бүгінгі жағдаяттарға байланысты да Президент тиісті тапсырмалар берді. Арнайы комиссия құрылып, іске кірісті.
Алаңдайық, айтайық. Бірақ байқайық. Арандауға алданып, басқалар аңғалдығымызды малданып кетіп жүрмегей. Тыныштығымыздың, Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін бағалай білейік, бауырлар!


Мархабат Байғұт – жазушы-журналист, Халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының лауреаты.
Пікір қалдырыңыз