Теңге осылай шыққан!

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Биыл ел тәуелсіздігіне отыз жыл толып отыр. Осынау отыз жылда Қазақстанда көптеген тарихи оқиғалар, көзайым жаңалықтар, елеулі естеліктер орын алды. Соның бірі – қазақтың төл теңгесінің қалай дүниеге келіп, айналымға қалай шыққаны өз алдына бір тарих.


Рас, бұған дейін де алыс-беріс, барыс-келіс жасаған, сауда-саттықпен айналысқан қазақ елінің өз ақшасы болған. Айталық, Сырдарияда, Отырар алқабында түркі билеушілері, ал, Жетісуда түргештер 7-8 ғасырларда өз ақшаларын шығарғаны тарихтан белгілі. Отырар мен Исфиджабта монет сарайлары жұмыс істегені де рас. Оныншы ғасырлардың ортасы мен сегізінші ғасырларда қалалар тез өсіп, тауар өндірісі мен сауда көлемі ұлғая түсті. Ұсақ бөлшек саудада көбіне мыс фельстер қолданылды. Алтын монеталар да айналымға түсті, бірақ ол саудада дара түрінде ғана емес, салмағына қарай пайдаланылды: монетаны қажетіне қарай кесектеп сындыратын болған. ХІV ғасырдың соңынан бастап Қазақстанда Әмір Темір монеталары айналымға енді. Бұлардан басқа Қазақстан қалаларында саудада Самарқан, Бұхара, Ташкент монеталары, негізінен, мыс динарлар пайдаланылды. Қазақстан ақшасының бұрынғы тарихы міне осындай. Ал, бүгінгі теңгемізді Тәуелсіздік тарту еткен көптеген баға жетпес байлығымызбің бірі десек жарасады. 

Иә, 1993 жылы 15 қараша күні тәуелсіз Қазақстанның төл теңгесі ресми айналымға енгізілді. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында ерекше күндердің бірі ретінде белгіленіп, жылда аталып өтіледі. 

Жалпы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ұлттық валютаны қалай енгізді? Осыдан 28 жыл бұрын болған бұл жаңалық елге қалай әсер етті? 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 12 қарашада Ұлттық валютаны енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Сол күні кешке телеарна арқылы өзіміздің төл теңгеміздің айналымға шыққаны жайлы айтулы жаңалықпен елді құттықтады. Президенттің үндеуімен үндес жарлықтар, қаулылар және теңгені айналымға енгізу туралы нұсқаулар ертеңіне баспасөз құралдарының басты тақырыбына айналды. Қалың ел көзайым жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдады. Назарбаев өз Үндеуінде мұндай елеулі оқиға әр елдің тарихында бір-ақ рет болатынын мәлімдей келе «Ұлттық валютаны енгізу қажеттілігін барлығымыз түсінуіміз қажет. Біз үшін бұл оқиғаның тек экономикалық емес, сондай-ақ саяси мәні де жоғары» деді. Елбасы ұлттық валютаны енгізу себебіне де кеңінен тоқталды. «Біз жағдайды мұқият таразылап, жеке валютамызды енгізу туралы шешім қабылдадық. Бұл экономикалық одақ жөніндегі келісімшарттың негізгі ережелеріне қайшы келмейді. Біз ашықтық қағидаларын басшылыққа ала отырып, Ресей мен өзге де Достастық мемлекеттерін мұндай қадам жөнінде уақытында ескерттік. Өкінішке қарай, бүгінде стратегиялық мүдделер екінші орынға түсіп қалды және қалыптасқан жағдайларға байланысты барлығымызға міндетті межелеу мен жеке валюталарымызды енгізу кезеңі арқылы интеграцияға беттеуімізге тура келеді. Сондықтан да ұлттық валютаны енгізу туралы қабылдаған шешімім – қалыптасқан жағдайдан шығудың жалғыз жолы» деді Н.Назарбаев.

Теңгенің алғашқы партиясы Англияның әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылған. Оны елге тасымалдау үшін төрт «ИЛ-86» ұшағы Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынаған көрінеді. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген екен. 

Бұл жайында Елбасы бір естелігінде былай дейді «Төрт «Ил-86» ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон – Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасады. 12 қараша ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Сегіз күнде теңге еліміздің түкпір-түкпіріндегі банктерге таратылды. Бәлкім дүние жүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар...»

Осылайша, 1993 жылдың 15 қарашасында таңғы сағат 8:00-де Қазақстан аумағында мемлекеттің өз ұлттық валютасы – теңге айналымға шығарылды. Валюта бағамы белгіленді. Сол сәтте 4,75 теңге – 1 доллар немесе 1 теңге = 500 рубль болып белгіленді.

Пікір қалдырыңыз