Көреген басшы көш бастайды

Қазақстанның мемлекет болып, керегесінің кеңеюі Елбасының көреген саясатының арқасында жүзеге асқаны баршамызға аян. Мемлекет игілігі үшін, Қазақстанның асқақ болашағы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2021 жылы 23 қарашада «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын жариялады.

Елбасының жас ұрпаққа жолдаған Үндеуі біздің бабаларымыздан қалған мұрамен астасып жатқанын ерекше атап айтуымыз керек. Ол жеті қағидатында 30 жыл толып отырған тәуелсіздігімізді сақтау – басты құндылығымыз екенін айта келіп, тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана әрбір қазақтың арман-мақсатының орындалуы мүмкін екенін ескертеді. Әрине, Тәуелсіздік – бізге және болашақ жастарға бабалардың қалдырған баға жетпес  аманаты. Осы аманатты көздің қарашығындай сақтау – әрбір азаматтың басты парызы. 
Елбасы Н.Назарбаев бесінші қағидатында «Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани байлықтың маңызы зор» деп баса айтты. Ұлттық құндылықтарды сақтап, қорғау, жаңғырту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Өскелең ұрпақты ұлттық игіліктер мен адами құндылықтар, рухани-мəдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу аса маңызды
Халқымыздың «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген нақыл сөзі бар. Елбасы алтыншы қағидатында еліміздің жастарын білім алуға, ғылым жолына түсуге шақырады.
Тарихи маңызы бар қағидаттар тек қана жастарымызға емес, барша қазақ еліне рухани серпін береді. 

Үрзия ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ,
«Отырар» мемлекеттік археологиялық  музей-қорығының баспасөз хатшысы.
Пікір қалдырыңыз